Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Жастар жылының салтанатты ашылуын тікелей эфирден Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің жастары да тамашалады. Мәні мен маңызы зор бұл басқосу бұрынғы жиындардан өзгерек болды. Келешектің үмітін арқалаған елдің ертеңгі зиялылары ортаға шығып, өз жетістіктерін паш етті. Болашаққа межелі міндеттер мен мақсат қоюға айқын жол ашқан, мүмкіндік берген Елбасына алғыстарын айта отырып, Жастар жылына өз ұсыныстарын білдірді. Тыңдай отырып, ойға шомдық. Өйткені сан қырлы спикерлердің барлығы да өзіміз сияқты азаматтар. Білім алды, биікке ұмтылды. Мақсатына жетті. Замандастарымыздың жетістіктері қай-қайсысымызға болса да серпіліс сыйлағаны сөзсіз.
Аталмыш басқосуда жастарға қатысты түйткілді мәселелер толықтай қамтылды десе болады. Елбасы жастарды толғандыратын негізгі дүние жұмыссыздық емес, мамандықты дұрыс таңдай білуде екендігін баса айтты. Оның ішінде иен даланы кәдеге жаратып, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, туризм саласын дамыту, шығармашыл жастарға қолдауды күшейту, сонымен қатар ауыл жастарын кәсіпке кедергісіз араластыру сынды негізгі мәселелер шешімін тауып, қолдау күшейтілетінін айтты. Салтанатты шараны тамашалай отырып, біздерге зор сенім мен үміттің артылып отырғанын тағы бір мәрте ұғындым. Алдағы уақытта осы мақсаттың аясында талай межелі міндеттер күтіп тұр. Елбасы артқан сенімге селкеу түсірмес үшін біз де аянбай, бар күш-жігерімізді саламыз деген ойдамын.
Ерғали Әбуғали,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің Жастар ісі жөніндегі
комитет маманы