Жамбыл облысындағы ең сұранысқа ие ТОП-5 мемлекеттік қызмет

2

2026 жылдың басынан бері Жамбыл облысының ХҚКО-лары мен мамандандырылған ХҚКО-лары арқылы 255 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысы бойынша филиалы хабарлады. Сондай-ақ облыс тұрғындары арасында ең танымал бес мемлекеттік қызмет белгілі болды.

Жыл басынан бері Жамбыл облысының тұрғындарына көрсетілген ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің қатарында көлік құралдарын тіркеу қызметі көш бастап тұр — бұл қызмет бойынша 78 227 өтініш қабылданған. Екінші орында жеке куәлік пен ҚР паспортын беру қызметі орналасқан, оны 62 922 адам пайдаланған. Үшінші орында жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу қызметі тұр — 29 041 қызмет көрсетілген. Төртінші орынды жүргізуші куәліктерін беру қызметі иеленіп, оны 13 865 азамат алған. Ал алғашқы бестікті азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер мен анықтамаларды беру қызметі түйіндеп тұр — 9 010 қызмет көрсетілген.

«Бес айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметтердің ең көп көлемі Тараз қаласының мамандандырылған ХҚКО-сына тиесілі болды — мұнда 65 278 қызмет көрсетілді. Үздік үштікке сондай-ақ Тараз қаласының Әулиеата ауданы №1 ХҚКО-сы (38 620 қызмет) және 24 714 қызмет көрсетілген Қордай ауданының ХҚКО-сы кірді», — деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Батырхан Тоқтағұл.

Бүгінде мемлекеттік қызметтер тізілімінде 1 381 қызмет түрі бар, оның 93,7%-ы немесе 1 295 қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы қолжетімді.

Еске сала кетейік, азаматтар мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарында ғана емес, онлайн форматта да ала алады. Соның ішінде «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы қызметтерді алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл уақытты үнемдеуге және мемлекеттік сервистерге қолжетімділікті жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.