Жолбарысқамал: аңыз бен ақиқат

923

Жуалы ауданының Қошқарата аумағы талай тарихи оқиғалардың куәсі болған . Ондағы Ордақонған, Қос Тұра, Ақтасты, Сүңгі, Шаңлақты, Жолбарысқамал, Садырқамалда небір жорықтар өткен. Сондай тарихи орындардың бірі – Жуалының солтүстігіндегі Жолбарысқамал.Тарихқа көз жүгіртсек, екі Жолбарыс ханның болғанын білеміз. Оның бірі – Хиуада билік құрған Жолбарыс хан, екіншісі – Ұлы жүз руларын билеген Абдоллаұлы Жолбарыс. Біз Ұлы жүздің ханы Абдоллаұлы Жолбарыс хан туралы сөз еткелі отырмыз. Оның хандық құрған мезгілі – 1720-1740 жылдардың арасы. Ташкент қаласы тұрғындарының атынан Жоңғар хандығына алым-салық төлеп тұрған.
1728 жылы Төле би, Әбілқайырмен бірге Қаратау өңірін, Талас, Шу бойын жоңғарлардан азат еткен шайқастарға басшылық еткен. 1729 жылы Аңырақай шайқасына қатысқан. Жолбарыс хан кейін Абылаймен қосылып, жоңғарларға қарсы күрес ұйымдастырады. Соның нәтижесінде Ташкент, Шымкент, Сайрам, Түркістан қалалары жоңғар басқыншылығынан азат етілді.
Жолбарыс хан 1740 жылы Ташкент қаласында қаза тауып, Түркістандағы Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. Оның шыққан тегіне байланысты деректерді Қазыбек Тауасарұлының жазбаларынан білеміз. Төле би мен Қазыбек би қазақтай бейбіт жұртты билейтін, бейбітшілікті жақтайтын, әділ хан тәрбиелемек болады. Содан Арғын Нұрғожа бидің Қарымсақ деген баласының әйелі өмірден өтеді. Артынан Қарымсақ бақиға аттанады. Олар құндақтағы тұл жетім сәбиді ұрлатып алып, перзентсіз Абдоллаға береді. Сәбиге Жолбарыс деп ат қояды. Сәбиді емізген Абдолланың әйелінің емшегінен сүт шығып, бір жылдан соң Әбілқайырды босанады. Жолбарыс өсе келе Төле бидің тәрбиесінде болып, екі бидің қолдауымен Ұлы жүздің ханы сайланады.
Жуалы жеріндегі Жолбарысқамалды Жолбарыс хан 1733-1734 жылдары мекен етеді. Оны бұл жердің табиғаты, қазақ жасақтарын орналастыруға ыңғайлылығы, өзара қимыл үйлестіруге қолайлылығы қатты қызықтырады. Сондықтан ол жан-жаққа хабаршы аттандырып, осы Жолбарысқамал сайында мықтап әзірленіп, қаруланып, бірігіп, қалмақтарға соққы беруге бел буады. Ұлы жүз бен Орта жүз жасақтары бір-бірінен алшақ жатып ата жауға осылай соққы беруді жоспарлайды.
Жолбарыс ханның бұл жоспарына алғаш келісім берген Орта жүздің ықпалды биі Ескелді болады. Ол Жолбарысқамалға жақсы қаруланған бес жүз қаралы жасақты көктем шыға жөнелтуге уәде етеді. Ескелді би жасақты бастап баруды бұрын талай сынақтан өткен Балпық батыр Дербісәліұлы, Қабан жырау Асанұлы, немере ағайынды Малтабар мен Құлжан батырларға тапсырмақ болады. Бірақ бұл жоспар іске асқан жоқ. Себебі 1735 жылы қыс ерте түсіп, Жуалы жұртын қыспаққа алады. Қар адам бойындай болып қалың жауып, оған ұйытқыған батыстың желі қосылады. Ханның айналасындағы ел-жұрт, азын-аулақ әскер, төлеңгіттер осы қалың қардың құрсауында қалады. Қыста тар қуысқа тығылған Ұлы жүз ханының төңірегіндегілерді жұт жұтатады. Осылайша көктем тууын күтіп қамсыз отырған Жолбарысқамалдағы хан ордасына жоңғарлардың қанқұйлы қолбасшысы Сары-Манжы наурыз айында шабуыл жасап, басып алады. Хан оларға қарсылық көрсете алмайды. Олар Жолбарыс ханды Ташкентке әкеліп, сол жердің билеушісі етіп қояды.
Жолбарыс хан Ташкенттің билеушісі болғаннан соң қалмақтардың әмірін орындайды. Ол елден салмағы ауыр алым-салық жинауға көшеді. Хан деген аты болмаса, сол Ташкент маңындағы егінші, малшы, дүкенші, ұста сияқты қарапайым халықтан қалмақ бегінің салық жинаушысына айналады.
Жолбарысқамалды қалмақтар иемденіп алады. Бұл туралы тарихшы Ұзақбай Доспанбетов: «Жолбарыс хан тұрған Жолбарысқамал мен Қаратаудың бойындағы адам мен малға жайлы өзге де жерлер қалмақтардың мекеніне айналады. Шөбі шүйгін, суы бал, аң мен құсы садақ жебесіне өзі кеп ілігетін Жолбарыс ханның мекеніне қалмақтар орнықты. Сөйтіп, қазақтардың желкесіне мініп, саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған сипатта еді» деп жазады. (Ұ.Доспанбетов. Абылайдың ақ туы, Томирис 21. Алматы. 2016, 249-бет).
Жолбарысқамалдағы бұл оқиғаны Бақтияр Әбілдаұлы былай баяндайды: «Қаратаудың ең құйқалы, қордалы жайлауын кезінде Ұлы жүздің ханы Жолбарыстың өзі жайлайтын. Жолбарыс хан өлген соң бұл жайлауды жоңғарлардың хонтайшысы Қалдан-Сереннің өзі иемденіп алды. Сірә, сонау жоңғарлардың астанасы Ұрғадан Ташкентке дейінгі ұлан-ғайыр жерден дәл осындай саялы жұмақ таппаған болар. Хонтайшы келмесе, бұл жерді соның атынан билейтін тайшы жайлайды…» (Б.Әбілдаұлы. Сиқым Рысбек батыр. Алматы. Мерей 1994. 71-бет).
Бұл жер – Қаратаудың теріскейіндегі Жуалы ауданының Түркістан облысымен шектесетін тұсындағы үлкен сай. Оның бас жағында осы саймен жалғасқан Кемпірөлген және Ақжар аталатын жыралар бар. Сай табанында жан-жақтан қосылатын бұлақтардың суы кішігірім өзенге айналады. Жолбарысқамал сайының екі қапталындағы жартастардың жалпақ беттерінде сонау бағзы замандардан қалған шимай суреттер (петроглифтер) бар. Түрлі адамдар мен аңдардың әртүрлі қимылдарын бейнелейтін суреттер көне дәуірдегі бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарына қалдырған мұрасы іспетті.
Сай табанындағы шағын өзеннің жағасында итмұрын, шеттік, қара долана, жабайы алма, қаратал, жалбыз сияқты өсімдіктер өседі. Жолбарысқамалдың күнгей бетінде киікоты, жусан, бетеге, тобылғы, тасжарған сияқты өсімдіктер жыл он екі ай мал жайсаң да мұрты бұзылмай тұтасып тұрады. Әсіресе көктем айларында беткейде қызғалдақтар құлпырады. Жазы шыбын-шіркейсіз қоңыр салқын, жайлы. Жолбарысқамалдың табиғаты керемет-ақ. Дегенмен қыс айларында көрсетіп қалатын мінезі де бар. Батыстан шығысқа қарай азынап жел соғады. Жел бір күн тоқтамаса үш күнге, ұзаса жеті күн борандатады.
Осы Жолбарысқамал туралы ерте заманнан ел есінде қалған аңыз бар. Бұл жерде бұрын ит тұмсығы өтпейтін ну қамыс, қалың жыныс болған екен. Сол қалың қамыс арасын жолбарыстар мекендеген деседі. Батыр бабаларымыз олардан құтылмақ болып, қырып салыпты. Сонда өлген жолбарыстардың ішінде қызыл түлкі болыпты-мыс. Қырғыннан тірі қалған қызыл түлкі Алланың әмірімен қызыл жолбарысқа айналып, барша қазақтың киесіне айналған деседі.
Алты алаштың неше заманғы жау шапқыншылығынан қашып құтылып жүргені сол киенің арқасы екен. Жер атауы сондықтан «Жолбарысқамал» аталыпты. Ташкент шаһарында Жолбарыс хан 1740 жылдың мамыр айына дейін билік құрады. Сөйтіп 49 жасында кісі қолынан қаза табады.
Жолбарыс ханның өлімі туралы түрлі дерек бар. Қазыбек Тауасарұлы оны Шахрух бидің қызметшісі, тәжік жігіті Файыз өлтіргенін айтады. Шахрухтың Әбдірахым, Әбдікәрім деген балалары Жолбарысқа көптен бері өшігіп жүреді. Файыз солардың жұмсауымен ордасында жатқан ханды бауыздап кетеді.
Тарихшы Ұ.Доспанбетов Жолбарыс хан салық төлеуші өзбек ақсүйектерінің сөз ұстарлары әкелген шараптан ішіп, уланып өлгенін айтады. Жазушы Ә.Бақтиярұлы: «Ақтабан шұбырындының үркіншілік жылдарында Төле би бастаған Ұлы жүздің біраз тайпалары Өзбекстан, Қарақалпақстан жеріне өтіп кетеді де, Ташкент жаудан азат етілген соң атажұртқа қайта оралады. Бұл кезде Ұлы жүздің қаласы Ташкентті және оның төңірегін Жолбарыс хан иемденіп алады. Бұған төзбеген Төле би Жолбарыс ханнан қаланы қайта тартып алады. Осы соғыста ол ауыр жараланып, сол жарақаттан қайтыс болады. Төле би оны кешегі ата жауым демей, ханды құрметпен Түркістанға апарып жерлейді» – деп жазады.
Жуалы өлкесінің Қошқарата аймағындағы Жолбарысқамал аталатын жер – Жолбарыс ханның құрметіне қойылған антропонимдік атау. Мағынасы Жолбарыс ханның (қар құрсауында) қамалған жері дегенді білдіреді. Осы Қошқарата аймағындағы бірқатар жер-су атаулары қалмақтардан қалған. Мысалы: «Боралдай» атауы – қалмақша лай су дегенді, «Тұра» (Үлкен Тұра, кіші Тұра) сөзі – қақпа деген мағынаны, «Шаян» сөзі – шығыс, «Өгізарал» сөзі сулы жер деген мағынаны білдіреді.
Біз сөз етіп отырған Жолбарысқамал деген жерді бүгінде көпшілік біле бермейді. Бұл жөнінде І.Есенберлиннің «Көшпенділерінде», Ә.Кекілбаевтың «Үркерінде», Е.Тұрысовтың «Бәйдібегінде», Ұ.Доспанбетовтің «Абылайдың ақ туы» романдарында деректер келтірілген.

Дәулетжан БАЙДАЛИЕВ, 
өлкетанушы.

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.