«Ұлы дала» шағын ауданына салынатын саябаққа алғашқы тал көшеттері егілді

98
«Ұлы дала» шағын ауданына салынатын саябаққа алғашқы тал көшеттері егілді
Бүгін «Ұлы дала» шағын ауданында салынып жатқан саябақта «Жасыл желек – жердің көркі» атты ағаш отырғызу акциясы өтті. Шара барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, зиялы қауым өкілдері, жастар және өзге де қала тұрғындары саябаққа алғашқы тал көшеттерін отырғызды. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, Қырғыз Республикасының Талас облысынан келген қонақтар да тал егіп, акцияға үлес қосты.
Жалпы «Ұлы дала» шағын ауданында бой көтеретін саябақ тәуелсіздік жылдарында Таразда салынатын алғашқы саябақтардың бірі болмақ.
Қазіргі таңда «Ұлы дала» – облыс орталығындағы ең ірі шағын аудан. Бүгінде мұнда 50 мыңнан аса халық тұрмыс кешуде. Сондықтан аталған шағын ауданның инфрақұрылымын дамытып, жасыл желекке бөлеу айрықша назарда.
Жалпы бұл саябақтың аумағы он гектарды құрайды. Мұнда 4500 мыңға жуық тал-дарақ отырғызылады деп жоспарлануда. Оның ішінде 600 қарағай, 200 ден аса тікенекті және еуропалық шыршалар, 300-ден аса әр түрлі сортты терек, катальпа, туя, алқоры, үйеңкі, гортензия, сирень, шынар және тағы басқа ағаштар егіледі. Бүгін шара барысында 1000-ға жуық тал-дарақ егілді.
Осы егілген ағаштарға дұрыс күтім жасалып, ел игілігіне жараса, саябақ үш аумақтың демалыс орталығына айналатыны сөзсіз. Өйткені, мұндағы елу мыңнан аса тұрғыннан бөлек, «Бурыл» тұрғын алқабы мен «Төрткүл» алқабында демалыс орындары қарастырылмаған. Міне, осы саябақ сол олқылықтың орнын толтырады.
Бұл бағытта жоспарланған ауқымды жұмыстар тек мұнымен шектелмейді. Атап айтсақ, шағын аудан қасынан өтетін екі канал да келесі жылы абаттандырылады деп жоспарлануда. Осы мақсатта биыл «Түйте» каналының 1700 метріне механикалық тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ канал маңына биыл ағаш егу жұмыстары басталады. Келесі жылы каналдың бойы толық абаттандырылып, тұрғындардың жайлы демалысына жағдай жасалады.
Жалпы, шағын ауданды дамыту бағытында қолға алынған ілкімді істер жетерлік. Атап айтсақ, аталған аумақта көпқабатты тұрғын үй саны 144-ке дейін жетті. Негізі, 2018-2022 жылдар аралығында 96 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылса, биыл 45 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Сондай-ақ 15 шағын ауданда 4 орта мектеп, 5 балабақша, 2 медициналық орталық, 1 мешіт, 1 балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру кешені, Оңалту орталығы және 2 мемлекеттік әкімшілік ғимарат қарастырылған.
Қазіргі таңда «Ұлы далада» 4 мектептің құрылысы бастау алды. Биыл 1200 орындық мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Қалған 3 мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталады. Оның екеуі «Жайлы мектеп» жобасы.
Бұл атқарылатын жұмыстың барлығы жаңадан бекітілетін Бас жоспарға енгізілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.