Жасыл ел – жасыл желек

295

Жастар – кез-келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі,қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі жастардың қоғамдық өмірден еш уақыт қол үзбей, өз елін сүюге, салт- дәстүр мен әдет-ғұрпын білуге тәрбиелеу ел алдында тұрған зор міндеттердің бірі. Қазіргі уақыт талабы жаңаша дүниелік көзқарас тұрғысынан жаңаша ойлап,шешім қабылдай алатын, креативті ойлау қабілеті дамыған тұлғаны, өз елі мен жерінің көркеюіне барынша үлес қосатын ел жанашырларын дайындауды міндеттеп отыр. Әдет-гұрып демекші, қазақта әрбір нәрсе тазалықтан басталған, яғни қазақ тазалықты әдетке айналдырған халық, әрине, Ислам діні де тазалыққа ерекше көңіл бөлгені хақ. Тазалық тек адамның жеке басымен шектелмейді, жан тазалығы, тіл тазалығы және де өмір сүріп отырған ортаңның тазалығы. Осы орайда жастарды еңбексүйгіштік пен тазалықка жетелейтін «Жасыл ел» бағдарламасы – Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Міне, тап сол жылы Астана қаласында «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағы­ның Республикалық штабы құры­лып, ұлан-ғайыр мекеннің барлық аймағында бөлімшелері ашылып, өз жұмысын қызу бастап кеткен еді. «Еңбек етсең емерсің» деген философияны өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырып отырғаны рас.«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді халқымыз. Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Жасыл желек – жан саясы. Қай дамыған мем­лекетті алып қарасаңыз да, жас­тардың белсенділігі өте жо­ғары еке­нін көріп, бар шаруа жас­тардың жұ­мыла қатысуымен бітетінін аңғаруға болады. Сондықтан бізде де елі­міз­дің гүлденуі үшін жұмыла жұмыс жасауымыз ке­рек. Бұл бағдарламадағы басты ба­ғыт – табиғатты қорғау, экология­ны сақтауға ғана емес, жас­тардың тәр­биесі мен еңбекке баулу. Мен өзім де осы жасыл ел бағдарламасы арқылы жазғы демалыстың бос уақытын жұмыс жасап, жаңа достар тауып өте пайдалы арнаға өзгерттім деп нық айта аламын. Мұнда жұмыс істеу тек қоршаған ортаны тазартумен шектелмеді, әлемге деген көзқарасың да өзгеріп бастайды екен, олай деуімнің себебі, адам өзі қандай да бір іске араласып, қазанында қайнағасын сол нәрсенің қандай еңбекпен,қиындықпен келетінін түсінеді. Өзіміздің арамызда да жұмыс жасаушы жастар қалжыңдап «енді қокысты орнына тастайтындай боламын ғой» деп жатады, кез келген қалжыңның астарында бір мән жататыны секілді бұны да бір тәлім,сабақ алушылық десем қате кетпеспін деп ойлаймын.

Болашақ жастардың қолында деген ұрандарды жиі айтып, елімізде осы мақсаттарда «Жасыл ел» бағдарламасынан бөлек қолға алынып жатқан жобалар аз емес. Тек оны өз керегіне қарай пайдалану әрбір жастың құзырындағы жұмыс. Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға әрбір жастың өз ұмтылысы болуы тиіс. Өйткені, өмір, ағыны тоқтамақ емес, жастық шақтың да жарқ етіп өте шығары баршаға мәлім. Қашан да, болашағын алыстан бағамдайтын қазақ «қыстың қамын жаз ойла» демеуші ме еді… Ендеше, Қазақстанның жарқын болашағы үшін қандай да бір іс тыңдыруға міндетті екенімізді естен шығармайық!

 

САБДЕНБЕКОВА АРУЖАН ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.