Жымысқы әрекеті жүзеге аспады

323

Таразда түзеу мекемесінің қабырғасынан түйіншек лақтырмақ болған азамат қолға түсті. Оқиға Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/2 мекемесінде болған.

Мекеменің күзет бөліміне №4 бекеттен қабырға маңында жүрген күдікті адам жайлы жедел хабар түскен. Нәтижесінде, мекеме патрульдік тобы, 5513 әскери бөлімінің және Тараз қаласы Полиция басқармасы қызметкерлерінің ортақ күшімен № 1 аумаққа жақын маңнан 1991 жылы туған Н. К. есімді Тараз қаласының тұрғыны қолға түсті. Ол мекеме аумағына тыйым салынған заттарды лақтырмақ болған.

Тінту барысында ұсталған азаматтан жабысқақ лентамен (скотч) оралған, ішінде қоңыр түсті сұйықтығы бар, көлемі 500 мл болатын 2 пластик шөлмек пен одан бөлек 2 түйіншек табылған. Сондай-ақ, 1 дана бәкі анықталған. Күдікті шөлмектердің ішінде коньяк ішімдігі, ал түйіншектерде ұялы байланыс құралдары бар екенін мойындады.

Оқиға орнына жеткен Тараз қаласы ПБ кезекші жедел-тергеу тобы жоғарыда аталған заттарды ашып, 2 дана ұялы телефон барын анықтады. Шөлмектердің ішіндегі заттарға сот-химиялық сараптамасы тағайындалды.

Аталған жағдай туралы Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне, прокуратураға және ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментіне хабар берілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.