«АЛТЫН БЕЛГІ» ИЕГЕРЛЕРІНЕ АТТЕСТАТ ТАПСЫРЫЛДЫ

81
Күні кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Ермек Карентаев 11 жыл бойы мектеп қабырғасында білім алып, жоғары көрсеткішке жетіп, алтын белгі сенімін ақтаған түлектеріміз бен сол түлектердің бойына білім нәрін сусындатқан ұстаздар қауымына құрмет көрсетті.
Алдымен сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев: «Білім бәсекесінде ұстаздарымыздың талай жылғы төккен тері, еткен еңбегі ауданымыздың абыройы екені түсінікті. Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған мектеп түлектерін, оның ішінде алтын белгі иегерлерін шын жүректен құттықтаймын» — дей келе, күрделі жөндеу кезінде де оқу үлгерімін төмендетпеген Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебінің оқушыларына ерекше алғысын айтып, ақ батасын берді.
Аудан басшысы «Шынында біздің түлектеріміздің жоғары нәтижеге қол жеткізіп, үздіктер сапынан көрінуі ұстаздарымыздың еңбегімен тығыз байланысты. Құрметті алтын белгі иегерлері, сіздерді ауданымызға адал қызмет ететін болашақ білікті маман иесі атанатындарыңызға зор сенім артамын» — деп, білім ордасын үздік бітірген түлектерге «Алтын белгісі» мен аттестаттарын табыстады.
Айта кетейік, 2024- 2025 оқу жылының қорытындысы бойынша «Алтын белгі» төсбелгісін Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясынан Диана Изатілда, Жаншырай Берік, Ақниет Беден, Ғазиза Кеңес, Мерей Бақытхан, Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінен Ақбота Мәжит, О.Жандосов атындағы орта мектебінен Нәзерке Дәрібай, Ә.Төлепбергенов атындағы орта мектебінен Тоғжан Сүгірбай, М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінен Рахымжан Орынбай, Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебінен Нұрлыайым Дәурен, Айым Достай, Альжана Мағзұм, Зарина Советбек иеленді.
Қабылдау барысында аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғали Амановтар да нұрлы жолға қадам басқан түлектерге ақжолтай тілектерін, білдірді. Түлектерді ел игілігіне қызмет етуге шақырып, олармен естелік суреттерге түсті.
Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,
Мойынқұм ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.