Таразда «Ұлы дала ұрпағы!» жастар форумы өтті

Еліміздің Тұңғыш Президентінің ерен еңбегі мен дара жолын жастарға кеңінен дәріптеу мақсатында Таразда «Ұлы дала ұрпағы» атты аймақтық жастар форумы өтті. «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің бірлесе мұрындық болуымен өткен іс-шараға 400-ге тарта жас қатысты, деп хабарлайды Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.

695

Жиында партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілемұрат «Елбасының есімі – Егемендік, Тәуелсіздік, Қазақстан, Отан, Бірлік сияқты ұғымдармен қатар айтылып келеді. Бүгінде мемлекетімізді жаһан жұрты танып қана қоймай, санасатын дәрежеге жеткізген Елбасының еңбегі орасан. Дара тұлғалыққа тән қасиеттерге ие, Тәуелсіздігіміздің арайлы таңы атуына қарышты қадам жасаған Н.Назарбаев қазақ халқының ғана емес, берекесі қашқан елдерді бейбітшілікке шақырып, атом қаруынан бас тартуы – әлем халқының біздің мемлекетімізге деген зор құрметін оятқаны ақиқат», — деді.

Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай өткен форумда осындай тарихи шешімдердің басында Елбасының тұрғаны кеңінен баяндалды. ТарМПУ ректоры Ержан Әмірбекұлы «Әлемдік саясаткер, тарихи тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген, салиқалы саясатының арқасында жаңа Қазақстанның, жаңа экономиканың, жаңа қоғамның іргесі қаланды. Мемлекеттің аз ғана мезгіл ішінде осындай дәрежеге жетуі – екінің бірі жете беретін жетістік емес. Елдің келешегі білімді жастар десек, бұл бағытта мемлекет тарапынан жасалып жатқан реформалардың да жан-жақты сараланып барып қолданысқа беріліп жатқаны сөзсіз, — дей келе барлық бастамалардың жемісті, болашағымыздың жарқын болуы үшін жұдырықтай жұмыла іске кірісуге шақырды. Ал облысты әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа жастар жылы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, жастарға үлкен мүмкіндіктер ұсынылып жатқанын жеткізді.

Іс-шара барысында партия бастамасымен еліміздің әрбір өңірін қамтып жатқан «Менің туым, менің Отаным» патриоттық акциясы аясында мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсімі ұйымдастырылды. Жастар жалынды жыр оқып, патриоттық әндер шырқады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.