Жамбыл облысының орталығы — Тараз қаласында Мемлекет басшысының атынан ауызашар берілді.
Биыл бұл игі бастама жаңа қабылданған Наурызнама тұжырымдамасына сай 15 наурыз – Қайырымдылық күніне тұспа-тұс келді.
«Һибатулла Тарази» мешітінде ұйымдастырылған шараға ауыз бекіткен жамағат қатысты.
Олардың қатарында ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, көп балалы аналар, әр саладағы еңбек адамдары және қарапайым қала тұрғындары болды.
Жиын барысында Ербол Қарашөкеев жұртшылықты Рамазан айымен және әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, Мемлекет басшысының атынан беріліп жатқан ауызашардың маңыздылығына тоқталып өтті.
— Бүгін қасиетті Рамазан айының алғашқы жұмасында баршамыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан беріліп отырған ауызашарға жиналып отырмыз.
Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан айымен баршаңызды құттықтаймын!
Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!
Рамазан – берекелі де кешірімі мол ай, рухани тұрғыдан жаңару кезеңі. Бұл ай сабырлылық пен мейірімділікке, бауырмалдыққа жетелейді.
Осы айда жұрт жақсылық жасауға, игі істер атқаруға тырысады. Біз де айналамыздағы мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, бір-бірімізге демеу болуға тиіспіз,-деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы биыл Ұлыстың Ұлы күні – әз-Наурыз Рамазан айымен қатар келгені де мерекенің маңызын арттырып отырғанын, ағымдағы жылы Наурыз мерекесі еліміз бойынша жаңа форматта, ерекше аталып өтіп жатқанын жеткізді.
— Кешеден басталған Наурызнаманың он күндігі облысымызда да өз деңгейінде ұйымдастырылуда.
Әр күнге бөлек атау
беріліп, тақырыпқа сәйкес игі шаралар өткізу көзделген.
Кеше Көрісу күнін атап өтсек, бүгінгі – Қайырымдылық күніне орай бірқатар игі істер ұйымдастырылуда,-деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ, ауызашар шарасында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз сөйлеп, елдің амандығы, береке бірлігі үшін дұға жасалды.
Айта кету керек, бұл күні облыстың барлық аудандарында да ауызашар берілді.
Жамбыл облысы әкімдігі