Жұмысшы мамандықтары жылы: Астанада өндіріс қызметкерлері арасында Спартакиада өтіп жатыр

63

https://turkystan.kz/article/265414-zumyssy-mamandyqtary-zyly-astanada-ondiris-qyzmetkerleri-arasynda-spartakiada-otip-zatyr

Астанада 8-10 тамыз аралығында мерейтойлық X Спартакиада өтіп жатыр.

Оған еліміздің әр өңірінен келген шамамен мыңнан астам адам қатысуда. Барлығы – еліміздегі ірі кәсіпорындардың қызметкерлері, негізінен жұмысшы және өндірістік мамандық иелері.

Аталған спорттық шара Жұмысшы мамандықтары жылына орай ұйымдастырылып отыр және ел экономикасының тұрақтылығы мен дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарына деген құрметтің маңызды символына айналды.

Биыл сайыстарға көлік, энергетика, мұнай-газ және басқа да жетекші сала өкілдерінен құралған 14 команда қатысуда. Бағдарлама 14 спорт түрі мен командалық, жеке және инклюзивті спорт бағыттарын қамтиды. Мәселен, өзгелермен қатар ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер де дартс пен үстел теннисінен бақ сынасады.

«Спорт – біз үшін маңызды бағыт. Біз спортты Топ ішінде де, ел бойынша да спорттық инфрақұрылымды салу арқылы қолдаймыз. Соңғы үш жылда 90 мыңнан астам баланы қамтитын 15 спорт кешенін аштық», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Мұндай іс-шаралар командалық рухты нығайтып, серіктестік дағдыларын дамытады және салауатты ұжымдық мәдениетті қалыптастырады. Бұл әсіресе мыңдаған қызметкері бар және олардың басым бөлігі өндіріс саласының мамандарынан тұратын ұжымдар үшін маңызды. Өйткені олардың жұмысы жоғары жауапкершілік пен тәртіпті, кәсіби біліктілікті талап етеді.

Мерейтойлық Спартакиада нағыз спорттың, бірлік пен еңбекті құрметтеудің мерекесіне айналды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай бастамалар ұжымдағы ауызбіршілікті нығайтып, салалардың тұрақтылығын арттырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Аталған бастама жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, білікті кадрларды қолдауға және өндірістік еңбектің экономикадағы рөлін күшейтуге бағытталған.

Президент елдің әрбір жетістігінің артында энергетиктер, машинистер, металлургтер, мұнайшылар, құрылысшылар, механиктер және күнделікті өз үлесін қосып жүрген өзге де еңбек адамдары тұрғанын бірнеше мәрте атап өткен еді.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/265414-zumyssy-mamandyqtary-zyly-astanada-ondiris-qyzmetkerleri-arasynda-spartakiada-otip-zatyr

Leave A Reply

Your email address will not be published.