ҮЗДІК ЖАСТАР МАРАПАТТАЛДЫ

38
Бүгін ауданда алғаш рет ««SARYSU AWARDS»» аудан әкімінің жастар сыйлығының иегерлері анықталып, жүзден жүйрік шыққан жастар «Үздік жас спортшы», «Үздік жас кәсіпкер», «Үздік жас ауыл шаруашылық маманы», «Үздік жас медицина маманы», «Үздік жас мәдениет маманы», «Үздік жас мемлекеттік қызметкер», «Үздік жас құқық қорғау қызметкері», «Үздік жас тау-кен маманы», «Үздік жас педагог», «Үздік жас құтқарушы» номинациялары бойынша марапатталды. Әр салада жемісті әрі табысты еңбек етіп, белсенділік танытып жүрген жастар қауымына арналып арнайы марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Аудан әкімінің жастар сыйлығын тағайындау мақсатындағы байқауға барлығы 52 өтінім келіп түскен.
Марапаттау рәсімінде жеңіске жеткен жастарды аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтап, ауданымыздағы 14 пен 35 жас аралығындағы 12 382 жас бар екенін және алдағы уақытта жастардан жақсы жобаларды күтетінін, оларға әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді.
Шара барысында аудандық жастар орталығы құрылғаннан бастап басшылық өткен Асан Тілемісов, Жандарбек Смағұлов, Жанәділ Оспанов, Бақытжан Байділдаев, Айғаным Сармолдаева, Мұхамедқали Бегеев, Жасұлан Бегулиев, Жадыра Жұмағұл, Самат Тоқбанов, Асылжан Пазылбековтер «Жамбыл облысының жастар орталығының құрылғанына 20 жыл» төсбелгісімен марапатталды.
Байқау аудан жастарының азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттырып, өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда белсенділік танытып, азаматтық ұстанымы қалыптасқан әртүрлі салаларда жетістікке жеткен жастарды көтермелеу мақсатында ұйымдастырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.