«Жамбыл» қонақ үйі үшінші жұлдызын алды

696

Тарихы өткен жүзжылдықтың жартысынан бастау алатын “Жамбыл” қонақ үйі жаңа заманның жаңалықтарын да жатсынбай бәсекелестік ортада дес бермей келеді. Қазақтың ұлы ақынының есімімен аталатын қонақ үй жуырда өзінің «3 жұлдызды қонақ үй» мәртебесіне ие болды.
Қонақ үй бизнесінде жұлдыздардың алатын орны аса маңызды екендігі баршамызға белгілі. Әр жұлдыздың ар жағында еселі еңбек пен ұдайы ізденіс жатады. 1961 жылдың көктемінде алғашқы қонақтарын қабылдаған қонақ үй өз тарихында талай қиын кезеңдерді бастан өткерді. Әсіресе тоқсаныншы жылдардағы тоқыраулар оңайға соққан жоқ. Алайда осы жылдары қонақ үй тізгінін өз қолына алған білікті басшы Марите Әбілпатта «Жамбылдың» жарығын сөндірмей бүгінгі таңда «үш жұлдызды қонақ үй» деңгейіне дейін жеткізді.
-«Жамбыл» қонақ үйінің «3 жұлдызды қонақ үй» мәртебесін алуы туризм саласындағы үлкен табысымыздың бірі. Қонақ үй ұжымының қонақжайлығы, қызмет көрсету сапасына талапшылдығы әлі де талай белестерге жеткізеді деп сенемін,- дейді облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.
Жалпы туристер арасында үш жылдызды қонақ үйлер үлкен сұранысқа ие. Себебі, бағасы орташа, қызмет сапасы қанағаттанарлық. Халықаралық Booking. com саяхат агенттігі жүргізген онлайн сауалнама қорытындысы бойынша төрт-бес жұлдызды қонақ үйлерге сұраныс туризм саласында 20 пайызды құрайтын көрінеді. Ал 60 пайызы 3 жұлдызды қаласа, қалған 20-сы 1-2 жұлдызды қонақ үйлерді қолайлы көреді екен. Демек, Тараз секілді туризмді дамытуға талпынып отырған қала үшін бағасы осындай орта деңгейдегі қонақ үйлер қатарынының артқаны құптарлық іс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.