Жамбыл облысында бір жыл ішінде 138 адам мал ұрлаған

452

Жамбыл облысында бір жыл ішінде 138 адам мал ұрлаған. Оның тең жартысы бұрын да қылмысқа барған әккі ұры. Осыған қарамастан қылмыстық істі қарау кезінде ақталмайтын негіздер және тараптардың татуласуы бойынша істің басым көпшілігі аяғына жетпей тоқтатылады.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай жағдайға қолданыстағы заңның әлсіздігі себеп. Сондықтан «Қылмыстық кодекстің ұрлыққа қатысты 188-бабының мал ұрлығына байланысты бөлігін саралап, жазаны күшейту бағытында өзгерістер мен  толықтырулар енгізілсе», — дейді тәртіп сақшылары.

Олар бұл ұсыныстарын өңірге жұмыс сапарымен барған Сенат Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаровқа жеткізді. Депутат облыстық Ішкі істер департаментінің Жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, Ішкі істер департаменті қызметкерлерімен кездесті. Өз кезегінде тәртіп сақшылары қылмыстың қайта қайталануы, орта дәрежедегі қылмыс жасағандарға жаза, тергеушінің мәртебесін көтеру, сондай-ақ тергеушілерге берілген тергеу амалдарының мерзімін ұзарту бойынша да өтініштерін айтты.

— Облыстық ІІД-де қазіргі қолданыстағы заңдардың кемшін тұстары туралы өте маңызды әңгіме болды. Біз енді Парламент заңды қабылдайды, ол біраз заң жұмыс істегеннен кейін оның кемшін тұстары бірте-бірте көріне бастайды. Соларды кезекті сессияға жиналғанда солардың барлығын көтеріп, ары қарай оларды қазіргі уақыт талабына сәйкестендіріу арқылы біз өз жұмыстарымызды жақсартуымыз керек, – деді ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров.

24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.