Ербол Қарашөкеев меркіліктердің мәселелерін тыңдады

59

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданының тұрғындарымен кездесті.

Кездесу алдында өңір басшысы ақын, қаламгер Шырын Мамасеріковаға «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалін салтанатты түрде табыстады. Ербол Қарашөкеев қаламгердің қазақ әдебиетінің дамуына қосқан сүбелі үлесін атап өтіп, 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттерге кеңінен тоқталып, оларды жүзеге асыру бағытында нақты қадамдар қолға алынатынын айтты. Сонымен қатар тұрғындарды өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарланған жобалар туралы жан-жақты хабардар етті.

2025 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында облыстың экономикалық өсімі 11,4 пайызды құрады.

Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі – 391,7 млрд теңге.

Инвестициялық қоржында жалпы құны 3,5 трлн теңгеден асатын 62 жоба бар. Бұл жобалар 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асырылып, 6,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Тек 2025 жылдың өзінде 161 млрд теңгеге 26 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1 100-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылмақ.

Биыл өңірде 640 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Жыл соңына дейін 3,8 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көзделген. Алғашқы 8 айдың ішінде 214,2 млрд теңгенің өнімі алынды.

– Ауыл шаруашылығы саласының болашағы зор. Күні кеше қант зауыты мен ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорынның құрылысы басталды. Бұл екі ірі жобаның жалпы құны – 120 млрд теңге. Аталған бастамалар тек облыс үшін ғана емес, жалпы республика деңгейінде индустрия және ауыл шаруашылығы салаларының жаңаша қарқын алуына, салаларды әртараптандыруға серпін беретіні сөзсіз, – деді өңір басшысы.

Тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Жаңа тұрғын алқаптар мен шағынаудандар бой көтеруде.

Жыл басынан бері 403,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жоспар – 765 мың шаршы метр.

Қазіргі таңда жалпы ауданы 204,6 мың шаршы метрді құрайтын, 2 190 пәтерлік 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 44-і жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бүгінге дейін 480 пәтерлік 9 әлеуметтік тұрғын үй пайдалануға берілді.

Сонымен қатар көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 113 пәтер сатып алынды (жоспар – 1 415 пәтер).

Жалпы жыл соңына дейін 1 505 әлеуметтік осал санаттағы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл ауылдық елді мекендер мен қалаларды 100 пайыз сапалы ауызсумен қамту көзделген. Газбен қамту деңгейі халық санына шаққанда 91,8 пайызға жеткізіледі.

Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 31,7 мың адам тартылды.

Өңір басшысы ауданға келіп жатқан жастарға, әсіресе жас мамандарға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ туризм саласының әлеуетін арттыру, осы бағыттағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажеттілігіне ерекше тоқталды.

Басқосуда Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов халық алдында есеп берді.

Кездесу барысында тұрғындар көкейлерінде жүрген бірқатар мәселені көтерді. Олар білім беру, денсаулық сақтау, жер қатынастары, жол жөндеу және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Ербол Қарашөкеев бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, барлық сын-ескертпе мен ұсыныс бойынша тиісті іс-шаралар жоспары әзірленетінін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі Меркі ауданы әкімдігіне жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды, тұрақты жұмыс орындарын ашуға негіз болатын кәсіпорындарды дамытуға басымдық беруді, ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды кеңінен енгізуді, қылмыстың алдын алу және жол-көлік қауіпсіздігін сақтау бағытындағы профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырды.

Бұдан соң облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірдің барлық деңгейдегі әкімдері 478 кездесу өткізіп, оған 26 мыңнан астам тұрғын қатысқан.

Жамбыл облысының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.