Жамбылдықтар Ғазиз Байтасовты еске алды
2011 жылғы 12 қарашасы — ішкі істер органдарының ең үздік қызметкері, әріптесіміз — ІІД Жол полициясы жеке батальоны 1-ші взводының командирі болған, полиция капитаны Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза болған күні.
Әділеттік жолында күресіп, елі үшін тер төгуді парызым деп білген батырымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібін сақтау жолында жүрген барлық полицейлерге әрқашан үлгі-өнеге болып қала бермек.
Ғазиз Байтасов ескерткішінің алдына Жамбыл облысының Полиция департаментінде Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алу шарасына батырдың жары Гүлжамал Тажиева, туған-туыстары, ПД басшы құрамы және ІІО ардагерлері, мемлекеттік мекемелер, қоғам мен БАҚ өкілдері жиналды.
Салтанатты жиын ескерткішке қаралы марш әуенімен гүл шоқтарын қоюдан басталды. Барлық қатысушылар бір минут үнсіздікпен қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан Жамбыл облысы Ішкі істер органдарының барлық қызметкерлерін және Ғазиз Байтасовты еске алды.
Жиналғандар алдында ПД бастығы полиция полковнигі А.Оразалиев сөз сөйлеп, әділеттік жолында күресіп, елі үшін тер төгуді парызым деп білген полиция капитаны Ғазиз Байтасов, полиция сержанттары Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітов секілді батырларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес, қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібін сақтау жолында жүрген барлық полицейлерге әрқашан үлгі-өнеге болып қала бермек деді.
Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың жары Гүлжамал Тажиева жиналғандарға бейбітшілік пен тыныштық, ал полиция қызметкерлеріне – қызметтерінде абыройлы болып ,аман болуға тілектестігін білдірді.
Іс-шара барысында Полиция академиясының жас мүшелері салтанатты түрде ант қабылдап, Департамент бастығының қолынан куәліктерін алуы да ерекше маңызды болды. Олар да алдағы уақытта ержүрек полицейлердің лайықты ізбасарлары болып, барлық жамбылдық полицейлердің даңқты дәстүрлерін жалғастыратын болады деп сеніммен айтуға болады.
Жамбыл облысы Полиция департаменті Баспасөз қызметі