Кеше Астанада Дүниежүзі қазақтары I құрылтайының өткеніне 30 жыл толуына арналған халықаралық форум болды. Жиынға Ресей, Түркия, Моңғолия, Еуропа елдері мен көршілес республикалардан келген қандастар өкілі қатысты. Форумда алғашқы Дүниежүзі қазақтары құрылтайынан басталған қазақ көшінің бары мен жоғы, артықшылығы мен кемшін тұстары талқыланды. Осы орайда біз бұған дейін өткен құрылтайлар жайындағы тілші материалы мен сарапшылар пікірін қоса ұсынып отырмыз.
1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданды. Бұл тарихи құжат саяси тұрғыда қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы аса маңызды алғашқы қадамы еді. Онда алғаш рет еліміздің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалып, Қазақ мемлекетінің егемендігі ресми түрде жарияланды: ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтыны, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын кез келген мәлімдемелердің заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні мәлімделіп, жер, оның қойнауы, су, әуекеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует Республика егемендігінің негізін құрай отырып, оның ерекше меншігінде болатыны көрсетілді. Ал 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» декларациядағы бағдарлама негізінде конституциялық заң қабылданды. Сөйтіп, 1847 жылы қазақ елінің азаттығы жолында қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының қаза табуымен азаттығынан айырылған қазақ елі арадан 144 жыл өткенде өз тәуелсіздігіне қайта қол жеткізді.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
1992-2017 жылдардағы ДҚҚ төрағасының орынбасары:
– Ел тәуелсіздігі жарияланған соң Түркияға барған алғашқы сапарында Президентіміз Ыстанбұлдағы ағайындармен кездесіп отырып, Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізу туралы мәселе көтерген екен және оны ұйымдастыруды Жазушылар одағына тапсырған. Одақтың төрағасы Қалдарбек Найманбаев ағамыз менің өмірден өз орнымды тауып, қаламгер ретінде қалыптасуыма үлкен ықпал жасаған азамат еді. Сол кісі мені шақырып алды да: «Сен шетел қазақтарының мәселесін зерттеп, жазып жүрсің ғой, соған орай саған бір жұмыс тапсырсам» деп мән-жайды түсіндірді.
Бұдан кейін белгілі жазушы Әкім Тарази шетелдегі қазақтармен байланыс жасайтын «Атамекен» атты қоғамдық ұйым құрып, мен оның жұмысына да атсалысып, бұл жөніндегі ой-пікірлерімді баспасөз беттерінде айтып та, жазып та жүрдім. Міне, осының бәрі мені сол кезде-ақ шетел қазақтарын зерттеумен айналысатын қаламгер ретінде таныта бастаған.
Сөйтіп, бірер күнде мен театрдағы жанға тыныш, жақсы жұмысымды қойып, Қазақстан Жазушылар одағына қызметке ауыстым. Негізгі міндетім – 1992 жылдың күзінде өтуге белгіленген Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын дайындау. Бұл үшін ең алдымен Жазушылар одағы жанынан құрылтайды өткізу жөнінде Ұйымдастыру комитеті құрылды. Оның төрағасы болып Қалдарбек Найманбаев, орынбасарлығына одақтың екінші хатшысы Төлен Әбдіков бекітілді. Маған Ұйымдастыру комитетінің жауапты хатшысы деген міндет жүктелді. Жауапты хатшылықтың қандай жұмыс екені, немен айналысатыны айтпаса да түсінікті – әлем қазақтарының алғашқы құрылтайын дайындаудың бүкіл құжаты мен қағазын жазу менің мойныма түсті. Әрине, бұл жолда көптеген қиындық та кездесті. Ол кезде қазіргідей барлық мемлекетпен қарым-қатынасымыз жоқ. Қай шетелде қанша қазақ бар екенін де білмейміз. Шетелдерде қазақ мәдени орталықтары мүлдем құрылмаған. Сондықтан тұңғыш құрылтайға кімдерді шақырамыз, оларды қалай күтіп аламыз деген сияқты сұрақтар өте көп болды. Десек те, құрылтайға бүкіл еліміз ерекше ынта-ықыласпен атсалысты. Республикамыздың барлық өңірінен ұсыныстар, көмектесуге құлшыныс білдірген хаттар толассыз түсіп жатты. Құрылтайдың хабары шетелдерге де жетіп, алыста жүрген ағайындардан бұл жиынға қатыссақ деген өтініш-тілектер қардай жауды.
Президент те үнемі назар аударып отырды. Қазақстан үкіметі, Алматы қаласы мен Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарының әкімшіліктері де құрылтайды ел өміріндегі ең елеулі уақиғалардың бірі ретінде бағалап, аса жауапкершілікпен қызу дайындалды. Ал сол кездегі Жазушылар одағының бүкіл ұжымы бір кісідей күні-түні қызмет етті.
Шетелдегі отандастармен байланыс жасайтын «Қазақстан» қоғамының көп көмегі болды. Құрылтай өтуге жақын қалғанда Премьер-Министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков басқарған Үкіметтік комиссия құрылып, Алтынбек Сәрсенбаев жетекшілік ететін штаб іске кірісті. Бұл штабта Сауытбек Абдрахманов, Әлібек Асқаров, Серік Сейдуманов сияқты қазір бүкіл елімізге белгілі азаматтар болды.
Осылай, 1992 жылдың 28 қыркүйегі мен 5 қазан аралығында құрылтай қазақ халқының тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі ретінде үлкен табыспен өтті. Шетелдік ағайындар Ұлытау, Түркістан сияқты тарихи жерлерді аралады. Алматы қаласында үлкен мереке, Дегерес жайлауында той, бәйге өтті. Құрылтайдың ұйымдастыру жиналысы Абай атындағы опера және балет театрында, салтанатты мәжілісі Республика сарайында болды. Салтанатты мәжілісте Президент халқымыздың бүгіні мен болашағы туралы тебіреніп тамаша баяндама жасады. Ұйымдастыру жиналысында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру туралы мәселе көтеріліп, төралқа төрағасы болып Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан сайланды. Төрағаның бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев болды.
Ұлт тарихындағы ұлы жиыннан кейін Қалдарбек ағамыз мені қайта шақырып: «Құрылтайды жақсы өткіздік, енді сен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құруың керек» деп оны Әділет министрлігінде тіркетуді тапсырды. Бұл өзі қиындығы көп жұмыс екен. Министрлік қолыма қауымдастықты құрып, тіркеуден өткізу үшін керек құжаттардың тізімін ұстатты. Толып жатқан қағаз. Ең басында құрылтайдың қауымдастықты құру жөніндегі хаттамасы мен шешімі керек деген талап тұр. Оған қоса, кемінде 15 адамнан тұратын құрылтайшы ынталы топ қажет. Сұрастырып көрсем, қағазға түскен хаттама да, шешім де жоқ. Жиналыстың өткені анық (өзім де қатысқанмын), қауымдастық құрылсын деп сөз сөйленіп, қол көтерілгені де анық (өзім де қол көтергенмін). Бірақ оның бәрі ешқандай қағазға түспеген. Себебін ешкім білмейді. Ал ынталы топ дегенді қайдан табатыным тіптен түсініксіз. Енді не істеу керек? Сөйтіп, тұйыққа тіреліп жүргенде Қазақ радиосы құрылтайдың барлық жиналысын үнтаспаға жазып алғанын естідім. Қаламгер болғанымның бір пайдасы сол жолы тиді. Радиодағы әріптестерім көп жазбаның ішінен құрылтайдың жиналысы жазылған үнтаспаны тауып берді. Сол үнтаспадан жиналысты жүргізген Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың сөзін қайта тыңдап отырып қағазға түсіріп, өзімше хаттама жасадым. Соңына хатшы ретінде тәуекел деп өзім қол қойдым. Ынталы топтың мәселесі де осылай сарсылып жүріп шешілді. Сөйтіп, екі айда қауымдастықты тіркеуден өткізуге қажетті құжаттарды жинап, сол жылы қараша айының аяғында Әділет министрлігінен қауымдастықты тіркеу туралы куәлігін алдық. Мөрін жасаттық. Банктен есепшотын аштық. Қауымдастық осылай құрылды.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ең басты міндеті – шетелдегі қазақ диаспорасымен мәдени-рухани салада жан-жақты байланыс жасап, олардың мұқтаждықтарын Қазақстанның тиісті орындарына жеткізіп, оң шешілуіне ықпал ету. Осыған орай қауымдастық басшылығы, соның ішінде менің өзім де Бейжің, Ұланбатыр қалаларына дейін барып, Қытай мен Моңғолиядағы ағайындарды әлденеше рет аралап қайттым. Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан және Еуропа қазақтарының арасында да әлденеше рет болдым.
Сондай-ақ шетел қазақтарының атажұртқа қоныс аударуына да өз үлесімді қостым. Мысалы, 1993 жылы Түркияға барып, ол жақта босқын болып жүрген екі мыңдай ауғанстандық қазақты тізімге алып, тиісті орындарға мәселе қойып, олардың атажұртқа келуіне тікелей ықпал еттім. Олар қазір Түркістан, Шымкент және Қаскелең қалаларында тұрып жатыр. Иран, Ауғанстан, Сауд Арабиясындағы қазақтардың елге оралуына да атсалыстым. Қытай қазақтарының 1993 жылдан бастап Қазақстанға арнайы шақыртуымен қоныс аудару мәселесін шешуге де тікелей араластым. Бұдан бөлек, елімізде және шетелдерде өткен көптеген басқосу, жиын, конференцияларда баяндама жасап, отандық басты басылымдар мен радио-телеарналарға мақалалар жазып, сұхбат бердім.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің аты да, күнделікті қызметі де қазір жұртшылыққа жақсы таныс. Ол – шетелдегі 5 миллион қазақ диаспорасымен күнделікті байланыс жасап, жүйелі жұмыс жүргізетін еліміздегі берден-бір ұйым. Қауымдастық өзі құрылғаннан бергі кезеңде дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұратын қандастарымыздың басын бес рет үлкен құрылтай өткізді. Әрине, қауымдастық көші-қон мәселесімен тікелей айналыспайды, ол тиісті үкіметтік мекемелердің міндетіне жатады. Бірақ, қауымдастық жүргізетін байланыс және үгіт-насихат жұмыстарының арқасында тәуелсіздік жылдарында алыс-жақын шетелдерде тұратын қазақтар атажұртқа көптеп қоныс аударып, Қазақстан халқының санын 1 миллион 80 мыңнан астам адамға көбейтті. Мұның бәрі ең алдымен, тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің, ұлттық тұтастыққа ұмтылуымыздың нәтижесі. Бұл ретте ел басшылығы әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген қазақтарды атажұртқа жинау жөнінде бұрын-соңды болмаған аса үлкен жұмыстарды жүзеге асырды. Осы маңызды жұмысқа қауымдастық та өзінің лайықты үлесін қосты.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
қазақстанның мәдениет қайраткері,
Дүниежүзі қазақтары
I-V құрылтайының делегаты:
– Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы 30 жылдың ішінде алыс-жақын шетелдердегі ағайынның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап олармен жан-жақты байланыс орнату, жастардың атажұртта оқып білім алуы, қандастарымыздың көшіп қоныстануы, бір сөзбен айтсақ, ұлттық тұтастану тұрғысынан үлкен жұмыстар атқарғаны ақиқат. Әсіресе, қазақтың көрнекті жазушысы, ұлтжанды азамат, қоғам қайраткері, марқұм Қалдарбек Найманбаев тікелей басшылық еткен 1992-2004 жылдары, одан кейін мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мамашев басшылық еткен 2004-2017 жылдары қауымдастық өте нәтижелі жұмыс істеді. Ол жылдары апта, ай сайын елімізде және шетелдерде әртүрлі іс-шара өтіп тұратын. Оларда жер-жерлердегі ағайынның, жалпы қазақтың ұлттық мәселелері талқыланып, әрқилы ұсыныс, талап-тілектер айтылып, тиісті үкіметтік ұйымдарға жолданып жататын. Өкінішке қарай, соңғы бес жылда бұл жұмыстардың жұрнағы да көрінбейді, көші-қон да тоқтап қалуға қарады!
Оның үстіне, соңғы құрылтай өткеніне де бес жылдан асып барады. Қазір заман да, қоғам да өзгеріп жатыр. Еліміз Жаңа Қазақстанды құруға бағыт алды. Оған жер бетіндегі барлық қазақ атсалысқаны жөн. Бұл жұмысты ұйымдастыратын халықаралық ұйым – ДҚҚ! Ендеше жуық арада алтыншы құрылтай шақырып, оның Төрағасы етіп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлауымыз керек. Ал қауымдастық жұмысына тікелей басшылық ететін бірінші орынбасар лауазымына тек ас ішіп, аяқ босатуға ғана қауқарлы зейнеткер емес, елім, халқым, қазағым деп күндіз-түні тынымсыз еңбек ететін, қазақтың жаңаруына, Қазақстанның жаңаруына, ұлттың тұтастануына жан-тәнімен лайықты үлес қосуға ұмтылатын сауатты, қайратты, ұлтжанды азаматты тағайындау қажет.
Президентіміз қандастар көшін көбейту қажеттігі жөнінде бірнеше рет айтты. Егер Қазақстан шынымен қандастарымыздың атажұртқа шоғырланып, жер бетіндегі қазақтың мейлінше Көк тудың астына жиналуына мүдделі болса, онда қазіргі «Отандастар қоры» коммерциялық емес, акционерлік қоғамның негізінде Президентке тікелей бағынатын Көші-қон агенттігі құрылса, өте дұрыс болар еді! Аймақтағы және әлемдегі қазіргі геосаяси жағдай да бұл пікіріміздің өзектілігіне бір дәлел.
Ал аталмыш агенттік құрылып жатса, ол Сыртқы істер министрлігімен бірге ДҚҚ-ның бір құрылтайшысы болып, қауымдастықтың жұмысы да жандана түсетіні анық.https://turkystan.kz/article/198368-ult-tutastygyn-kozdegen-uly-zhiyn/