Қордай ауданының әкімі 70 адамға ауызашар таратты

274

Қасиетті Рамазан айында Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет тұрғындарға арнап ауызашар таратты. Биыл елімізде және бүкіл әлемде орын алған қиын жағдайға байланысты бұл жолғы сауапты іс өзгеше өтті.
Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында ҚМДБ төрағасы, бас муфтидің үндеуімен мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда және тағы да басқа мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтату шешімі қабылданған болатын. Сондықтан дін өкілдері карантин күндері әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге, көпшілік орындарда жиналмауға шақырды.
Осы орайда, аудан басшысы да жаңа талапқа құлақ асып, ауызы берік адамдарға тамақ тарату арқылы сауапты істі атқаруды ұйғарды. Осылайша, аудан тұрғындарына арналып азық-түлік себеттері дайындалып, барлығы 70 азаматқа таратылды. Олардың қатарында қадірменді ақсақалдар және ардақты аналар болды. Аталмыш себеттерге ыстық тамақ, тәттілер, жеміс-жидек, сусын және өзге де тағамдар салынды.
Тамақты таратар алдын аудандық мешітте Құран сүрелері оқылып, ата-бабалар рухына бағышталды. Содан соң Рүстем Рысбайұлы барша мұсылмандардың отбасына амандық, дендеріне саулық тілеп, азық-түлік себеттері 19 ауылдық округ бойынша жөнелтілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.