Ергебеков елдің алдында есеп беруде

506

Жуалы ауданының әкімі  Нарбай Ергебеков аудан тұрғындары алдында есеп беру жиналысы басталды. Алғашқы жиналыс Ақсай ауылдық округінде өтті. Жиын жұмысына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, тиісті бөлім, мекеме басшылары және аудан тұрғындары қатысты.

Есеп беру жиналысын ауылдық округ әкімі Қазыбек Бейсенқұлов ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы Ержан Саурықов өткен жылы атқарған жұмысы туралы баяндама жасады. Баяндамашы 2019 жылы анықталған әкімшілік құқық бұзушылық, жол ережесін бұзған құқық бұзушылықтар, осы әкімшілік істер бойынша салынған айыппұлдар, отбасы-тұрмыстық жағдайда орын алған деректер, түнгі рейдттік жұмыстар, тағы да басқа мәселелер бойынша атқарған жұмыстарын  баяндады.

Екінші болып Ақсай ауылдық округінің әкімі Қазыбек Бейсенқұлов есеп берді.

Ауылдық округ екі елдімекеннен, яғни Қайрат және Диқан ауылдарынан тұрады.

Ауылдық округ әкімінің мәлімдеуінше, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында және аудандық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен де көптеген жұмыстар атқарылған.

Ауылдық округ әкімі аппаратының ұйымдастыруымен, ауыл тұрғындарының қолдауымен көмекке мұқтаж 11 отбасына азық-түлік түрінде көмек көрсетілген. Бір отбасына газ тартылған, бір отбасының шатыры ауыстырылса, бір отбасының баспанасына жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Баяндамашы Қазыбек Әлжаппарұлы мінберді пайдалана отырып, қайырымдылық жасауға атсалысқан Қайрат және Диқан ауылдарының тұрғындарына алғысын жеткізді.

Кезек аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлына берілді.

Аудан басшысының баяндамасында өңірде атқарылған жұмыстар  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында жүктелген міндеттерге сүйене отырып баяндалған. Дегенмен, ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан басымдылық ауыл шаруашылығы саласына берілген.

Аудан экономикасы еліміздің біртұтас экономикалық кеңістігінің құрамдас бөлшегі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне жылдан-жылға артығымен қол жеткізілуде.

Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 29 млрд. 895,5 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 105,8 пайызды құрап отыр.

Есепті мерзімде жалпы құны 469, 164 млон теңгеге 69 ауыл шаруашылығы техникалары алынды.

Мал басы да жыл сайын артып келеді.

Шақпақ ауылдық округінен қуаттылығы жылына 17550 тонна жол битумын шығаратын кіші зауыт құрылысы басталды. Жоба құны 161, 0 млн теңгені құрайды деп жоспарлануда. Құрылысты «ШақпақЖолСервис» ЖШС жүргізуде.

Құрылыс жұмыстары бойынша Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектебіне қосымша спорт зал қазандығымен бірге құрылысы «ТаразҚұрылыс-Инвест» ЖШС 107379,0 мың теңгеге жүргізіп, қазан айында пайдалануға берілді.

Инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым бойынша Б.Момышұлы ауылындағы Көктөбе жаңа тұрғын алқабына инфрақұрылым нысандарының құрылысын «Талас-Құрылыс» ЖШС 407 489,0 мың теңгеге жүргізді. Сондай-ақ, «Теріс», «Қосбөлтек», «Нұрлыкент» тұрғын алқаптарына құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.

Қарасаз ауылының су жүйесінің құрылысына республикалық бюджеттен 543 974,0 мың теңге бөлініп, су жүйесін тарту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ауданда жеті медициналық пункт, бір фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүргізілді.

Аудан басшысы барлық сала бойынша мақсатты индикаторлық көрсеткіштердің орындауына тоқталып өтті.

Баяндама соңында 2020 жылы атқарылатын жұмыстарды да атап өтті. Атап айтқанда, Шақпақата, Көлтоған, Қошқарата, Т.Дүйсебайұлы, Ертай ауылдарына су жүйесі тартылатын болады. Д.Пахомов атындағы орта мектепке жапсарлас бөлмелер мен спортзал құрылысы жүргізіледі. Тағысын тағы атқарылатын шаруалар шаш етектен.

Үстіміздегі жылы әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбаевтың 175 жылдық. Б.Момышұлының 110 жылдық мерейтойларына да дайындық жүруде.

Аудан басшысы баяндама соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының бес бағытына арнайы айта келіп, аудандағы жүйелі жұмыстардың әрі қарай да жалғасын табатынын жеткізді.

Баяндамашылардан кейін жарыссөз басталды.

Жарыссөзге Диқан ауылының тұрғыны Ерғали Тоғайбаев шықты. Ол аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға беретінін айта келіп, ауыл тұрғындарының атынан ұсынысын жеткізді. Оның ұсынысы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық күрежолының астыңғы жағында орналасқан шаруа қожалықтарының жерінен жем-шөп таситын көліктердің қатынауы қиындық тудырып отырғандықтан, осы мәселені шешіп беруін өтінді. Оған аудан басшысы жол халықаралық жол болғандақтан аудандық мәслизат депутаттары мен ақоғамдық кеңес тиісті орындарға ұсыныс жасайтынын жеткізді.

Екінші шыққан Қайрат ауылының тұрғыны Болат Елеуов ауданда ат спортын дамыту, «Жуалы су» мекемесі суды уақытпен беретінін, яғни таңертең сағат 7-ден кейін беретін, және жайылым мәселесін көтерді.

Бірінші сауалына аудан әкімі ат спортын дамыту мақсатында аудан орталығынан арнайы жер бөлініп, тиісті жұмыстар атқру жоспарда бар екенін жетікізді. Ал, су мәселесі бойынша «Жуалы Су» мекемесінің басшысы Қуаныш Болысбеков ауылдағы су қоры аз болғандықтан, суды түнде сорып жинау үшін өшіретінін, алдағы уақытта бұл мәселе бойынша жоспарға сай жұмыс істеліп, түбегейлі шешілетінін айтып өтті.

Жайылым мәселесі бойынша Қуаныш Сүлейменқұлов та тілегін жеткізді.

Ауыл тұрғыны, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Аманжол Дүрәлиев ауылдық округтегі жастар ісінің нұсқаушысына жастар арасында көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, ашық пікірталас алаңын ашу сынды жұмыстарды жандандыруды ұсынды. Ол сонымен бірге Момышбұлағына барар жолды жөндеуді өтінді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.