Биыл «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы бойынша Жайылма ауылдық округі таңдалып алынғаны белгілі. Қазіргі таңда жоба аясында ауыл азаматтары несие алып, тірліктерін бастап кетті.
Жалпы пилоттық жоба 4 бағыт бойынша жүзеге асуда. Соның І-ші бағыты үй іргесінде егістік жерлерді игеру. Осы бағытта ауылға 1500 жеміс көшеті әкелініп, әр аулаға отырғызылуда. Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына орай Жайылма ауылына барған аудан басшысы Марат Қырғызәліұлы ауыл ақсақалдары Арқабай Қабанбаев пен Тілепберген Асановтың ауласына жеміс көшеттерін отырғызды.
«Ауданымыздың аумағын жасыл желектендіру бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. 15 мыңнан астам ағаш отырғызылады. Ал, пилоттық жобадан күтетін нәтижеміз жоғары. Ауылдың әр тұрғыны жұмыспен қамтылып, жаңа кәсіп игереді. Қала, ауылдың көркін ашатын гүлдерді егу, ағаш-талдарды отырғызып, күтіп-баптау, өсіру әрбір тұрғынның міндеті. Өз ауласын көгалдандырып, жасыл желекпен көмкеру — бұл мәдениеттіліктің белгісі», — деді аудан басшысы.
Жоба аясында Жайылма ауылында 2 отбасылық жылыжай салынып, халық игілігіне беріледі. Сонымен бірге, аудан басшысы жоба аясында алынған техникаларды көрді.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі