XVІІІ жазғы Азия ойындарына 25 жамбылдық спортшы қатысады

803

18 тамыз – 2 қыркүйек аралығында Индонезияның Джакарта мен Палембанг қала­ла­рында XVІІІ жазғы Азия ойындары өтеді. 40 спорт түрінен 464 медаль жиынтығы сарапқа салынатын бәсекеде жамбылдық спортшылар да ел намысын қорғайды. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков баян етті.

Жалпы, спортшылар сынға түсетін спорт түрлерінің 32-сі Олимпиада ойындарына енетін болса, қалған 8-і олимпиадалық емес спорт түрлері. Ал, ең басты айтып кетерлігі, Индонезияда алауы тұтанғалы тұрған ХVІІІ жазғы Азия ойындарында Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туын ұстап шығу құрметі талантты боксшы, жерлесіміз Әбілхан Аманқұлға тапсырылып отыр. Азия ойындарына аймақтан «Айша бибі» су добы клубының спортшылары, бокстан Әбілхан Аманқұл, Асыланбек Шымбергенов, дзюдодан Елдос Сметов, таэквондодан Руслан Жапаров, Елдос Ысқақ, каратэ-додан Гузалия Гафурова, жүзуден Әділ Қасқабай, жеңіл атлетикадан Светлана Голендова, Михаил Красилов, оқ атудан Бақтияр Ибраев, самбодан Айбол Айтбек, ушудан Амир Исмайлов ұлттық құрама сапында ел намысын қорғамақ. Осылайша, биылғы Азия ойындарында 25 жамбылдық спортшы іріктеліп алынған. Айта кетерлігі, 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен XVІІ жазғы Азия ойындарына облыстан 22 споршы қатысқан болатын.
Брифинг барысында басқарма басшысы Нұрбол Жүнісбеков Индонезияға аттанып бара жатқан жамбылдық спортшылардың қай-қайсысы да жүлдеге үміткер екендігін айтып, олардың тұғырдың ең биік сатысынан көрінуіне бағы мен бабы келісіп тұрғанын жеткізді.
Халықаралық жарыстардан өзге республикалық бәсекелер де айтарлықтай маңызға ие. 12 тамызда Ақтөбе қаласында бастау алған есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының ІІ Спартакиадасы алдағы жексенбі күні мәресіне жетпек. Аталмыш спартакиадада 57 жерлесіміз спорттың 10 түрінен сынға түсіп жатыр. Сондай-ақ, күні кеше Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы Ауыл жасөспірімдерінің ІІ жазғы ойындары түндігін түрді.
Сондай-ақ, 7-9 қыркүйек аралығында Елордада Астана қаласының 20 жылдығына орай ұлттық спорт түрлерінен «Ұлы дала рухы» республикалық фестивалі өтеді. Аталған фестивальге облыстан көкпар, аударыспақ және асық атудан 21 спортшы қатысып, аймақ намысын абыроймен қорғайтын болады. Елорданың 20 жылдығына орайластырылып отырған бұл жарыстан ұлттық спортты жанына серік еткен оғландарымыз жүлдесіз қайтпайды деп сенеміз. Сонымен бірге, 21-25 қыркүйек аралығында Ақтау қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін VІ Халық спорты ойындары өтсе, 6-13 қазан аралығында Джакарта қаласында, ІІІ Жазғы ПараАзия ойындарына облыстан 3 спортшы қатыспақ. Атап айтсақ, жүзуден үкілі үмітіміз, Паралимпиада чемпионы Зульфия Габидулина мен Анастасия Яковлева, жеңіл атлетикадан Салтанат Әбілқасымқызы ел намысын қорғайтын болады. Тағы бір айта кетерлігі, келер айдың басында көрші Қырғыз Республикасының Чолпан-Ата қаласында ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойыны жалауын көтермек. Бұл сында тақымы тастай көкпаршыларымыз басты бәсеке жолында барын салатын болады.
Журналистермен болған басқосуда басқарма басшысы аймақ спортшылары бақ сынайтын бәсірелі бәсекелер легімен таныстырып, жыл басынан бері жеткен жетістіктерді де тілге тиек етті. Мәселен, облыс спортшылары жыл басынан бергі уақытта Әлем, Азия чемпионаттары мен Кубоктарында барлығы 115 медаль иеленіпті. Оның ішінде 48 алтын, 30 күміс, 37 қола. Ал, республикалық жарыстарда қанжығамызға тигені 666 медаль. Сонымен бірге, 1 ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, 33 спортшы ҚР спорт шебері нормативін орындаса, 5 спортшы ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. 4 төреші «Ұлттық дәрежедегі төреші» атағына ие болған. Сондай-ақ, 283 спортшыға «ҚР спорт шеберлігіне кандидат» және 32 спортшыға І дәрежелі разрядтары берілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.