ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 4 МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Жамбыл облысында жыл соңына дейін 4 мәдениет нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Атап айтсақ, Жуалы ауданы Қайрат ауылындағы мәдениет үйі және Б.Момышұлы мәдениет үйіне жапсарлас ғимарат, Қордай ауданы Бетқайнар және Қақпатас ауылдарында әр қайсысы 180 орындық мәдениет үйлері ел игілігіне берілмек. Бұл туралы облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай журналистермен өткен баспасөз конференциясында айтты.
Сондай-ақ, 30 мәдениет нысандарының күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 641,5 млн. теңге бөлінген.
Өңірдің мәдени іс-шаралары да кең ауқымда өткізіліп келеді.
«Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жамбыл — менің жай атым, халық — менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысына республикадан 20 ақын қатысты. Оның 10-ны Әулиеата өңірінің айтыскерлері. Бас жүлдені жерлесіміз жас ақын Алина Айдаралы иеленіп, облыстағы талантты өнерпаздарымыздың қатары толығуда. Сондай-ақ, өңірдегі жас таланттарды іздестіру, оларға қолдау көрсету, орындаушылық шеберлігін шыңдап, танылуына мүмкіндік жасау мақсатында шығармашыл жастардың «Жаңа есім» жобасы дәстүрлі түрде биыл төртінші рет өткізілді. Жобаға 500-ге жуық өнерпаз қатысып, жеңімпаз атанған 16 өнерпаздың қатысуымен Қ.Рысқұлбеков саябағында гала-концерт ұйымдастырылды және биыл «Мәдениет — асыл қазынам» атты аудандардың мәдениет күндері қолға алынып, аудан орталықтарында мәдениет күндері өз деңгейінде ұйымдастырылды», — деді сала басшысы.
Айта кетейік, Жамбыл облысы өнерпаздарының биылғы жылы жеткен ең биік жетістіктерінің бірі, Қырғызстанда өткен «Мейкин Азия-2023» халықаралық әншілер конкурсында жергілікті филармония әншісі Айна Қалмағамбетованың Гран при жүлдесін жеңіп алуы болды. Бұған дейін өткен аталмыш конкурста Гран при жүлдесін Димаш Құдайберген жеңген.
Одан бөлек, облыстың мәдениет қызметкерлері Австрия, Үндістан, Мароккода өткен түрлі фестивальдер мен мәдени іс-шараларда өнер көрсетіп, қазақ өнерінің насихатталуына айтулы үлес қосып жүр.