Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Бірге таза қала үшін!» акциясы өткізілді

15

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласындағы Көшек батыр және Желтоқсан көшелерінде «Бірге таза қала үшін!» тақырыбында экологиялық акция ұйымдастырылды.
Көшек батыр және Желтоқсан көшелері – қалалық көлік қозғалысы мен қоғамдық өмірде маңызды орын алатын аумақтардың бірі. Бұл көшелер тұрғындардың жұмысқа, оқу орындарына, сауда орындарына және басқа да әлеуметтік нысандарға қатынауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, аумақта сауда, қызмет көрсету, демалыс және медициналық қызмет көрсету орындары орналасқан.
Экологиялық акция барысында белсенді жастар көше бойын тазалап, ретке келтіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, тұрғын үйлер маңындағы тұрмыстық қалдықтар мен шашылған қоқыстар жиналып, аумақ тазартылды. Бұдан бөлек, көше бойындағы арық-атыздар тазаланып, ретке келтірілді.
Ізгі бастамаға ұйытқы болған Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Лесбектің айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы қоршаған ортаны қорғауға, қала тазалығын сақтауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болып саналады.
– Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына баса назар аударып, тазалық шараларының жүйелі түрде жүргізілуін назарда ұстап отыр. Президент бастамасын тараздық жастар да қолдап, апта сайын ұйымдастырылатын тазалық шараларына белсене қатысып келеді. Бүгін де қала орталығындағы маңызды орындардың бірін тазалап жатырмыз. Бұл – өзіміз күнделікті жүріп-тұратын аумақтардың бірі. Сондықтан туған қаламыздың тазалығына өзіміз жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек. Екіншіден, тазалық шараларының тәрбиелік мәні зор. Осындай жұмыстар арқылы қоғамның қозғаушы күші саналатын жастарға үлгі көрсетіп, олардың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастырамыз деп ойлаймын. Тәрбиенің бастауы тазалық сақтаудан басталатынын нақты іспен көрсетіп келеміз. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Азамат Лесбек.
Акцияға 50-ден астам белсенді жас қатысты. Нәтижесінде тұрғын үй аумағынан 1 тоннадан астам қоқыс шығарылып, көше бойы тазартылды.
Айта кетейік, осындай экологиялық шаралар облыстың барлық аудандарында да ұйымдастырылуда. Еріктілер мен жастар аудан орталықтарындағы саябақтар мен аллеяларды, көшелерді, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындардың аумақтарын тазалау жұмыстарына белсенді қатысуда.
Акция аясында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық орындарда тазалық сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар тұрғындардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуына ықпал етеді.
Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін өңірде 48,5 мың түп жасыл желек отырғызылып, 5,9 мың шақырым көше жолдары тазартылған. Сонымен қатар 1 210 шақырым арық жүйелері мен каналдар ретке келтіріліп, саябақтар мен скверлердің 804,8 мың шаршы метр аумағы абаттандырылған. Нәтижесінде 13 мың тоннадан астам күл-қоқыс шығарылған.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай бастамалар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға ғана емес, қоғамда тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдыларын нығайтуға да зор үлес қосуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.