400 миллион теңгелік жиһаз

85
Абай облысының әкімі Берік Уәли облыс әкімдігі тарапынан 400 миллион теңгеге жиһаз сатып алу туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында облыс әкімдігі бюджет тапшылығына қарамастан, 400 миллион теңгеге жиһаз алуды жоспарлап отырғаны туралы хабар тараған еді.
Берік Уәлидің айтуынша, ол бұл сома жайлы алғаш рет БАҚ арқылы білген және бірден сатып алу процесін тоқтатқан.
«Әріптес журналистер аудиториясын кеңейту мақсатында ақпаратты тексермей жариялаған. Соның салдарынан мен өзіме 400 миллион теңгеге жиһаз сатып алып жатырмын деген қауесет тарады», — деді әкім. Оның сөзінше, жиһаз мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс кабинеттеріне арналған. Барлығы 671 қызметкерге үстел, компьютер үстелі, орындық, шкаф сияқты қарапайым кеңсе жиһазы қажет болған.
«2024 жылы жиһаз сатып алу бойынша байқау жеті рет өткізілгенімен, жеңімпаз анықталмаған. Мен қызметке келген кезде бұл процесс жүріп жатқан еді, бірақ мен оны дереу тоқтаттым», — деді Берік Уәли.
Сонымен қатар әкім енді әр басқарма мен бөлімнің сатып алу өтінімдерін бөлек жариялауды тапсырғанын айтты.
«Менің кабинетіме ешқандай жаңа үстел немесе орындық алынған жоқ. Бұл жиһаздар облыс құрылғаннан бері өз үйіндегі үстел мен орындықтарын әкеліп жүрген қызметкерлер үшін қажет», — деп атап өтті ол.
Әкімнің айтуынша, мемлекеттік қызметшілерге қолайлы еңбек жағдайын жасау — міндетті шара.
«Біз бәрібір бұл конкурсты жариялаймыз. Өйткені, қызметкерлердің күнделікті жұмысына жағдай жасау қажет. Бұл жиһаздар 671 қызметкердің күнделікті пайдалануына арналған», — деді Берік Уәли.

Leave A Reply

Your email address will not be published.