Жаңатастағы жаңа зауыттың құрылысы қарқынды жүруде

39

Минералды тыңайтқыш өндіретін әлемдегі жетекші компанияның бірі «ЕуроХим» Жамбыл облысында бірегей химиялық кешен салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырып келеді.

Қазір Жаңатас маңындағы құрылыс алаңында күкірт қышқылын өндіретін зауыттың құрылысы қарқын алған. Бұл үш кезеңнен тұратын «ЕуроХим» атты ауқымды жобаның екіншісі. Бірінші кезең аясында инвестор жылына 740 мың тонна фосфорит ұнын өндіретін тау-кен кешенін салып, іске қосты.

Бірер күн бұрын компания Жамбыл облысына кесек күкірт сақтау қоймасына арналған 540 тонна металл құрастырылым жеткізді.

Олар жергілікті климаттың ерекшелігін ескере отырып жасалған және өңірдегі қар мен желге есептелген. Сонымен қатар, металл құрастырылым сейсмикалық төзімді, 7 баллдық жүктемеге төтеп бере алады.

Атом өнеркәсібі үшін стратегиялық шикізат болып табылатын күкірт қышқылынан бөлек, «ЕуроХим» жобаның үшінші кезеңі – минералды тыңайтқыш пен индустриялық өнім шығаратын зауыт салып жатыр. Бұл бағытта негізгі технологиялық жабдықтарды сатып алу жалғасуда.

Сарапшылардың айтуынша, салынып жатқан кешен болашақта Қазақстан экономикасының тыңайтқыш экспортына тәуелділігін азайтып, ішкі нарық қажеттілігін қанағаттандырады.

«Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің бағалауынша, еліміздегі егістік жерлердің 70 пайызы дерлік тыңайтылмайды. Себебі, фермерлер үшін қазіргі бағамен тыңайтқыш (негізінен импорттық) сатып алу тым қымбат. Мұндай жағдайда жаңа кешенде тыңайтқыш өндірісіне инвестиция салу Қазақстанның ішкі нарығының сұраныс өтейді, ал заманауи сапалы премиум-класс тыңайтқыш өнімділікті бір жарым-екі есеге арттырады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы бірнеше жылда негізгі дақылдардың өндірісін екі есе арттырмақ, ал отандық тыңайтқыштарға қол жеткізу сол міндетті шешуге бағытталған қадам болмақ», – дейді белгілі қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.

Оның айтуынша, жобаның тағы бір пайдалы жағы оның өңірдегі әлеуметтік ортаға әсері. Кәсіпорында барлығы шамамен 1200 адам жұмыс істемек, оның 80% Қазақстан азаматы.

Естеріңізге салайық, 2024 жылдың мамыр айында «ЕуроХим» қытайлық China National Engineering Company (CNCEC) мердігерлік ұйымымен Жамбыл облысындағы бірегей химиялық кешенді жобалау, салу және пайдалануға беру бойынша келісімшартқа қол қойған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.