«ЖАС МАМАН» ҚҰЗЫРЕТТІЛІК ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

150
Бүгін ауданымыздағы №10 Шу колледжінде «Жас маман» құзыреттілік орталығының ашылу салтанаты өтті. Шара барысында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Аманқұлұлы мен аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков орталықтың ашылуымен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Аталған колледж 2021 жылы «Жас маман» республикалық жобасының қатысушысы болған. Ал, жобаның мақсаты – республика аумағындағы 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңғырту және нығайту, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Жүз сұранысқа ие мамандықтар тізбесіне колледждің «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығы кіргенін де айта кеткен жөн.
Жаңа орталықтағы заманауи жабдықтар да студенттердің кәсіби біліктілігін арттыруға зор ықпал етпек. Бұл орталық «World Skills» облыстық, республикалық және халықаралық чемпионаттарының қатысушыларын даярлауға, шетелдік серіктестермен тәжірибе алмасуға арналған. Заманауи жабдықтарды пайдалана отырып берілген білім құзыреттілік орталығының жұмысын жетілдіруге және «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік береді.
Жалпы, қазіргі уақытта аталған кәсіптік білім ордасында «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша 60 студент білім алуда. Келешекте біз олардың асыраушы салада ел игілігі үшін қызмет ететін майталман мамандары болып шығатынына зор сенім білдіреміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.