ЖАҢА КӘСІПКЕРЛІК НЫСАН ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

221
Аудан орталығындағы Амангелді көшесі мен Д.Үдербаев көшелерінің қиылысында заманауи безендірілген, заман талабына сай жабдықталған, ұлттық нақыштағы және сәнді үлгідегі ерлер мен әйелдер киімдерін сататын дүкен ашылды.
Дүкенді ауданымыздың белгілі кәсіпкері, жүрегі жұмсақ, қолы ашық, әрдайым аудан көлемінде жасалып жатқан қайырымдылық шараларының демеушісі Лаура Серікбаева ашты. Жаңа нысанның ашылуы кәсіпкердің ізденімпаздығы мен жаңашылдыққа құмарлығының дәлелі десек те болады. Олай дейтінім, Лаура Шынболатқызы ашылу салтанатын өткізу үшін жан-жақты, әрі тыңғылықты дайындалған. Салтанатты іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Сәбит Төлегенов, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Әбдіғали Әбдіразақов, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалынының директоры Нәділ Үсібжанов, ауданның бас имамы Рысбай Еспенбетов және аудан көлемінде рәсімге жиналған кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Ашылу рәсімінде алғашқы құттықтау сөзін аудан әкімінің орынбасары Сәбит Төлегенов алып, ақжарма тілегін білдірді. Ол Лаура Шынболатқызына аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Одан кейін аудандық орталық мешіттің бас имамы Рысбай Еспенбетов бата берді.
Содан соң, ауыл жастары сатылымдағы киім үлгілерін киіп сән көрсетті. Өнерпаздар ән айтып, мың бұралған бишілер тобы әсем биімен жиналғандардың көзайымы болды.
Лента қию салтанаты Лаура Шынболатқызының ағасы Тасболат Шынболатұлына тапсырылды. Ол да Лаура ханымның отбасылық дәстүрді, жылдар бойы жиналған, халықтың жазылмаған заңдылықтарын қатаң сақтайтынын, үлкендерді сыйлауда үлгі боларлық іс көрсетті.
Лента қиылып, жиналғандар ішке кіріп, сатылымдағы киімдермен танысып шықты. Содан соң «Бақ сарайы» мейрамханасында жайылған дастархан басына жайғасты. Онда да қазақы салт-дәстүр бойынша бата беріліп, құран бағышталды. Қонақтар қатарында болған аудандық аналар кеңесінің төрағасы Ғалия Шубаева, қауымдастық мүшелері Айнаш Боташева, Шахаркүл Оспановалар аудандағы белсенді кәсіпкерлерді марапаттады.
Айта кету керек, жаңадан ашылған «LAU BREND» дүкеніннен бастапқы үш күнде алғашқы сауда жасаған 10 адамға дейін бағалы сыйлықтарға ие болады. Сонымен қатар әрбір 10 мың теңгелік чекке 1 лоторея билеті беріледі. Төлем қолма-қол, аударым арқылы, бөліп төлеу арқылы кез-келген банк операторы арқылы жүргізіледі.
Сөз соңында, сіздің аудан экономикасын дамытуға қосқан үлесіңіз зор, бастаған ісіңізге береке тілейміз.
Елдос ЕРҒАБЫЛҰЛЫ,
«Мойынқұм таңы».
Суретті түсірген автор.

Leave A Reply

Your email address will not be published.