Жамбыл облысы ағымдағы жылдың тоғыз айының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына сәйкес еліміздің өңірлері арасында алдыңғы қатардан көрінді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров атап өтті.
«Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсім 6 өңірде – Ақмола, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалуда»,-деді Әлібек Қуантыров.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, осы жылдың қаңтар-қырқүйегінде еліміздегі өндіріс көлемі 4,6%-ға өскен. Көрсеткіштің өсімі 16 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы көрсеткіштер Алматы қаласында, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында байқалуда.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен Жамбыл облысының экономикалық өсімі 106,8 пайызды құрады (ҚР – 103,5%).
Бұл ретте өнеркәсіп өндірісінің көлемі 112,4 пайыз деңгейінде (639,2 млрд. теңге) қалыптасса, Ауыл шаруашылығында 431,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, өсім 105,5 пайызға айналған. Есепті кезеңде облысқа 293,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға өсті. Сол секілді құрылыс көлемі 149,0 млрд. теңгені құрап, 8,7 пайызға артты.
Сондай-ақ, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, бюджет кірісі – 402,5 млрд. теңгеге орындалып, 1,1 пайызға, өзіндік кіріс – 88,1 млрд. теңгені құрап, 15,5 пайызға артқан. Облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 98,6 пайызға игерілген.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов барлық саладағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды, жыл қорытындысы бойынша да даму динамикасын сақтау бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Жамбыл облысы әкімдігі