Жамбыл ауданында мал төлдету науқаны жоспарға сай өтуде. Қыстан қысылмай шыққан шаруалардың төрт-түлігі көкке ілінді.
Жамбыл ауданында 325971 бас қой-ешкі бар десек, оның 283270 басы күйекке түсіп, бүгінде 198289 бас аналық саулық төлдеп үлгерді.
Бұл жұмыстардың барысын аудан әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұлов назарға алып, шаруалардың жұмысын арнайы көріп қайтты.
Алдымен аудан әкімінің орынбасары “Күйік 2” шаруа қожалығына барып, уақ малдардың жағдайымен танысты. Рина Артықбаева басшылық ететін қожалықтағы 1000 бас уақ малдың 620-сы саулық. Ол саулықтар бүгінде толықтай төлдеп, көктемнің көгіне іліккен. Ілкімді жұмыстарды жүйелендіре білген шаруа қожалық жетекшісі мал санын арттыруға ниетті екенін жеткізді.
Өз кезегінде Ербол Жұмабекұлы малға қажетті екпе, сырғалау жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
Сондай-ақ “Әулиебастау” шаруа қожалығындағы 1600 уақтың 960-ы төлдеген. Аудандық ветеринария стансасы бүгінде екпе егу және сырғалау жұмыстарын жүргізуде.
Аудан әкімінің орынбасары мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы айтып, шаруалардың талап-тілегіне назар аударды.
- Жамбыл облысы әкімдігі