Батыл бастама

635

2017 жылғы сәуірдің 12 жұлдызында республикалық, аймақтық және жергілікті БАҚ-тар Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды. Ол объективті түрде қазақстандықтардың назарын әлі күнге дейін аударуда. Яғни, Қазақстан жаңа тарихи кезеңге кірді – саяси реформа мен экономиканың жаңғыруы деген екі аса маңызды жаңару үдерісін қамтитын елде көлемі бойынша ең орасан зор үшінші жаңғыру өріс алуда. Мақсаты белгілі және түсінікті – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.

Қос жаңғыру үдерістерінің нақты мақсаттары мен міндеттері, басымдылықтары, оларға қол жеткізу тетіктері бар. Алайда, Елбасы атап көрсеткендей, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Себебі, кез келген түбегейлі өзгерістерді адамдар өздерінің ақыл-парасаты арқылы жасайды. Сондықтан біз қолға алған түбегейлі өзгерістерге табысты қол жеткізу үшін қоғамдық санамызды барынша жаңғыртуымыз қажет. Елбасы түсіндіріп бергендей, «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады».

Тәуелсіздік жылдары елімізде бірқатар ірі бағдарламалар қабылданды және жүзеге асырылды, асырылып та келеді. Осының нәтижесінде азаттықтың ширек ғасырында Қазақстан қуат алып, қарқынды дамып, өз аймағындағы елдер арасында көшбасшылық позицияға шықты. Оған мысал келтірсек, 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асты. Ол бойынша Қазақстан аумағындағы құнды тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды қайта қалпына келтіруге көп күш жұмсалды. 2013 жылдан бастап «Халық тарих толқынында» бағдарламасымен біраз шаруа атқарылды. Бұл бағдарлама аясында әлемдік жетекші мұрағаттардан біздің ұлттық тарихымызға қатысты тың да құнды құжаттарды тауып, оларды жүйелі түрде жинақтауға және зерделеуге мүмкіндік берді. Елдегі бірлік пен берекеге бағытталған жұмыстардың тәжі деп Қазақстан халқы Ассамблеясы қабылдаған «Мәңгілік ел» Патриоттық актісін айтса болады, ол іс жүзінде ұлттық идеяға айналды.

Төңірекке көз тастасақ әлем орасан шапшандықпен өзгеріп, дамып келеді. Осы үдерістен қалып қоймай, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін көлемді және іргелі жұмыс атқару қажет. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына сүйене отырып, мықты, әрі жауапкершілігі жоғары адамдардың Біртұтас Ұлты болу үшін болашағымызға қандай қадам жасау керек, өзіміздің және қоғамдық сананы қалай өзгерту керек екені туралы терең ойлануымыз керек.

Коммерциялық емес ұйымдардың
Жамбыл облыстық ассоциациясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.