Жолдауды іске асыруға арналған жиын өтті

943

Дүйсенбі күні Тараз қаласындағы «Баласағұн» орта­лық концерт залында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арналған облыс активінің жиыны өтті. Басқосуға облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен оның орынбасарлары, облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының және облыс әкімдігі басқармалары мен аумақтық департамент басшылары, ЖОО ректорлары мен профессорлық-оқыту­шылық құрамы, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйым­дар­дың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, мекеме-кәсіп­орын­дардың қызметкерлері қатысты.

Шағын кәсіпкерлікке – 5 миллиард теңге

Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған алты басым бағыттан тұратын Елбасы Жолдауы жүктеген міндеттерді іске асыру үшін өткен жиында аймақ басшысы А.Мырзахметов баяндама жасады.
– Бірінші басымдыққа сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 101 мыңға жуық қызметкер үшін ең төменгі жалақыны 28 284 теңгеден 42 426 теңгеге дейін өсіру үшін облыстық бюджеттің кірістері мен шығыстары қайта қаралатын болады. Бұл бюджеттен төленетін төлемдер бойынша.
Осы орайда, бизнес өкілдері де бұл шешімді қуаттау үшін, еңбек өнімділігін арттырулары қажет.
Екіншіден, Жолдауда бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау қажеттілігіне басымдық берілген.
Сондықтан, кәсіпкерлік басқармасы мен аудан, қала әкімдері қабылданған шаралардың ауқымын кеңейтіп, бағытталған жұмысты күшейтетін болады, – деді Асқар Исабекұлы.
Облыс әкімі А.Мырзахметов «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылуын ескере отырып, келесі жылға осы мақсатта жоспарланған 1,2 миллиард теңгені кемінде 2 есеге ұлғайту қажеттігіне тоқталды. Бұл жаңадан ашылатын кәсіпкерлік пен кәсібін кеңейтетін бизнестің үлесін 30 пайызға арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек.
– Шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Даму» қорымен бірлесе қаражат бөлу принципімен 2018 жылы облыстық бюджеттен 500 миллион теңге, «Даму» қорынан 1 миллиард теңге қарастырылған. Ал, ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1 миллиард теңге бөлініп, жалпы сома 5 миллиард теңгеге жетті. Келесі жылы бұл қаржылардың көлемін барынша көбейтетін боламыз, – деді А.Мырзахметов.

Жолдауда өңдеу секторындағы экспорттаушы кәсіпорындарға барынша қолдау көрсету керектігін қозғаған Елбасы Үкіметке сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлардың номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажеттігін жүктеген болатын.
– Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін қолданыстағы бағдарламалардан бөлек арнайы облыс көлемінде Кәсіпкер­лікті қолдау картасы түзілгенін айтқан болатынбыз. Дегенмен де, Жолдаудың нақты міндеттеріне сәйкес бұл жоспарларға тиісті өзгерістер енгізілетін болады.
Бүгінгі таңда «Әулие — Ата Феникс» – «Құс шаруашылығындағы қайта өңдеуде жаңа автоматтандырылған технологиялық желіні енгізу» жобасы жүзеге асырылса, жыл соңына дейін 6 жоба іске қосылады.
Шикізаттық емес секторға серпінді жобаларды іске асыру үшін Елбасы шетелдік инвесторлармен бірлесіп, тікелей инвестиция Қорын құру мәселесін қарастыруды тапсырды. Осы Қормен тиісті байланыс ұйымдастыру үшін облыстағы инвестиция тарту саясатын күшейту мақсатында биыл қайта құрылған «Инвесторларға қызмет көрсету орталығының» жұмысы күшейтілетін болады.
Шикізаттық емес секторға салынған инвестициялар 87 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға артқанын атап өткен жөн.
Ал, инвестициялардың ай сайын өсуінің оң үрдісі жекеменшік капиталының 30 пайызға (68,8 миллиард теңгеден 92,2 миллиард теңгеге) өсуімен байланысты. Әрине, бұл жақсы үрдіс, – деген Асқар Мырзахметов қазіргі таңда облыста шетелдік инвесторлардың қатысуымен құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын 13 жоба іске асырылып жатқанын жеткізді.

Агросала асулары

Жолдауда баса назар аударылған міндет – агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімнің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту. Жыл басынан бері облыста 1,8 мың тонна ет экспортқа шығарылыпты.
– Бүгінде облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 183 кәсіпорын жұмыс істеуде. Бірақ сапалы, терең өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың саны аз. Олардың санын көбейту үшін осы жылы жүзеге асатын 4 жоба өңірдің арнайы картасына енді.
Бұдан бөлек, құны 8 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық бастама қолдау тапты. Дегенмен, бұл бағытты одан ары дамыту қажет. Бұл үшін өңірдің мүмкіндіктері бар, жер ресурстары да, ауа-райы да қолайлы. Тек тиімді жұмыс атқару қажет, – деген аймақ басшысы заманауи агротехнологияларды көбірек тарту үшін мемлекеттік қолдауды күшейтіп, қажет болған жағдайда қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізілетінін де атап өтті.
Ал, ауыл шаруашылығымен айналысатын немесе айналысам деушілерді үлгілі шаруа қожалықтарының базасында жаппай оқыту мақсатында республикалық бюджет есебінен қосымша нақты жоспар әзірленбек. Осы орайда, құрылып жатқан заманауи тұрғыдағы облыстық агроколледж де бұған өз үлесін қосуы тиіс.

Адами капиталды дамытуға – айрықша назар

Президент әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындардың тиімділігін арттыруға ерекше мән беріп, 5 жыл ішінде білім, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 7,4 пайызынан 10 пайызға дейін жеткізу туралы міндет қойды.
Балабақшадағы сапа мен тәрбиешілер еңбекақысын көтеру үшін Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесе отырып, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуды, тәрбиешілердің бірыңғай біліктілік талаптарын енгізуді қамтитын Жол картасын әзірлейтін болады.
Жолдауда үш ауысымдағы мектептер мәселесін шешу де тапсырылды. Облыс әкімінің айтуынша, жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға беріліп, үш ауысымда жұмыс істейтін – 3, апатты жағдайдағы – 3, орын тапшылығы бар 3 мектептің мәселесі шешіліпті.
Енді апатты жағдайдағы төрт және үш ауысымдағы 1 мектеп қана қалып отыр.
– Бүгінгі күні 5 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл 1 үш ауысымды, орын тапшылығы бар 4 мектептің мәселесін шешпек.
Әлеуметтік саладағы нысандарды қажеттілігіне қарай салу бойынша біз бұл жұмысты бастап кеттік. Қазіргі уақытта облыста әлеуметтік нысандардың, соның ішінде мектеп құрылысының үш жылға арналған Жол картасы әзірленді. Оған алдағы уақытта басымдық беріліп отырған 48 білім беру нысанының құрылысы енгізілді. Жол картасы 43 мектептің, оның ішінде 3 апатты және 11 апатты болуы мүмкін, 11 орын тапшылығы бар мектептің, 18 мектепке қосымша ғимараттар мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Осы жерде тағы да еске салуға болады, құрылыс саласында бюджет қаржысын тиімді пайдаланудың арнайы Регламентін бекіттік.
Жобалық-сметалық құжаттар әзірлегенде Регламент қатаң басшылықта болады. Бүгіннің өзінде дайындалған 133 жоба бойынша 10 миллиард теңге үнемделіп отыр.
Мысалы, Жуалы ауданындағы 80 орындық мектеп құрылысының құны 624 миллион теңге. Қайта есептеп, ықшамдау нәтижесінде 289 миллион теңгеге дейін қысқартылды, – дей келе аймақ басшысы Елбасы тапсырмасына сәйкес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер мен балабақшаларды 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамту шаралары қолға алынатынына назар аударды. Айта кетейік, бүгінде облыстағы білім мекемелерінің 90 пайызында бейнебақылау камералары орнатылған екен.
Сондай-ақ, облыс әкімі баяндамасында Мемлекет басшысы Жолдауында айрықша айтылған ұстаз беделін арттыру мәселесіне де тоқталды.
– Биыл педагогтарға ұлттық біліктілік сынағы енгізілді. Аттестациялау нәтижесінде облыстың
2 мыңнан астам мұғалімінің лауазымдық жалақысына 30-дан 50 пайызға дейін қосымша үстемақы биылғы 1 қыркүйектен бастап төленуде.
Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 16 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы 30 пайызға көбейді. Мұның барлығы мұғалім беделін арттыруға бағытталған.
Елбасы алға қойған басты міндеттің бірі – қазіргі және келешектегі нарық сұранысына сай маман даярлау, Қазақстанның білікті мамандары әлемнің әрбір түкпірінде сұранысқа ие болуы қажет. Қазір біздің тарапымыздан осы бағытта нақты қадамдар қабылдануда. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырысты орналастырудың арнайы Ережесі әзірленді. Бұрын тек колледждер мен студенттер арасында келісімшарт жасалған болса, енді жұмыс берушілер – колледждер, аудан және қала әкімдері арасында үшжақты шарттар жасалынуда, – деді Асқар Исабекұлы.
Аймақ басшысының баяндамасында медициналық қызмет сапасын жақсарту мәселесі де аз айтылмады. Жалпы, облысқа әлі 95 алғашқы-медициналық көмек нысанының құрылысын салу қажет екен. Жыл соңына дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде –30, бюджет есебінен 9 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
– Бюджет қаражатын үнемдеу негізінде
95 нысанның құрылысын жүргізу мерзімі 8-10 жылдан 3 жылға қысқарады. Құрылысқа жұмсалатын 6,5 миллиард теңге мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2,3 миллиард теңгеге дейін қысқартылып, қаржы едәуір үнемделетін болды.
Ал, емдеу ісін басқару бағдарламасы 20 емханаға енгізіліп, 180 маман оқытылды.
Осы бағдарламаның жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен 20 пайызға көбейтілетін болады.
Денсаулық сақтау ұйымдарында 121 бастапқы медициналық құжаттама нысандарының 111-і электрондық нұсқаға көшті, – дейді облыс әкімі А.Мырзахметов.
Облыс басшысы баяндамасында облыста онкологиялық диспансердің құрылысы жүргізіліп жатқанын да айтып өтті. Оған республикалық бюджеттен – 250 миллион, жергілікті бюджеттен 83 миллион теңге бөлініпті.
Бүгінде облыс тұрғындарының жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануы үшін қолжетімді 1 605 спорт нысаны анықталыпты. Оның 517-сі Тараз қаласында, 1 088-і аудандарда орналасқан.
– 2019 жылы орта мектептер спорт залдарының толығымен тұрғындарға қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарлануда.
2019-2021 жылдары 30 спорт кешенін салу көзделіп отыр. Сонымен қатар, аулаларда, парктерде, саябақтарда 29 спорт алаңшасын салу жоспарлануда. Бұл нысандардың барлығы халыққа қолжетімді болады, – деді А.Мырзахметов.

Баспана – бақыт шамы

Актив жиынында баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру аясында бірқатар жобалар іске асырылып жатқаны да талқыланды.
Облыс әкімі Тараз қаласындағы қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 462 гектар жер телімінде жаңа екі ықшамаудандардың құрылысы басталғанын жеткізді.
– Аталған аудандарда «7-20-25» бағдарламасы аясында ұсынылатын 480 көпқабатты және 969 жеке тұрғын үй құрылыстары басталып, ағымдағы жылы 10 көппәтерлі үй (800 пәтер), 2019 жылы – 20 үй
(1 380 пәтер) пайдалануға тапсырылатын болады.
Жалпы, Тараз қаласында бағдарламаға қатысуға ниет білдірген азаматтарға ұсыну үшін 686 пәтер дайын.
«7-20-25» – Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы аясында әкімдік пен Ұлттық банктің филиалы, бағдарламаға қатысушы банктер арасында бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілген.
Облыста бір пәтерге ең жоғарғы заем сомасы орта есеппен 12 миллион теңге болса, бір айға төлемақысы 85 мың теңге, ал ең төменгі 5 миллион теңге несиеге айлық төлемақы 35 мың теңгені құрайды (10 миллион – 71 мың теңге, 7 миллион – 51 мың теңге).
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалында бүгінде 44 648 салымшыдан
9,9 миллиард теңге жиналды.
Ипотекалық несиенің алғашқы жарнасының 30 пайыздан 20 пайызға төмендеуіне байланысты пәтер алуға мүмкіндігі бар азаматтардың саны 3 есеге артты. Биылғы жылы тапсырылатын 10 көпқабатты тұрғын үйден пәтер алуға
1 039 азамат ниет білдіріп отыр, – деген облыс басшысы А.Мырзахметов қала, аудан әкімдеріне бағдарламаны халық арасында түсіндіру жұмыстарын әлі де күшейту қажеттігін ескертті. Ал, әкімдік бюджеттік сала қызметкерлеріне алғашқы жарналарды төмендету үшін қолдау шараларын қарастырмақ.
– Мүдделі басқармалар тұрғын үй кезегінде тұрған және жинақ шоттарында алғашқы жарналардың 10 пайыздық мөлшері бар, бағдарламаға қатысуға ниет білдірген бюджеттік сала қызметкерлеріне алғашқы жарналарын субсидиялау үшін бюджеттен қаржы қарау мәселесін пысықтайтын болады, – дейді аймақ басшысы.
«Жолдың жайын жүрген біледі» демекші, зер салсақ мұнда да мәселе көп. Сол себепті, 2018 жылы жалпы жол саласына 12,3 миллиард теңге бөлінген. Елбасы Жолдауында айтылғандай, ішкі өңірлік жолдарды одан әрі жақсарту үшін 50-де 50 схемасы бойынша республикалық және облыстық бюджеттен көктемгі нақтылауда қосымша 2,3 миллиард теңге қаржы бөлінген.
Сондай-ақ, 1 көпірдің құрылысы және 2 жол өткелі қайта жаңғыртылуда.
– Жыл қорытындысымен жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 80 пайызға жеткізуді межелеп отырмыз.
Бүгінгі күнге, қолданыстағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары тізбесіне түгендеу жұмыстары жүргізіліп, заң талаптарына сәйкестендірілуде. Басымдылығына қарай жолдар айқындалып, жүйелі жұмыс атқару үшін жоғарыда мектеп құрылысына қатысты айтылған Жол картасында межелер бекітілді, – деді баяндамашы.
Жолдауда құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет екендігіне де көп көңіл бөлінді. Аймақ басшысы ішкі істер органдарының жұмысын оңтайландыру мақсатында департаменттің 300-ге жуық қызметкері қысқартылып, үнемдеген қаржы жалақыны арттыруға бағытталатынын атап өтті. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерін сервистік модельге көшіру мақсатында ішкі істер департаменті нақты жол картасын әзірлеуі қажеттігін тапсырды. Одан бөлек, полицейлер алдағы уақытта кезекті аттестациядан өтетін болды.

Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат

Аймақ басшысы Жолдауда айтылған мәселенің бірі – мемлекеттік органдарға жалақы төлеудің жаңа моделін енгізу аясында 2019 жылдың
1 қаңтарынан бастап төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысын 2-ден 2,5 есеге дейін өсіру жоспарланғанын жеткізді.
– Бұл үшін облыста әкімшілік шығындарды қысқарту, бөлімдерді біріктіру арқылы мемлекеттік органдарда басшылық құрамды азайту, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, ведомстволық бағыныстағы мекемелерді оңтайландыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік органдарға жалақы төлеудің жаңа моделін енгізу нәтижесінде, 2 380 мемлекеттік қызметшінің жалақысы өседі. Ал, келер жылы жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің кемінде
80 пайызы электронды түрде көрсетілуі тиіс. Бүгінгі күні лицензиялаудың барлық түрлері, рұқсат беру және хабарлама құжаттары «е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық түрде көрсетіліп келеді, – деді облыс басшысы А.Мырзахметов.
Жасыратыны жоқ, бұл салада біраз ілгерілеу бар. Мәселен, жыл басынан «электрондық үкімет» порталы және халыққа қызмет көрсету орталығының бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы тұрғындарға «бір өтінім» қағидаты бойынша қызмет көрсету үшін мүмкіндік жасалып келеді.

Жастарға баса мән беріледі

Асқар Исабекұлы әрбір облыс тұрғынының елде, облыста жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін жете түсінуге күш салу қажеттігіне назар аударды.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуы баршамызға қатысты. Жамбыл облысы экономикасының басымды бағыттарының бірі ретінде туризм саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. 2018 жылдың басынан бастап аймақтағы туризмді дамыту мақсатында облыстың оңтайлы имиджін қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Саладағы ресурстарды жүйелеу мен бар резервтерді бірлестіру үшін туризмді дамыту үрдістері мен негізгі бағыттары айқындалған «Ішкі және кіру туризмін дамыту аймақтық картасы» әзірленді.
Дамыту картасына сәйкес, облыстағы туристік бизнес нысандары мен субъектілеріне кешенді түгендеу жұмыстары жүргізілді, – деді А.Мырзахметов.
Мәселен, жыл басынан бері жалпы сомасы 5,4 миллиард теңгені құрайтын бірқатар нысандар құрылысы жоспарланған. Оның ішіне 5 қонақүй,
5 мейрамхана, тау-шаңғы базасы кіріп отыр.
– Биылғы Жолдау жастарға тың серпін береді. Себебі, Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жастарға саналы тәрбие мен заман талабына сай сапалы білім беру – баршамызға ортақ міндет, – дей келе облыс басшысы бүгінде өңірде 240 мыңнан астам жас бар екенін, бұл – облыс халқының 21 пайызын құрайтынын тілге тиек етті. Сондықтан, олармен жұмыс жүйелілікті, мақсатты жоспарды талап ететінін ескертті.
Баяндамада айтылғандай, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі есепті мерзімде 2,4 пайызды құрап, сондай-ақ, NEET (жұмыссыз, оқымайтын) санатындағы жастардың үлесі былтырғы 15,7 пайыздан 9,2 пайызға дейін кеміпті.
– Жастардың кәсіпкерлігін дамытуға тиісінше мән берілуде. Биыл тұңғыш рет облыста «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы сәтті жүзеге асуда. Қазіргі таңда 222 жоба қолдау тауып, 435 миллион теңге инвестиция тартылды. Осы орайда, кәсіпкерлік, жастар саясаты басқармалары мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жобаның тиімділігіне терең талдау жасай отырып, жобаның өңірлік баламасын әзірлеу жөнінде ұсыныс енгізуді қажет деп санаймыз, – деді облыс әкімі.
Баяндама соңында Асқар Исабекұлы Мемлекет басшысының Жолдауы әрбір азаматтың өмір сапасын арттыруға бағытталып отырғанын, сол себепті Жолдаудың талаптарын орындау – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін кезекті мәрте еске салды. Оған қоса, бекітілген кестеге сәйкес облыстық ақпараттық топ елді мекендерге шығып, тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізу жоспарланғанын тілге тиек етті.
Баяндама аяқталған соң жарыссөзге кезек берілді. Мінберге көтерілген азаматтар маңызды міндеттерді қолдайтындығын жеткізіп, өз ой-пікірлерімен бөлісті. «Манат» шаруа қожалығының жетекшісі Саха Манатов Жолдаудың әрбір бағытының халық үшін берері мол екенін, әсіресе, еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейтудің тиімділігін тілге тиек етті. Бұл үдеден шығуға өзі басқаратын агроқұрылымның да үлес қосатындығын айтты. «Жамбылгипс» АҚ-ның техникалық директоры Болат Таласбаев зауыт жұмысының «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жанданғандығын, Жолдауда аталмыш бағдарлама мерзімінің 2025 жылға дейін ұзарту туралы тапсырылуы кәсіпкерлерді қанаттандыра түскенін жеткізді. Ал, №3 арнайы мамандандырылған дарынды балаларға арналған орта мектептің мұғалімі Гүлшат Өтегенова Елбасының мұғалімдердің мәртебесін жоғарылату туралы ұсынысы барша педагогтарды айрықша қуантқанын, ұлағатты ұстаздардың ұрпақ тәрбиелеу жолында тынымсыз тер төге беретіндігін сөз етті. Облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Қайрат Жетібаев Жолдауда келер жылдан бастап барлық емдеу мекемелерінің цифрлы құжатқа көшу қажеттігі дер кезінде көтеріліп отырған мәселе екендігін алға тартты. Сонымен қатар, медициналық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған басымдықтардың барлығы да құптауға тұрарлық қадамдар екенін айтты. Өз кезегінде сөз алған «Жамбылхимстрой­инжиниринг» ЖШС директоры Юрий Минаков:
– Елбасының Жолдауында құрылыс саласы да назардан тыс қалған жоқ. Әсіресе, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын Президент тез арада іске қосуды тапсырғанын бұқара ыстық ықыласпен қабылдағаны анық. Біздің серіктестік алдыңғы жылдары жылына 5-6 үйдің құрылысын жүргізетін. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 23 көпқабатты үйдің құрылысы жанданып, қазір оның 17-сі ел игілігіне берілді. Қалған 6 үйдің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделуде. Бұдан бөлек, Тараз қаласынан коттедждік үйлерді тұрғызу да жоспарлануда. Ол үшін арнайы жер телімі белгіленіп, бұл жұмыстарды 3-4 жылдың ішінде аяқтау көзделуде.
Біз құрылысшылар Елбасының Жолдауын әрдайым қолдаймыз. Және белгіленген меже мен тапсырманы дер кезінде сапалы орындауға сақадай сай дайынбыз, – деді. Ал, облыстық ішкі істер
департа­мен­тінің бастығы Арман Оразалиев:
– Мемлекет басшысы тапсырғандай, полиция қатарында қызмет ететін тек үздіктерді іріктеу мақстатында алдағы уақытта барлық қызметкерлерді аттестациялаудан өткізу жоспарланып отыр. Аттестациялау барысында қызметкерлердің кәсіби даярлығы, дене шынықтыру деңгейі, заңнаманы білу және логикалық ойлау қабілеті компьютерлік тестілеуден өткізіледі. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлерінің біліктілігі мен кәсіби деңгейін жоғарылату мақсатында 152 маманды қайта даярлау және 133 қызметкерді арнайы бастапқы оқыту курстарына жолдау көзделуде.
Сала мамандары бүгінде «Ингул» интерактивті мультимедиялық тирді қолдану арқылы нақты жауынгерлік жағдайдағы біліктіліктерін шыңдауда. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Халық қаhарманы Ғ.Байтасов атындағы оқу-жаттығу полигонында 28 оқу-жаттығу жиыны өтіп, 1 180 қызметкер шеберлік сабақтарынан дәріс алды. Атап өту қажет, біздің департаментте қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында барлық қажетті жағдай жасалған, – дей келе облыстық ішкі істер департаменті Елбасының Жолдауын жүзеге асыру бойынша нақты жоспарлар қабылдайтынын жеткізді. Жиында сөз тізгіндеген мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев:
– Елбасының халықтың табысы мен тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған Жолдауы баршамыздан өз қызметімізге тиімділік тұрғысынан қарай отырып, жұмыс тәсілдерін өзгертуімізді талап етіп отыр.
Мемлекет басшысы айтқандай, сапа облыстағы
5 мыңға жуық мемлекеттік қызметшінің жаңа стиліне, өзін-өзі жетілдіру басты қағидатына айналуы керек. Сапа тек бәсекелестік ортада қалыптасатыны, бәсекеге қабілеттілік сол ортада шыңдалатыны баршаға аян. Мәселен, бүгінгі күні облысымызда бір басшыға шаққанда бір орындаушыдан келіп отыр. Мұндай мемлекеттік органның ұйымдық құрылымының көптармақтылығы өз кезегінде бизнес-процестерді күрделендіріп, қатардағы маманның жұмыс ауқымын көбейтуде. Жолдауда көрсетілген тиімсіз шығындарды оңтайландыру мен басшылық құрамды қысқарту есебінен төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысын 2,5 есеге дейін өсіруді көздейтін жаңа модельдің енуі, аталған түйткілді мәселелерді шешпек. Тек бұл істе сапалы талдау мен тыңғылықты көзқарасымыз қажет, – деді.
Сонымен қатар, актив жиынында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Руслан Исмазов сөз алып, Президенттің жаңа Жолдауында спорт саласына айрықша көңіл бөлінгеніне тоқталды. Осы орайда, ол осыдан 5 жыл бұрын ойлап тапқан «Ордабасы» ойынының тәрбиелік маңызына тоқталды. Ал, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Үміт Илияс 2019 жылдың «Жастар жылы» болып жариялануы зор қамқорлық әрі үлкен жауапкершілік екенін, Елбасы сенімін ақтауда өз замандастарының аянып қалмайтындығын айтты.
Осылайша Жамбыл жұртшылығы жаңа Жолдауды жүзеге асыру жолында жұдырықтай жұмылып, жүйелі жұмыс атқаратындықтарын айқын аңғартты.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.