Волонтерлық  штаб  құрылды

212

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  коронавирус COVID-19 пандемиясын жариялауына байланысты Мемлекет басшысы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстанның бүкіл аумағында төтенше жағдай енгізіліп, бірнеше қала карантинге жабылды. Бұл орайда еріктілер де қолдан келген көмектерін аямауда.

Жамбыл облыстық өңірлік коммуникация орталығының алаңында онлайн брифинг өтіп, онда облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа волонтерлық штабтың құрылғанын жеткізді. «Әулиеата жастары» волонтерлық штабы Тараз қаласында өзінің жұмыстарын бастап та кетті.

–Әлемді дүр сілкіндірген дерт біздің мемлекетімізді де айналып өтпеді. Індетті жұқтырғандардың саны көбеюде. Десе де Мемлекет басшысы мен бас санитарлық дәрігер арнайы қаулы бекітіп, сол қаулының іске асуын барынша қадағада ұстауда. Бұл орайда жастар да өз үлесін қосуда. Жұқпалы дерттің өршіп кетпеуі үшін облыс волонтерлары қоғамдық орындардың тазалығына жауапты қызметкерлер мен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 4500 маска мен қолғап таратты.  Биылғы жыл еріктілер жылы екені баршаға аян. Бұған дейін әр ұйым өз бетімен көпбалалы отбасылар мен қарттарға, түрлі санатқа жататын әлеуметтік топтарға, қарапайым халыққа көмек көрсетіп келген-ді. Енді барлығын жұмылдырып, арнайы штаб құрдық.  Штаб құрамына 100 ерікті өз еркімен түрлі бағыттар бойынша жұмыстар атқаруда. Қазіргі уақытқа дейін облыс волонтерларының қолғабыс етуімен әр түрлі салада 107 акция өтті. Акция аясында азық түлікпен 3000-ға жуық отбасыға көмек көрсетілді. Олар елімізде болып жатқан жағдайларға немққұрайлы қарамау, қиналған азаматтарға қол ұшын беру негізгі мақсатымыз деп есептейді, – дейді Серікбол Қайратұлы.

Штабтың негізгі бағыттарына тоқталар болсақ,  қоғамдық тәртіпті, азық-түлік және дәрі-дәрмектердің бағасына мониторинг жүргізуге бағытталған «Қоғамдық сақшы» жобасын, қала тұрғындары үшін арнайыбетперделер тігу және таратуға бағытталған «Көмек» жобасы бойынша жұмыстар атқармақ. Сондай-ақ егде жастағы қарттарға үй жайын тазалауға көмек көрсету, мүмкіндігі шектеулі жандарға жүріп-тұруына көмек көрсету, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды киім-кешектермен қамтамасыз ету, туризм саласы бойынша гид қызметін көрсету, заңгерлік және психологиялық кеңестер беруге бағытталған «ІТ-Волонтер» жобасы, мұқтаждарға қажетті көмектерді үйге жеткізу, оның ішінде азық-түлік және дәрі-дәрмектерді тасымалдау ісімен айналысатын «Біз біргеміз» жобасы және облысымыздағы медициналық колледж студенттері мен медициналық білімі бар жастарды қалалық жедел жәрдем жұмысына бағытталған «Таза жүрек» жобасына тарту да көзделіп отыр.

Басқарма тарапынан волонтерлік қызмет үшін қолайлы ортаны дамыту мақсатында облыстық волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіретін фронт-кеңсе ашу жұмысы қолға алынды. Біздер қала жастарын еріктілер қатарына қосылуға шақырамыз! Ел басына қиын жағдай туғанда, бір тудың астына жиналып, көмекке зәру жандардың алғысын алайық!

Leave A Reply

Your email address will not be published.