ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

225
Күні кеше ғана ауданымыздағы халықтық атағы бар қалалық «Шу қаған» және аудандық «Шу» театрлары облыс орталығында өткен «Театр – өмір айнасы» атты фестивальдан жүлдемен оралған болатын.
Көрнекті қайраткер Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған фестивальде облысымыздағы аудандар мен Тараз қаласынан 12 халық театры бақтарын сынап, нәтижесінде жерлестеріміз «Үздік спектакль» номинациясымен марапатталды. Заңғар жазушының «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын сахналаған аудандық халық театрының үздіктер қатарынан көрінуі аудандағы мәдениет пен өнер, руханият саласына ерекше серпін береді деген сенімдемін.
Осығар орай, бүгін қос театрдың ұжымымен кездесіп, ауданымыздың намысын абыроймен қорғап шыққандарына алғыс білдіріп, құрмет көрсеттік.
Қадыр Жетпісбаев сынды театр тарланы, білгір режиссер туған Шу өлкесінде де халықтық атағы бар қос театр жергілікті жұртшылыққа қызмет етіп келеді. Олар әрбір қойылым арқылы өз көрермендеріне оймақтай ой сыйлап жүргені сөзсіз.
Тіпті, облыс көлемінде де айтарлықтай жетістіктерге жетіп, сахна саңлақтарынан лайықты бағасын алып келеді. Осы ретте жанкешті еңбек етіп жүрген жерлестеріміздің алдағы еңбегі мен шағырмашылығына табыс тілеймін.
Сәкен Арубаев, Шу ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.