Жемқорлық – қоғамның өзекті мәселесі

822

Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/2 мекемесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты жиын өтті. Мекеме бастығы Еркін Нұрбаевтың бастамасымен өткен басқосуға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің маманы Данияр Тұрмаханбетов қатысты.
Жиын барысында сыбайлас жемқорлық қоғамдағы өзекті мәселелердің қатарында тұрғаны айтылып, Д. Тұрмаханбетов мекеме қызметкерлеріне арнайы баяндама оқыды.
– Мемлекеттің алдында тұрған басты мақсаттардың бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлықтың деңгейін барынша төмендету және азайту болып табылады.
Сондықтан еліміздің стратегиялық құжаттары осы келенсіз құбылыспен күресуде мемлекет пен бүкіл қоғамның күшін біріктіруге бағыттайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі үш бағыты бар. Қазіргі уақытта Агенттіктің бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.
Осындай жобалардың бірі өскелең ұрпақ арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты дамыту үшін еліміздегі барлық мектептерде «Адал ұрпақ» клубтары ашылды. Колледждер мен жоғарғы оқу орындары деңгейінде академиялық адалдық қағидаларын және олардың қызметінің ашықтығын нығайтуға бағытталған «Саналы ұрпақ» жобасы іске асырылуда. Арнайы жоспар бекітіліп, жоспарға сәйкес оқу орындарында жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар өткізілуде.
Сонымен қатар, жоба аясында жоғары оқу орындары, колледжер мен мектептерде «Адалдық дүкендері» ашылуда.
Мұнда, әрбір азамат өзіне қажетті сомаға тауар алып, арнайы қорапқа алған заттың бағасына сәйкес ақшасын қалдырады. Осындай тәжірибені енгізу – азаматтарда оңтайлы моральдық қасиеттерді нығайтуға, сонымен қатар ішкі парасаттылыққа және адалдыққа тәрбиелеуге бағытталған. Бұл факторлар «сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитеттің» қалыптасуына да тікелей әсер етеді. Жобаның іске қосылуы қоғамда біртіндеп сенім ахуалын құруға және азаматтарға өздерін адал адам ретінде танытуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда «Адалдық дүкендері» мемлекеттік органдарда да ашылуда, – деді департамент маманы.
Сонан соң «Адал жол» жобасы туралы түсінік берілді. Атап айтқанда, темір жол көлігі саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің себептері мен шарттарын анықтау мақсатында іс-шаралар өткізіп келеді екен. Нәтижесінде, Жамбыл вокзалы қызметшілерінің заңсыз түрде билет табуға және билетсіз жолаушыларды отырғызуға өз көмектерін ұсыну фактілері анықталған. Осылайша, Жамбыл темір жол вокзалының 2 қызметшісі билет табуға және билетсіз жолаушыларды қабылдауға заңсыз делдалдық жасағаны үшін жұмыстан босатылыпты.
Ал, «Жамбыл адалдық алаңы» жобасы аясында тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдай жасауға ден қойылған. Қазіргі таңда жоспар әзірленіп, бекітілді. Кеңсе жыл бойы осы жоспарға сәйкес жұмыс жасайтын болады. Сонымен қатар, жоба аясында бағыныстағы қызметкерлер жасаған қылмыстық істер және өрескел тәртіптік теріс қылықтары үшін бірінші басшылардың дербес жауапкершілігі қарастырылған.
Келесі кезекте Д. Тұрмаханбетов қылмыстық атқару жүйесіндегі жемқорлықпен күрес шаралары туралы баяндады.
– Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету қажеттілігін жиі атап өтуде. Осыған байланысты, Алматы қаласы мен Қызылорда облысының қылмыстық атқару жүйесі департаменттерінің тәжірибесін атап өтуге болады. Осы өңірлерде жергілікті бюджет қаражатынан қылмыстық атқару жүйесі департаменттеріне қарасты 2 мекемеде (ЛА-155/18 және ЗК-169/1 мекемелерінде) фронт-офистері ашылды.
Фронт-офистердің негізгі мақсаты – қызметтің ашықтығы мен азаматтарды қабылдау үшін ыңғайлы жағдай жасау болып табылады.
Бұрын сотталушының туыстары мен адвокаттары мекеме алдында сағаттар бойы күтіп тұратын болса, қазіргі таңда электронды кезек жүйесі енгізіліп, күту уақыты 2-3 сағаттан 20 минутқа дейін қысқарды. Сонымен қатар, бірыңғай өткізу пінктің арқасында тыйым салынған заттарды алып өту мүмкіндігі азайды.
Жоғарыда айтылғанның негізінде, Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне бағынысты мекемелерінде аталған тәжірибені енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз, – деді маман.
Жиын соңында мемлекеттік қызметшілердің жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға байланысты ақпараттар ұсынылып, сұрақтарға жауаптар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.