Жапонияда қаза тапқандар арасында қазақстандықтар жоқ

530

Жапонияда нөсер жаңбыр мен лай көшкіні салдарынан 179 адам қаза тапты. Алдын ала дерек бойынша, зардап шеккендер мен мерт болғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, адам өлімі көп тіркелген мұндай табиғи апат Күншығыс елінде соңғы 30 жылда болмаған.

«Жапониядағы табиғи апаттан мерт болғандар мен жоғалғандар саны артып келеді. Онда Қазақстан азаматтарының мерт болуы немесе жоғалу туралы фактілер тіркелген жоқ. Әйтсе де, Қазақстан консулдары түгендеу және анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр», — деп хабарлады ҚР Сыртқы істер миинстрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Айта кетейік, бейсенбіден бастап Жапонияның батыс бөлігінде шілде айындағы қалыпты жауын-шашын көлемінен үш есе көп жаңбыр жауған. Екі миллион адам өзеннің арнасынан шығып, тасуына байланысты эвакуациялануға мәжбүр болды. Қаза тапқандардың көбі Хиросима префектурасында тіркелген.

9 шілде күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның Премьер-Министрі Синдзо Абэге көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Табиғи апат салдарынан жақындарын жоғалтқан және зардап шеккен отбасылардың, сондай-ақ бүкіл Жапония халқының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын», — делінген жеделхатта.

www.inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.