Ұлттық ұланда 8 наурыз мерекесіне арналған салтанатты шара өтті

44

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Ұлттық ұланда 8 наурыз мерекесіне арналған салтанатты шара өтті: 7 наурыз 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Қазіргі уақытта ҚР ІІМ Ұлттық ұланында шамамен 1500 әйел әскери қызмет атқарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Олардың 240-тан астамы қаржылық қамтамасыз ету саласының маманы, 50-ге жуығы байланыс қызметінде, 80-і маңызды мемлекеттік объектілерді күзету бойынша қызмет атқарады, 50 әйел әскери авиация құрамында қызмет етеді, ал 53 маман әскери қызметшілердің барлық санаттарының моральдық-психологиялық ахуалын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізеді.

Олар ер азаматтармен қатар еліміздің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы күрделі қызметтік міндеттерді абыроймен атқарып, дәстүрлі түрде ерлерге тән бұл мамандықтың қуанышы мен жауапкершілігін бірге бөлісіп келеді. Ал екі жүзден астамы офицерлік лауазымдарды иеленген.

Осы орайда, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында елордадағы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде 8 наурыз мерекесіне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

Дәстүр бойынша бұл күні әйел әскери қызметшілер, ардагерлер және өзара іс-қимыл жасайтын құрылымдардың өкілдері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің және Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының атынан марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды. Қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары нәтижелер көрсеткендері үшін оларға төсбелгілер, грамоталар мен алғыс хаттар табысталды.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігінде ел Президентінің атынан табысталатын мемлекеттік наградалармен бірқатар әскери қызметші марапатталған болатын. Атап айтқанда, әскери борышын үлгілі атқарғаны үшін 6699 әскери бөлімінің бақылаушылар взводының бақылаушы-маманы сержант Әсем Серғазина «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталды. Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің аға маманы — концертмейстері кіші сержант Ғайни Жұмашеваға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Ал Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрінің аға маманы — концертмейстері кіші сержант Наталья Кузнецова «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталды.

Салтанатты іс-шара барысында Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы нәзік жандыларға алғыс пен құрметін білдірді.

Ұлттық ұландағы әйелдер әскери қызметті абыроймен атқарып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосып келеді. Сіздер күн сайын жоғары кәсібилік, жауапкершілік және Әскери антқа адалдық танытасыздар. Сіздердің адал қызметтеріңіз әрдайым жоғары бағалауға лайық. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және қызметтеріңізге табыс тілеймін, — деді генерал-майор Аңсаған Балтабеков.

Айта кету керек, әйел әскери қызметшілер карауылдарда, байланыс тораптарында қызмет атқарады, сондай-ақ әскери-медициналық, тылдық және бюджет-қаржылық қамтамасыз ету салаларында еңбек етеді. Бұдан бөлек олар әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселелері мен жас отбасыларды қолдау бағытындағы бастамалар қаралатын әйелдер кеңестерінің жұмысына белсенді қатысады.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/277466-ulttyq-ulanda-8-nauryz-merekesine-arnalgan-saltanatty-sara-otti

Leave A Reply

Your email address will not be published.