Жалпы өсім бе, жалқы өсім бе?

19

https://turkystan.kz/article/272319-zalpy-osim-be-zalqy-osim-be

Биылғы 10 айда өнеркәсіп саласы былтырғыға қарағанда 7,3 пайызға өскен. Бұл, әрине, жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл өсімге, негізінен мұнай саласы сеп болып отыр. Яғни, экономика әлі де мұнайға тәуелді.
Ал өңдеу өнеркәсібі жыл басындағы қарқынын жоғалтқан.

Өнеркәсіпте өсім бар. Бірақ…

2 желтоқсанда Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін да­мыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Жиында биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асып, 5,8 пайызға өскені, бұл көрсеткішке ең алдымен металлургия, машина жасау, хи­мия өнеркәсібі, құрылыс материалдары сияқ­ты негізгі сегменттердегі өндірістің артуы әсер еткені айтылды.
– Бүгінде жалпы ішкі өнім құрылы­мын­дағы өңдеу секторының үлесі –шамамен 13 пайыз. Экономиканы белсенді түрде әр­тараптандыру ісін жалғастыру маңызды. Біз­дің мақсатымыз – жалпы ішкі өнімдегі өң­деу өнеркәсібінің үлесін 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін, ал 2035 жылға қа­рай 18-20 пайызға дейін жеткізу. Бұл нақты орындалатын міндет екенін ерекше атап өте­мін. Ол үшін бізде шикізат, энергия, қо­лайлы географиялық жағдай, жас әрі білім­ді адами капитал тағы басқа да не қа­жеттінің бәрі бар, – деп Олжас Бектенов жо­ба-жоспарларға да тоқталып өтті. Иә, өңдеу өнеркәсібінде өсім бар, өткен жылға қарағанда оң нәти­же байқалады. Дегенмен жыл басына қара­ғанда өсім қарқыны төмендеген. Ме­таллургия саласындағы баяу қарқын жал­пы өсімді шектеді. Бұған қара метал­лур­гия мен құйма өндірісінің қысқаруы се­беп болып отыр. Ал өнеркәсіптегі өсім­ге сеп болған, негізінен, мұнай саласы. Энергетика саласында тек 2,2 пайыз өсім байқалды, осылайша инфрақұрылым секторының баяу қарқыны экономи­ка­дағы жалпы өсімге мүлде сәйкес келмей отыр. Соның ішінде бірқатар сала, атап айтқанда сумен қамту, қоқыс өңдеу сала­сын­да теріс динамика қалыптасқан. Эко­номика өсіп жатқанда инфра­құры­лым­ның баяу дамуы алдағы уақытта ай­тарлықтай қиындық тудыруы ықти­мал.

Болжам

Халықаралық валюта қорының 2025 жылдың қорытындысы бойын­ша Қазақстан экономикасының нақ­ты өсімі 6 пайыз шамасында болады деп болжам жасаған еді. ХВҚ бұған мұ­най өндіру көлемінің артуы және ішкі сұра­ныстың жоғары болуы әсер ететінін айт­ты. 2026 жылы да өсімнің жоғары қар­­қыны сақталады, ал одан кейін ХВҚ орта мерзімде нақты ЖІӨ өсімі біртіндеп баяу­лайды деп болжап отыр.
Қазақстандағы мұнайға қатысы жоқ бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 8 пайы­зы­нан асады деп күтілуде. Бұл тапшылыққа Ұлт­тық қордан бөлінетін қомақты транс­ферттер әсер етіп отыр. Мемле­кет­тік сектордың жоғары сұранысы да ағым­дағы шот тапшылығының ұлға­юы­на әсер етіп, оның көлемі биыл шамамен ЖІӨ-нің 4 пайызы болады деген болжам бар.
– Экономиканың өз әлеуетінен жо­ғары қарқынмен өсуі оның қызып ке­туі­не әкеліп, жалпы инфляцияның жедел­деуі­не түрткі болды. Жыл соңында ин­фля­ция 13 пайыз шамасына жақын­дай­ды, – деп жазылған ХВҚ есебінде.
Ал келер жылы нақты ЖІӨ өсімі жо­ғары деңгейде сақталып, инфляция ша­мамен 11 пайыз болады деп күтіледі. Бұ­ған экономикалық белсенділіктің жо­ғары болуы, ҚҚС пен корпоративтік та­быс салығы ставкаларының өсуі мен ком­муналдық тарифтердің қайта өсуі ық­пал етеді. ХВҚ пікірінше, инфляция қы­сымы әлі де жоғары болғандықтан, Қа­зақ­станға қатаң ақша-кредит саяса­тын жүргізу және өтімділікті тиімді бас­қаруы қажет.
Фискалдық саясатқа қатысты қо­ры­тындыда жаңа Салық кодексі мұнайға қатысы жоқ тапшылықты азай­ту жолындағы маңызды қадам екені ай­тылған. Алайда квазимемлекеттік сек­тордағы ауқымды квазифискалдық қыз­меттер бюджетті оңтайландыру әсе­рін айтарлықтай төмендетіп, эко­но­ми­ка­ның жалпы фискалдық импульсін арт­тыруы мүмкін.

Салтанат Игенбекова,
HalykFinance аналитика орталығының сарапшысы:

«Теңіздегі» өндіріс көлемі жалпы өсімге әсер етті

– 2025 жылғы қаңтар-қазанда Қазақстан өнеркәсібі 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,3 пайыз өсім көрсетті. Өнеркәсіптің өсуіне негізінен тау-кен саласы, әсіресе мұнай өндіру саласы әсер етті. Оның көлемі жылдық есеппен 9,6 пайызға ұлғайып, жалпы өнеркәсіп көлемінің 45,4 пайызына жетті. Инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы мен мұнай өндірісінің өсуі өңдеу өнеркәсібіне де қолдау көрсетті, дегенмен бұл салада өсім қарқыны бәсеңдеп отыр.
Елдегі экономикалық белсенділіктің маңызды көрсеткіштері – электр энергиясы, газ бен сумен қамту салаларындағы өсім әлі де баяу, тіпті кейбір сегменттерде теріс динамика байқалады. Өнеркәсіп өндірісінің өсу құрылымы негізінен шикізат секторына байланғандықтан, бұл экономика тұрақтылығына белгілі бір дәрежеде қауіп төндіреді, себебі ол сыртқы факторларға және әлемдік шикізат нарықтарындағы конъюнктураға тәуелді. Сол себепті өңдеу өнеркәсібін әртараптандыру мен барынша модернизациялау – басты міндет.
Тау-кен өнеркәсібі Қазақстан экономикасының басты қозғаушы күші болып қалып отыр, ол – ЖІӨ-нің шамамен 12,7 пайызы. Биыл бұл салада 9,6 пайыз өсім байқалды, бұл 2024 жылғы 0,3 пайызбен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш. Өсім негізінен шикі мұнай өндірісінің 13,9 пайызға өскеніне артқанына байланысты болды, оның тау-кен өнеркәсібіндегі үлесі 69 пайызға жетті. Бұған себеп – Теңіз кен орнындағы өндіріс көлемінің қарқынды түрде өсуі, бұл биыл ел экономикасының өсіміне серпін берген басты фактор болып отыр.
Өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі – шамамен 12,4 пайыз, бір жылда 5,8 пайызға өсіп, 2024 жылғы 4,8 пайызбен салыстырғанда сәл өскен. Өсу динамикасына ең көп үлес қосқан салалар – тамақ өндірісі мен машина жасау, олардың үлесі өңдеу өнеркәсібінде тиісінше 13,2 пайыз және 17,6 пайыз болды. Дегенмен өңдеу өнеркәсібіндегі басым сектор металлургия (40,4 пайыз) баяу өсім көрсетіп отыр, жылдық өсімі – 0,7 пайыз деңгейінде, бұл жалпы сектордың өсуіне әсер етті. Баяу өсім­нің себептері – қара металлургиядағы өндіріс көлемінің 0,5 пайызға төмендеуі vty металл құйма өндірісінің 8,9 пайызға азаюы. Бұл екі сектор металлургия өн­дірісінің шамамен 24 пайызын алады. Металлургия шикізатқа тәуелді сала бол­ғандықтан, баға өзгерістері мен негізгі экспорт нарықтарындағы сұранысқа тәуел­ді, бұл саланы қысымға ұшыратады.
Жалпы, өңдеу өнеркәсібі елдің тұрақты түрде дамуы үшін аса маңызды, себебі ол жо­ғары қосымша құн қалыптастырады. Қазақстанда мемлекеттік субсидиялар мен қол­дау шаралары көбінесе өңдеу өнеркәсібіне бөлінеді. Дегенмен саладағы өсім қарқыны жыл басындағы 8,9 пайыздан 5,8 пайызға төмендеп отыр.
Электр, газ және сумен қамту – халықтың өмір сапасы мен экономикалық тұрақ­тылық тұрғысынан маңызды инфрақұрылымдық секторлар. Алайда бұл негізгі са­ла­лардағы баяу өсім мен кейбір сегменттердегі теріс динамика ЖІӨ-нің өсу қар­қынына сәйкес келмейді.

Қорыта айтқанда, КҚК құрылғысының істен шығуы мұнай экспор­тына қысқа мерзімде әсер етуі мүмкін, алайда консорциумның қосым­ша терминал желілері мен техникалық мүмкіндіктері арқасында мұ­най тасымалы толық тоқтамайды. Дегенмен бұл шабуыл Қазақстан мен халықаралық акционерлерге төнген қосымша қауіп болып отыр.
Ал теңге бағамына келер болсақ, экспорттағы қиындықтар теңгеге бір­ден әсер етпейді. Әсер еткен күннің өзінде, ол жалғыз фактор емес. Сарап­шылар қазіргі теңге бағамының нығаюының артында іргелі негіз жоқ, сыртқы валюта ағынына байланысты уақытша құбылыс деп есептейді. Сондықтан реттеуші күрт әлсіреу күтпегенімен, бағамда құбылулар болуы ықтимал. Бірақ ол тек мұнайға ғана байланысты бол­майды.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/272319-zalpy-osim-be-zalqy-osim-be

Leave A Reply

Your email address will not be published.