Ұстазым, саған мың алғыс!

336

Әр баланың шамшырағын жағып, тұлға болып қалыптасуы үшін еңбек еткен ұстаздар қандай марапаттарға да лайықты. Мектептен тәлім алып, үлкен өмірге қадам басқан талапкерлердің әрі қарай жас маман ретінде қалыптасуына үлес қосатын оқытушылардың да еңбектері ерен.

  

Осы жолда тынбай еңбек еткен мамандарға арнап, Ұстаздар мерекесіне орай Дулати университетінде «Ұстазым, саған мың алғыс» атты концерт ұйымдастырылды. Оқу орнының бас ғимаратында өткізілген салтанатты шараға арнайы шақырылған оқытушыларды студенттер «Ұстазым» атты әнмен қарсы алды.

 

Көңілге көркем күй сыйлаған мерекелік концертте сахналық қойылымдар көрсетіліп, әуезді әндер шырқалды. Мереке иелерін университеттің басқарма мүшесі-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлвира Мұсабекова құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

– Шәкірт ғұмырнамасының заңғар шыңы болған ұстаздардың тәлімі – алты Алаштың баласы үшін қашан да қастерлі. Бүгінгі мереке баршамызға ортақ. Жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруде сіздер орасан күш-жігер жұмсап, еңбек етіп келесіздер. Университет  ғалымдары республика көлемінде топ жарып, алдыңғы қатардан көрінуде. Соңғы рейтингтер бойынша Дулати университеті үздік ондықта алтыншы орынды иеленді. Бұл – баршамызға ортақ қуаныш. Өйткені бұған барлық ұжымым жұмыла күш қосып, әрқайсысы белсенді түрде атсалысты. Сіздердің осы адал еңбектеріңіз бен өз істеріңізге деген табандылықтарыңыз үшін мың алғыс айтамын! Сіздердің әр студент үшін шын жүректен шыққан осы мейірімдеріңіз ешқашан таусылмай, қызығы мен қиыншылығы мол мамандыққа деген сүйіспеншілік жылдан-жылға арта берсін! – деді Гүлвира Айдарханқызы.

   

Өз ісімен, сөзімен және көзқарасымен жас ұрпақты тәрбиелей отырып, ұстаз тұтас бір елдің болашағын қалыптастырады. Университет оқытушыларының білім беру сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін, қауымдастырылған профессор атағымен сондай-ақ «Дулати» төсбелгісімен марапатталуы – сол ерен еңбектің жемісі.

 

Дулати университетінің медиа-қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.