
https://turkystan.kz/article/260210-undistan-men-pakistan-arasyndagy-qaqtygys-usygyp-barady-iran-men-saud-arabiiasy-sabyrga-saqyrdy
Осы аптада Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мен Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрінің орынбасары Адел әл-Джубейрдің Үндістанға жасаған жоғары деңгейдегі сапары Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістің өршуіне әлемнің алаңдаушылығын көрсетіп отыр. Бұл туралы SCMP.
Қарулы ядролық екі көрші арасындағы қақтығыстың өршуіне 22 сәуірде Үндістан бақылауындағы Кашмирдің Пахалгам қаласында болған шабуыл себеп болды. Ол шабуылда 26 адам қаза тапты.
Сейсенбі күні Үндістан Пәкістан мен Пәкістан бақылауындағы Кашмир аумағына әуе соққыларын жасады. Ал Исламабад жауап ретінде бес үнді ұшағын атып түсіргенін мәлімдеді. Үндістан армиясы бейсенбі түнінен бастап жұма таңына дейін Пәкістан қарулы күштері бүкіл батыс шекара бойында дрондар мен өзге де қару түрлерін қолданып бірнеше шабуыл жасағанын хабарлады. Бұл ақпаратты Пәкістан тарапы жоққа шығарды.
Соңғы жиырма жылдан астам уақыттағы ең ауыр қақтығыс екі ел арасындағы қатынасты мүлде ушығуға алып келуі мүмкін. Бұл оқиғалар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі жағдайында болып отыр. Екі держава да Оңтүстік Азиядағы көршілерді бейбітшілікке шақырды.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи бейсенбі күні Делиге Иран мен Үндістан арасындағы бірлескен комиссия отырысына қатысу үшін келді. Бұған дейін ол Исламабадта сапарда болған. Министр екі елді сабыр сақтауға шақырды.
– Үндістан мен Пәкістан аймақтағы шиеленісті ушықтырмауы керек деп үміттенеміз. Біздің аймаққа бейбітшілік керек. Әсіресе, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін. Бұл орын алады деп сенеміз, – деді Арагчи.
Сауд Арабиясы сыртқы істер министрінің орынбасары Адел әл-Джубейр бейсенбі күні Делиге алдын ала жарияланбаған сапармен келіп, Үндістанның сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкармен кездесті.
– Сауд Арабиясының Мемлекеттік сыртқы істер министрі @AdelAljubeir мырзамен жақсы кездесу өткіздік. Терроризмге қарсы күресте Үндістанның ұстанымын бөлістім, – деп жазды Джайшанкар өзінің X парақшасында.
Аймақтағы ұрыс тоқтар емес. Соңғы түнде Үндістан мен Пәкістан сарбаздары Кашмир шекарасында ауыр атыс пен зеңбірекпен оқ жаудыруды жалғастырды.
Кашмир – мұсылмандар басым тұратын аймақ. Бұл өңірге Үндістан мен Пәкістан толықтай ие болғысы келеді, бірақ қазір ол екі елдің бақылауында бөлініп тұр. Мұнда 1989 жылдан бастап Үндістанға қарсы көтеріліс басталғалы бері ондаған мың адам қаза тапты. Соңғы жылдары зорлық-зомбылық азайғанымен, қазіргі жағдай қайта ушығып отыр.