Жамбыл облысы экономикалық даму бойынша алдыңғы қатарда

347

Жамбыл облысы өткен жылдың қорытындысына сәйкес экономикалық өсім бойынша алдыңғы қатарда. Бұл туралы бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылды. Мемлекет басшысына өңірлердің экономикалық көрсеткіштері туралы баяндаған ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Жамбыл облысының үздіктердің қатарында екенін тілге тиек етті.
«Әрбір өңір ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады. 2019 жылдың қорытындысына сәйкес 7 көрсеткіш бойынша 8 өңірде — Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша озық өсу қарқыны қамтамасыз етілді»,-деді өз сөзінде Үкімет басшысы. Сондай-ақ, Асқар Ұзақбайұлы
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Еуропалық Қайта Құру және даму банкімен бірлесіп жеті өңірде, оның ішінде Жамбыл облысында да көп бейінді аурухана іске қосылатынын жеткізді.
Айта кетейік, облыстың дамуында оң динамика сақталып отыр. Өткен жылғы экономиканың өсуі 105,5 пайызды құраса, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй, инвестиция, сауданың өсуі республикалық орта көрсеткіштен жоғары. Ал, құрылыс жұмыстары 109 пайызға орындалған.
Бюджеттік кірістер артығымен орындалып, 99,9 пайызға игерілген. Ол өңірлер арасында жоғарғы көрсеткіштің бірі. Сол сияқты, былтыр өңірде кәсіпкерлерге 8,6 миллиард теңге шағын несие берілсе, екі мың адамға 505 мың теңгеден 1,2 миллиард теңге грант бөлінген. Бұл да республикадағы алдыңғы нәтижеге ие.

Leave A Reply

Your email address will not be published.