«Баянды бастамалар дамуға жетелейді»

733

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық санаға қозғау саларлық қадау-қадау міндеттерді белгілеп берген болатын. Шынында да, еліміз тәуелсіздік жылдарында экономикалық өрлеуге қол жеткізіп, саяси серпіліске иек артты. Ендігі кезекте дәуір тынысын тап басып, рухани жаңғыратын кез келді. Бұл тұрғыда ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың маңызы зор. Осы орайда, Шу ауданында нендей жұмыстар атқарылуда? Алдағы мақсаттар ауқымы қандай? Шу ауданының әкімі Қайрат Досаевпен болған сұхбатта осы сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық.

– Қайрат Әскербекұлы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттер аз емес. Әсіресе, Мемлекет басшысы маңызды мақалада ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы тереңінен ой қозғады. Сіздің ойыңызша, бүгінгі жаһандану заманында ұлттық сананы қалай серпілтуге болады?
– Рас, қазіргі таңда тұтас қоғам жаңашылдыққа ұмтылып жатыр. Алайда, бұқара ұлттық тәрбиенің уызына қанған бабалардың өсиеті мен қасиетін, түп-тамырын ұмытпағаны абзал. Елбасы: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деді. Яғни, Мемлекет басшысы біз жүрегімізбен рухани жаңғырмасақ, ол бос жаңғырыққа айналатынын анық атап көрсетті. Осы орайда, ұлттық кодымызды жадымыздан шығармай, заманауи техника тілін еркін меңгерген, әлемдік тілдерге жетік, діттегеніне дипломатиялық жолмен жетуге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге баса назар аударуымыз қажет. Және рухани сананы серпілту үшін барша қазақы дәстүр, ғұрып, аңыз бен әпсаналарды заман талабына сай электронды нұсқаға көшіріп, ұрпақ санасына сіңіруіміз керек. Сонда ғана өткенімізді ұмытпай, болашаққа нық қадам жасай аламыз.
Сондай-ақ, кім екенін біліп, қайдан шыққанын танып, тарихының тұнығынан шөл қандырып, тамырының тереңдігін сезіну ұлттық бірегейлікті сақтаудың негізгі жолы. Қазақтың қабырғалы тұлғаларының мұрасынан ажырамай, рухани азық алу әрбір азаматқа қажетті дүние.
Тәуелсіздікке қол жеткізу жолында талай дүмпулер болғанын баршамыз білеміз. Жалпақ тілмен айтқанда революциялық жолмен азаттыққа ұмтылып, ұрпақ қамы деп құрбан болған боздақтар аз емес. Десе де, қазір заман басқа. Қару ұстап күрескеннен гөрі, идеологиялық бағытты ұстану ұтымдырақ болды. Сондықтан, сананың сергектігі, жанартау идеялар, баянды бастамалар эволюциялық дамуға жетелейді деп сенемін. Осыларды жүйелі ойластырып, іске асырсақ ұлттық санамыз серпілетіні айқын.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындаған «Туған жер» жобасы бүгінде өз өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді. Бұл бастамаға шулықтар қаншалықты үн қосып жатыр? Атымтай жомарт жандардың жандандырып жатқан қандай жобалары бар?
– Қазір Шу ауданының «Ескі-Шу» ауылдық округіне қарасты Белбасар елді мекенінде жобалық құны 350 миллион теңгені құрайтын спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. «Шебер-билд» құрылыс компаниясының директоры, Шу ауданының Құрметті азаматы Болат Сауранбаев бұл жобаны толықтай өз қаржысымен іске асыруда. Қос қабатты спорт кешенінің сыйымдылығы 400 адамға шақталған. Спорт кешені келер жылы ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Аталмыш жоба жастардың спортпен шұғылдануына теңдессіз тарту болып тұрса, 50 адамды жұмыс орнымен қамтып, әлеуметтің әлеуетін де арттыруда. Қолы ашық, жомарт жүректі кәсіпкер Болат Оспанұлы бұған дейін өз ауылына бір мешіт салып беріп, шағын футбол алаңшасын соғуға да демеушілік еткен болатын.
Бұдан бөлек, Балуан Шолақ ауылының тұрғыны Нұрхан Матышев есімді азамат та биыл жаңа мешіттің құрылысын қолға алып жатыр. Қазір құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған мешіт жыл соңында жамағат үшін есігін айқара ашады.
«Ауылына қарап азаматын таны» деген осы. «Туған жер» жобасына үлес қосып, әр ауылдан шығып жатқан осындай атымтай жомарт азаматтар аз емес. Алайда, олардың дені өз есімдерін жария еткізгісі келмейді. Бұл да бір қарапайымдылықтың үлгісі деп білемін.
– «Қазақстаның қасиетті рухани құнды­лық­тары» мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы. Туған өлкенің қасиетті орындарын таныту мен насихаттау бағытында жергілікті жерде қандай бастамалар қолға алынуда?
– Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бекіткен «Жамбыл облысында қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары» мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша аудандағы білім беру мекемелерінде жастардың таным-түйсігін кеңейту үшін өлкетану сабақтары өткізіліп, тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарға саяхат ұйымдастырылуда. Ағымдағы жылы Тараз қаласындағы киелі орындармен танысу мақсатында 22 мектептен 420 оқушы іріктеліп алынып, тарихи ескерткіштерді аралап қайтты. Сондай-ақ, жазғы демалыста Шу ауданындағы Баласағұн (Ақтөбе) қалашығына 1 860 оқушыға экскурсия ұйымдастырылса, Төле би орта мектебінің 10 оқушысы Түркістан қаласында болып, рухани азық алды.
Бұдан бөлек, әр ауданның тарихымен танысу мақсатында «Ауданнан- ауданға» жобасы жанданып, 60 баламыз Меркі ауданындағы «Өлкетану» мұражайы мен «Меркі» шипажайына саяхат жасады.
Тағы бір айта кетерлігі, үстіміздегі жылы аудандағы 5 мектептен «Виртуалды мектеп мұражайы» ашылды. Бұл мұражайға келушілер білім ордасының тыныс-тіршілігіне, тарихына және жеткен жетістіктеріне қанығуда. Сондай-ақ, кез келген азамат виртуалды мұражайдағы экспонаттар мен қызықтырған мәліметтерді үйден шықпай-ақ интернет арқылы тамашалап, өзіне керектісін ала алады.
– Осы орайда, «Цифрлық Қазақстан» жобасының елді мекендерде жүзеге асу барысына тоқталып кетсеңіз. Және латын әліпбиіне көшу ауданда қаншалықты насихатталуда? Оның ішінде ІТ сыныптар ашудан шулықтар шет қалмай жатқан болар?
– Латын графикасына көшу – ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды оқиға болып отыр. Сондықтан, осындай мемлекеттік маңызы бар іске үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттігін жіті түсінеміз. Осыған байланысты ауданда «Латын алфавиті және енгізу методологиясы: проблемасы және шешу жолдары» тақырыбында үлкен конференция өтті. Басқосуда тіл мамандары латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі жобаларына тілтанымдық талдау жасап, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, латын әліпбиіне қатысты түрлі бейнежазбалар көрсетіліп, жиылғандардың үлкен қызығушылығын тудырды. Конференцияда озық ойлары мен ұтымды ұсыныстарымен көзге түскен ұстаздарды облыстық ғылыми-тәжірибелік жиынға жолдап, олар латын графикасына қатысты танымдарын кеңейтіп қайтты. Қазір мектеп мұғалімдері «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасын іске асыру аясында оқушыларға латын әліпбиін жан-жақты түсіндіріп, жазылуы мен оқылуын үйретуде.
Ал, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына келер болсақ, қазір аудан мектептерінің 80 пайызы ішкі сымсыз Wi-Fi желісіне қосылып отыр. Сондай-ақ, оқу орындары 100 пайыз электронды күнделік жүйесіне көшті. Бұдан бөлек, елді мекендердегі 4 мектепте «Робототехника» кабинеттері өз жұмысына кірісті.
Тағы бір ерекше айтып өтетін жайт, жаз айларында 40 орта және негізгі білім беру мекемесінде халықтың цифрлық біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылып, онда 9 846 адам дәріс алды.
ІТ сыныптар ашу бастамасынан да шулықтар шет қалып жатқан жоқ. Үстіміздегі жылдың тамыз айында Жібек жолы мектеп-лицейінің базасында ІТ сыныбының лентасы қиылды. Бұл заманауи құрылғылармен жабдықталған сыныпқа 5 миллион 695 мың 700 теңге жұмсалды. Мұндай ауқымды жобаларды алдағы уақытта да жандандыратын боламыз.
– Қайрат Әскербекұлы, мәдениет – халықтың мәйегі, рухани азығы. Ауданның мәдениет саласындағы аяқ алысы қалай?
– Жалпы, мәдениет саласын дамытуға биыл 348 миллион 206 мың теңге қаралып, өткен жылмен салыстырғанда қаржы көлемі 9 пайызға артты.
Осы қаржы есебінен Шоқпар ауылдық округінде жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Конституция күніне орай ашылған нысан шоқпарлықтарға тамаша тарту болды деп есептеймін. Оның құрылысына 202 миллион 260 мың теңге жұмсалды. Бұл – үш мыңнан аса тұрғыны бар ауыл халқы үшін үлкен қуаныш. Өйткені, осы уақытқа дейін шалғайдағы елді мекенде мәдениет ошағы мүлде болмаған еді. Екі қабатты ғимаратта мұражай, кітапхана, би, қолөнер үйірмелері және 100 орындық көрермен залы қазір халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде.
Ал, Шу аудандық өлкетану музейіне ағымдағы жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 32 миллион 915 мың теңге бөлініп, қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жаңарған мұражай жыл соңына дейін елге есігін айқара ашады деген жоспар бар.
Өнерпаздарымыздың жетістіктеріне келер болсақ, биыл «Әсем әуен» фольклорлық тобы Түркия мемлекетінде болып, 50 мың көрерменнің алдында өз өнерлерін көрсетіп қайтты. Бұл шығармашылықты шыңдау үшін берілген зор мүмкіндік деп ойлаймын. Жерлестеріміз еліміз артқан үміт пен зор жауапкершілікті ақтап, сенім үдесінен шықты.
Жалпы, мәдениет саласында жоспарлы жұмысымыз аз емес. Оның бәрін кезең-кезеңімен келістіріп, барлық мәселені шешетін боламыз.
– Бүгінде облыс әкімі мен аудан әкімдігі арасында бекітілген индикаторлық талаптарға сай, жастар жұмыссыздығына баса көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Айтыңызшы, бұл бағытта жұмыстарыңыз қаншалықты жүйесін тауып жатыр?
– Жалпы, кешенді жоспар бойынша биыл 3 423 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, есепті кезеңде жұмыссыз ретінде тіркелген 2 196 өтініш берушінің 1 624-і жұмыс орнына жолданды. Жұмыссыздық деңгейі 2,6 пайыздық межені көрсетті. Жұмыссыздық деңгейін тағы төмендету мақсатында 132 азаматты «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері курсынан өткізіп, олар сертификаттарын алды. Енді олар өз кәсіптерін дөңгелетіп, жаңа жұмыс орындарын ашады деп сенемін.
Одан бөлек, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Төле би ауылындағы «Жастар аллеясы» мен Шу қаласындағы «Жеңіс» саябағындағы жөндеу жұмыстарына 69 жас 2 айлық жұмысқа тартылды. «Серпін-2050» бағдарламасының шеңберінде аудандық бюджеттен 2 миллион теңге бөлініп, солтүстік өңірлерге 26 жасымыз жолданды.
Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы­мен өткен жылы 63 маман ауылға келсе, биыл 30 маманға көтерме жәрдемақы мен 41 маманға тұрғын үй алу үшін бюджеттік несие берілді. Жалпы, 2009 жылдан бері 426 маман Шу өңіріне қоныс теуіп, өз нәсібін табуда.
– Дін тақырыбы қай кезеңде де өз өзек­ті­лігін жойған емес. Осы орайда, аймақта діни ахуалды оңтайландыруға қаншалықты көңіл бөлінуде?
– 2016-2018 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы облыстық іс-шаралар кешенінің желілік кестесіне сәйкес, өткен жылы 284 іс-шара жоспарланып, 9500 адам қамтылды. Биылға 284 шара белгіленсе, оның бүгінгі күнге 179-ы өткізілді. Сондай-ақ, теріс пиғылды діни ағымдардың алдын алуға бағытталған 20 ақпараттық-түсіндіру тобы Шу қаласы мен ауылдық округтерде жұмыстар жүргізуде. Бір сөзбен айтқанда, қазір аймақтағы 29 діни бірлестіктер мен олардың филиалдары жіті бақылауымызда тұр.
Бұдан бөлек, өткен жылы «Аудандағы діни ахуалдың оңтайлы дамуына бағытталған іс-шаралар жоспары» бекітіліп, 650 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік тапсырыс жарияланған болатын. Лот жеңімпазы ретінде «Навроз» қоғамдық бірлестігі танылып, олар жастарды жат ағымнан аулақ болуға бағытталған түрлі шаралар өткізді. Сондай-ақ, халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында тұрғындармен 16 кездесу ұйымдастырып, оған
1 280 адам тартылды.
Ал, биыл «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру» тақырыбына 1,3 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік тапсырыс белгіленіп, есепті кезеңде 650 мың теңгенің насихат жұмыстары жүргізілді.
Дін мәселесіне шулықтар осылайша жіті көңіл бөліп, жан-жақты шараларды қолға алуда.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.