Индонезияда өтіп жатқан ІІІ Пара Азия ойындарында Қазақстан қоржыны тағы бір алтын медальмен толықты.
ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жүзуден халықаралық санаттағы спорт шебері Зүлфия Ғабидуллина Пара Азия ойындарында 100 метрге еркін жүзуден алтын медаль иеленді. Айта кетейік, Зүлфия Ғабидуллина 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарында тәуелсіз Қазақстанның паралимпиада тарихындағы алғашқы алтын медалін иеленген болатын.
Осылайша, бүгін параспортшыларымыз 3 алтын жүлде алды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, алғашқы қос алтынды 50 метрге пара жүзуден (баттерфляй әдісімен) Сиязбек Дәлиев пен 100 метрге еркін жүзуден Ержан Сәлімгереев қанжығаларына байлаған болатын.
Осы уақытта Қазақстан қоржынында барлығы 12 медаль бар: 3 алтын, 4 күміс және 5 қола жүлде.
Еске салайық, осы күндері Индонезияның Жакарта қаласында ІІІ Пара Азия ойындары өтуде. Паралимпиадашылардың байрақты бәсекесі 18 қазан күні аяқталады. Ел намысын қорғауға 91 спортшымыз аттанды. Олар спорттың 9 түрінен (үстел теннисі, парадзюдо, паражүзу, оқпен ату, парапауэрлифтинг, садақпен ату, шахмат, пара жеңіл атлетика, волейболды отырып ойнау) сынға түсуде.
Бірінші орын иеленген спортшыға — 10 мың доллар, екінші орын үшін — 5 мың доллар және үшінші орынға — 3 мың доллар көлемінде сыйақы белгіленген.
Бұған дейінгі Пара Азия ойындарына спорттың 9 түрінен 82 параспортшымыз қатысып, 7 «алтын» медаль иеленген болатын.