Еліміздің басты байлығы — адам. Халқымыздың денсаулығын сақтау, өмір сүру сапасын арттыру бағытында елімізде ауқымды жұмыстар қолға алынған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласында тиімді модель қалыптастыру арқылы барлық елді мекендерді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтуды тапсырған болатын. Осыған сәйкес бұл бағытта ауданымызда жүйелі жұмыстар жүргізілуде.![]()

Осы аптада Диқан-2, Тегістік және Базарбай елді мекендерінде жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілді.
Жаңа нысандардың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек, аудан әкімі Олжас Баққараев қатысып, жаңа ғимарат ел игілігіне қызмет ете беруін айтып, қуаныштарымен құттықтады.![]()

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова ауыл медицинасының дамуы стратегиялық маңызы бар мәселе екендігін, денсаулық сақтау нысандары халықтың тұрмыс сапасын арттырып, өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталғандығын атап өтіп, ауыл халқына мықты денсаулық тіледі.
-Жамбыл облысы бойынша көптеген денсаулық сақтау нысандары ашылуда. Соның бірі-Диқан-2 ауылындағы нысан. Осы пунктің ашылуы арқылы ауылдағы 800-ден астам адам сапалы медициналық көмек ала аласыздар. Мұнда алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған барлық жағдай жасалған,-деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек.
Байзақ ауданында 44 денсаулық сақтау нысаны жұмыс жасайды. 2024 жылы үш медициналық нысан пайдалануға берілсе, енді тағы үш нысанмен толығып отыр.
— Ауыл тұрғындары аудан орталығына бармай-ақ алғашқы медициналық көмекті фельдшерлік-акушерлік пункттерде ала алады. Медицина қызметкерлерінің алдында халық денсаулығын жақсарту, сапалы қызмет көрсету міндеті тұр,-деді аудан әкімі Олжас Баққараев.
Мырзатай, Темірбек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары Аманкелді Әлімбаев пен Елемес Есімов, Базарбай ауылының ардагерлер алқасының төрағасы Талант Сәрсенбаев ауыл жұртшылығының осындай қуанышқа кенелуіне жағдай жасап отырған облыс, аудан басшыларына тұрғындар атынан алғыстарын айтты.
Шара барысында жаңа нысандардың лентасы қиылып, қонақтар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа нысанның ішін аралап көрді.
— Тегістік ауылындағы медициналық нысан ескі, іші тарлау болатын. Көпшіліктің көкейінде көптен жүрген мәселе оң шешімін тауып, баршаны қуантты. Ауылымыздан жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылғанына қуаныштымыз. Ем алу үшін облыс, аудан орталығына баратынбыз. Ендігі кезекте сапалы емді өз ауылымызда да алуға болады, — Темірбек ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Сәуле Қилыбаева.
Тегістік ауылындағы медициналық нысанның құрылысын “Синдикат Групп” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, жалпы сметалық құны 298,472 мың теңгені құраған.