Талдықорған қаласындағы «Тіл сарайында» этномәдени бірлестіктер өкілдеріне арналған «Этностарды интеграциялау жөніндегі мемлекеттік саясат аясында этносаралық қатынастар саласындағы жобаларды ұйымдастыру және бағалау» тақырыбындағы екі күндік семинар-тренингтің бүгін соңғы күні.
Іс-шараның мақсаты – этномәдени бірлестіктердің жұмысын жетілдіру, этносаралық қатынастар саласындағы жобаларды тиімді ұйымдастыру мен бағалау тетіктерін түсіндіру, сондай-ақ қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру.
Семинардың ашылуында «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы Айдос Игенбай және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Руфина Усанова қатысушыларға сәттілік тілеп, этносаралық татулықты сақтаудағы қоғамдық ұйымдардың рөліне тоқталды.
Бағдарламаның алғашқы күні «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ жобаларды басқару департаментінің бас менеджері Дильназ Анварбекқызы үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру мәселелері бойынша дәріс оқыды. Қатысушылар гранттық конкурстарға қатысу тәртібі, жобаларды әзірлеу және қаржыландыру мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат алуда.
Семинарға еліміздің әр өңірінен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Олардың қатарында Жамбыл облысынан Махмұт Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы Мухабат Турдыева да болды. Ол семинар барысында этносаралық келісімді нығайту, қоғамдық жобаларды іске асыру және этномәдени бірлестіктер қызметін жетілдіру бағытындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.
Жалпы семинар аясында қатысушылар Жетісу облысы Қаратал ауданының тарихи-өлкетану музейіне экскурсия жасап, өңірдің тарихы мен мәдени мұрасымен танысты.
Практикалық тренинг барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Ақмола облыстық филиалының директоры Әсет Әбжақов түрлі этностық топтарды интеграциялау процесіндегі жанжал ошақтарының алдын алу тетіктері туралы баяндады. Сонымен қатар этностарды ортақ қоғамдық кеңістікке біріктірудің күрделі кезеңдерінде келіссөздер жүргізудің медиативтік тәсілдері талқыланды.
Тренинг барысында қатысушылар теориялық білімдерін тәжірибелік тапсырмалар арқылы бекітіп, пікір алмасу алаңында өзекті мәселелерді ортаға салуда. Семинар соңында кері байланыс ұйымдастырылып, қатысушыларға сертификаттар табысталатын болады.