«Жастар Рухы»: ШЫҰ жастар лагерінің жұмысы жалғасып жатыр

104

Бүгін «Bir Tolqynda» пікірталас алаңында «Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім» жастар саяси лагерінің делегаттары жастар қозғалыстарының ынтымақтастығы мен халықаралық диалогын дамыту перспективаларын талқылады. Лагерь Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының қолдауы аясында өтіп жатыр.

Лагерь жұмысына Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Қытай, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Үндістан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген 300-ден астам делегат қатысуда. Ұйымдастырушы – «Жастар Рухы» жастар қанаты.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек өзінің құттықтау сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды қолдауға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы өзінің қыркүйек айындағы Жолдауында Қазақстан әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі саналатынын атап өтті – азаматтарымыздың орташа жасы небәрі 32 жасты құрайды. Жастар – жасампаз істердің, жарқын болашақтың жаршысы. Сондықтан «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі бола отырып, жастар үшін әділ әлеуметтік лифт жасау міндетін өз мойнына алды. Қазақстан – тәуелсіз мемлекетте дүниеге келген және өткеннің қасаң шеңберінен тыс ойлайтын жастар елі. Партия жастармен бір толқында. Бүгінде қоғамның әр саласында жетістікке жеткен дарынды жастарымыз көп. Олар егемен елдің жаңа тарихын жасап, дамуына өз күш-жігерін салуға дайын», — деді ол.

Атқарушы хатшының айтуынша, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін 1,5 млн-нан астам жас қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз ету, жұмыс істейтін жастарға жалдамалы тұрғын үй беру, ауылдағы жас дәрігерлерге көтерме жәрдемақыны 10 миллион теңгеге дейін арттыру, жас ғалымдарға ғылым гранттар бөлу, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арналған шәкіртақы мөлшерін арттыру және т.б. жоспарланып отыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, лагерьдің негізгі аспектілерінің бірі – жастарды өз елінің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуға ынталандыру. Жас көшбасшылар мен қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, азаматтық қоғамды нығайтуға және демократиялық институттарды дамытуға ықпал ететін бірлескен шешімдерді іздейді.

«ШЫҰ аясында өтіп жатқан жастар саяси лагері қатысушы елдерді біріктіретін ортақ құндылықтарға баса назар аударады. Бұл түрлі мәдениетті құрметтеуді, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауды, сондай-ақ әділдік пен экономикалық дамуға ұмтылуды қамтиды», — деді «Жастар Рухы» төрағасының орынбасары Ақерке Искандерова.

Осы күні белгілі саясаттанушы Серік Қалқаманов мемлекеттік саясат бойынша оқыту семинарын өткізсе, ал коуч Шыңғыс Зипатолла «Tazalike» қозғалысы аясында Орталық Азияның өзекті экологиялық проблемаларына тоқталды.

 

 

https://turkystan.kz/article/233796-zhastar-ruhy-shy-zhastar-lagerini-zh-mysy-zhal-asyp-zhatyr

Leave A Reply

Your email address will not be published.