«Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам!..»

2 823

«Мың өліп, мың тірілген» майталман еліміздің маңдайына қашалған тарихта небір нәубеттің өткені бесенеден белгілі. Талай тарихи трагедияға төзіммен төтеп беріп, еңсесі езілсе де рухы сынбаған қаһарман халқымыздың мықтылығы – оның өр рухты арлан ұлдары еді. Жаугершілік заманда бекзада бабаларымыз он үшінде атқа қонып, он бесінде беліне алдаспан байласа, алаш ардақтыларының да, Ұлы Отан соғысы баһадүрлерінің де талайы жастайынан от кешіп, Отан қорғағанын білеміз. Тіпті, кешегі сексен алтының семсері қанатын қиқалаған желтоқсан жауқазындары да он екіден бір гүлі ашылмаған бозбала-бойжеткендер еді. Бұл – қазақ жастарының рухы қашанда қырандай биік, Алатаудай алып, жанартаудай жойқын екендігіне анық дәлел. Осы орайда, біз «Жаннан қымбат оларға ар…» атты газетіміздің жаңа айдарында ұлт перзенттерінің, қазақ зиялыларының жастық шағынан сыр шертуді жөн көрдік. Бұл сандағы басты кейіпкеріміз – биыл туғанына 125 жыл толып отырған қазақтың қаранар қаламгері, ағартушы-демократ Сұлтанмахмұт Торайғыров.

«Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда, кім болам? –деп Ұлы Дала ұрпағына ұран салған Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 28 қазанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданында малшы отбасында дүниеге келген. Әкесі Әубәкір кедей болған, бірақ хат таныған адам. Аузынан сүті кеппеген бір жасында анадан айырылып, жетімдікті көріп өседі. Қуанышсыз балалық шақ, жоқшылық өмір – осының бәрін Сұлтанмахмұт ерте жастан басынан өткерді. Хат тануды ол әкесінен, кейін (1902-1907) молдадан үйренді. 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған. 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, 1908 жылы баянауылдық Әбдірахман молданың қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс көзқарасының қалыптасуына негіз болған. 1911 жылы жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. 1912 жылы (19 жасында) Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ, мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Осы кезден ақындыққа ден қойып, «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттерге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Мағынасыз мешіт», «Жарлау», «Досыма хат», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Түсімде», «Жазғы қайғы», «Қымыз», «Кешегі түс пен бүгінгі іс» атты өлеңдерін, «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста «Қамар сұлу» романын жазуды қолға алды. 1913 жылдың күзінде (20 жасында) Троицкіге қайтқан Торайғыров «Айқап» журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, «Өлең һәм айтушылар», «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?» тақылеттес әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды. Журналда аз ғана уақыт қызмет еткен ақын 1914 (21 жасында) жылы жазда туған елі Баянауылға оралады. Ел ішінде мәдени-ағарту жұмысын жүргізетін «Шоң серіктігі» деген ұйым ашпақ болғанымен, ісі жүзеге аспайды. Осы жылы орысша оқу іздеп Семейге барған Торайғыров діттеген оқуына түсе алмай, біраз дағдарысқа ұшырайды. Осындай көңіл-күй әсерімен «Ләнет бұлты шатырлап», «Алтыаяқ» сияқты өлеңдер жазған. «Ендігі беталыс», «Тұрмысқа», «Бір адамға», «Туған еліме», «Сымбатты сұлуға», «Қыз сүю», «Гүләйім», «Өмірімнің уәдесі», «Жан қалқам», «Гүл» өлеңдерін, 1915 жылы (22 жасында) «Кім жазықты?» атты өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді. Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытқан ол 1916 жылдың күзіне (23 жасында) дейін әуелі Қатонқарағайда, кейін Зайсанда болады, орыс тілін үйренеді. 1916-1917 жылдардың қысында Томскіде орысша оқиды. Өмірден көп қағажу көріп қажыған ақын арманына жетіп, көңілі көтеріледі. «Шәкірт ойы» өлеңінде «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды», «Мұздаған елдің жүрегін жылытуды» армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысты. 1917 жылғы (24 жасында) ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасып, «Алаш ұранын» жариялады. Бірақ, ауруы асқынып кеткендіктен оқуды да, жұмысты да тастап, 1918 жылы (25 жасында) сәуірде еліне біржола оралады. Онда Колчак үстемдігінен кейін қайта жанданған совдеп (депутаттар кеңесі) жұмысына араласып, ел шаруаларының дауларын әділ шешуге қатынасты. Осы тұста саяси-философиялық әдебиеттерді көп оқып, «Шал мен қызға», «А, дү­ние», «Жас жүрек», «Сарыарқаның жаңбыры», «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс» өлеңдерін жазды. 1907-1911 жылдары оның шәкірттік кезеңдегі өлеңдері көркемдік тұрғыдан кемшін түсіп жатқанымен, жас ақынның қоғамдық құбылыстар мәнін түсінуге деген ұмтылысы мен өлең тілімен сурет салуға бағытталған талабын танытады. Ол қоғамдағы әділетсіздік пен әйелдердің ауыр тағдыры, діни оқудың схоластикалық сипаты жайлы жазды. Торайғыров 1912 жылдан бастау алатын шығармашылығының жаңа кезеңінде Абай, Ыбырай негізін қалаған ағартушылыққа бет бұрды, жастарды оқу-білімге шақырды. «Туған айдай болып туып, күнді алуға бел буады», тұрмысты жеңуде жігерленіп, ақиқатты табу жолында талмай ізденуді мұрат тұтады. Алғашқы үгіт мәндес өлеңдерінен кейін ақын лириканың өрісін кеңейтіп, лирикалық кейіпкердің жан сырын, іс-әрекетін суреттеуге ұмтылады. Оның жырларынан тағдырға мойымай, қасарыса алға ұмтылатын, ауыртпалыққа қарсы тұрар өжет мінез көрінеді. Осы кезден бастап ақын шығармаларында ескіні сынау бой көтерді. Ол қазақ арасында көп кезігетін келеңсіз мінездер мен кертартпа әдет-ғұрып салтына қарсы күреседі. Табиғат, махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінде ақын адам сезімін қоғамдық көзқараспен, әлеумет өмірімен байланыста қарайды. Ескіге қарсы көзқарас оны қоғамдағы әділетсіздікпен қақтығысқа алып келеді. Ол өмір шындығын көркем бейнелей келе, қазақ өлеңінің мазмұнын кеңейтті, сырға толы лирикалық жырлар туындатты. Көптеген әңгіме, әдеби-сын мақалалар, екі роман, бес поэма, өзекжарды өлеңдер, очерктер және публицистикалық шығармаларын жариялады. Торайғыров шығармалары – ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамы шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес. Оның ізденістері «шындықтың ауылын іздеумен» байланысты, реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген, теңденциясы да сыншыл.
«Сүйемін туған тілді, анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін», – деп, халқының асқақ, асыл мұрасын бойына сіңіріп, мән-маңызын мәңгілікке мақтан етті. Өнер мен білім бақытқа бастайтынын, надандықтан арылтатынын насихаттап өтті. «Жалғыз ғана оқумен теңелмейсің, Алауыз азғын болсаң қоян жүрек», – деп жастардың намысына тие, қажыр-қайратын қамшылап, арына қозғау сала сөйледі. Ынтымақшыл, көпшіл болуға келелі кеңес берді. «Ден сау болса, тағдырдың, Көкке ұшырам күлдерін, Түрлентемін гүлдерін, Жігермен талап еткен соң, Қоям ба екен сүлдерін?», – дейді өр ақын. Бұл – жігерлі, қайсар азаматтың ертеңге деген зор сенімінен туған шын ниет. Жастарымызды жігерлендіре, серпілте түсіп, арына асыл рух сепкен ақын өлеңдерінің тәрбиелік маңызы да осы.
Шығамын тірі болсам адам болып,
Жүрмеймін бұл дүниеде жаман болып,
Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,
Жүргенше өмір сүріп надан болып, – деп өзі айтқандай, он екі жасында-ақ тауды тесіп, тасты жарып шыққан қайнардай бұрқ етіп өлең-жыр шумақтаған балдырған Сұлтанмахмұт 17 жасында туған халқының өмір сырына үңіліп, келешегін ойлады. Шындықтың ауылына жалғызаяқ жол салды. Ол небәрі 1893-1920 жылдар аралығында ғана өмір сүрді. Бар болғаны 27-ақ жас. Бүкіл ғибратты ғұмыры жастық шақтың еншісінде. Аз жасағанына қарамай, ол қазақ поэзиясы мен прозасын жаңа сатыға көтеріп, көп еңбек сіңіріп кетті. Реалист-ақын әдебиетке жаңа жанрлар туғызды, роман жанрының, реалистік поэманың қалыптасуына әсер етті. Қазақ әдебиетінің тарихында өшпестей із қалдырған Абайдан кейінгі қазақ ақыны, екінші ағартушы болып қалды. Бар өмірін, күш-қайратын, ой-санасын, ақылын, бүкіл талантын ақтық демі сарқылып, дәм-тұзы таусылғанша ел-жұртының бақытты болу жолында жұмсаған оның парасатты поэзиясы –ақындық шеберліктің, ұлтжандылықтың, азаматтықтың мектебіне айналды. Ақынның маржан мұрасы мәңгілік жасап, ұрпақтан-ұрпаққа ұлағатты сарынмен жалғаса беретініне өмірдің өзі дәлел, уақыттың өзі кепіл. Себебі, ел басына күн туған сын сағатта әр ісі ерлікпен пара-пар Сұлтанмахмұттың тағдыры, өнегелі өмір жолы қазіргі қазақ жастары үшін үлкен үлгі, таусылмас тағылым.

Айсана НҰРБАП

Leave A Reply

Your email address will not be published.