Жасанды интеллект ең қауіпті бактерияға қарсы дәрі табуға көмектесті

102

Ғалымдар жасанды интеллекттің көмегімен планетадағы ең қауіпті бактерияның бірін тиімді бейтараптандыруға қабілетті антибиотикті тапты. Тurkystan.kz бұл туралы BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Канада мен АҚШ ғалымдары жетілдірілген жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы микробқа қарсы күресте үлкен жетістікке қол жеткізді.

Зерттеу барысында олар ең қауіпті бактерияның бірі, жара инфекциясы мен пневмонияны тудыратын Acinetobacter baumannii-ге назар аударды. Бактерияның бұл түрін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ең қауіпті үш «супербактерияның» бірі деп есептейді.

Acinetobacter baumannii көптеген антибиотикке төзімді келеді. Сондықтан ауруханалар мен қарттар үйлерінде айтарлықтай проблема пайда болып жатыр. Сонымен қатар бұл бактериялар медициналық жабдықтарда өмір сүре алады.

Жасанды интеллекттің көмегімен ғалымдар химиялық заттарды дұрыс таңдай алды. Осы зерттеудің нәтижесінде абауцин деп аталатын күшті эксперименттік антибиотик анықталды. Дегенмен, оны іс жүзінде қолданбас бұрын, қосымша сынақтар мен тексерулер қажет.

Жасанды интеллект жаңа антибиотикті табуға қалай көмектесті?

Макмастер университетінің ғалымы, доктор Джонатан Стоукс Acinetobacter baumannii-ді «Қоғамның бірінші нөмірлі жауы» деп атады. Өйткені ол барлық дерлік антибиотикке төзімді.

Жасанды интеллект ең қауіпті бактерияға қарсы дәрі табуға көмектесті
Джонатан Стоукс
Фото: ВВС

Зерттеу көрсеткендей, скринингтік әдістермен A.baumannii-ге қарсы жаңа антибиотиктерді табу мүмкін болмады. Сондықтан ғалымдар бұл процеске көмектесу үшін жасанды интеллектті үйретуге мәжбүр болды. Олар белгілі химиялық құрылымы бар мыңдаған препаратты қосып, бактерияны жоя алатын немесе әлсірететіндерді анықтау үшін олардың Acinetobacter baumannii-ге әсерін қолмен тексерді.

Жиналған ақпарат жасанды интеллектті үйрету үшін пайдаланылып, оған енгізілді. Осылайша ЖИ осы бактерияға шабуыл жасай алатын препараттардың химиялық қасиеттерін талдай алды.

240 қосылыстың қысқаша тізімін жасау үшін ЖИ-ге бір жарым сағат қажет болды. Зерттеушілер оны зертханалық жағдайда сынап көріп, тоғыз ықтимал антибиотикті тапты.

Олардың бірі – абауцин. Өте күшті антибиотик болып шықты. Зертханалық тәжірибелер ол тышқан жараларын емдей алатынын және бактерияны жоя алатынын көрсетті. Ендігі қадам – зертханада препаратты жетілдіру, содан кейін клиникалық зерттеу жүргізу.

https://turkystan.kz/article/225914-zhasandy-intellekt-en-kauipti-bakteriyaga-karsy-deri-tabuga-komektesti/

Leave A Reply

Your email address will not be published.