Сотталғандардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы және олардың мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен жеңілдіктерден шет қалмауы ҚР Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты мекемелердің үнемі назарында тұрған мәселе. Осы себепті жазасын өтеушілердің еліміздің әр азаматы қол жеткізе алатын игіліктерді пайдалана алуына аса мән беріліп келеді. Осыған орай, темір тордың арғы жағындағы азаматтарға өздері құқылы мемлекеттік қызметтерді қалай алуға болатынын түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, күні кеше Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтар ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелерімен кездесті.
Басқосу барысында сотталғандарға мүгедектік алу, зейнетке шығу және де өзге де әлеуметтік қызметтерді алу жолдарын Жамбыл облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Арман Үсенбаева пен Жамбыл облыстық Әділет департаменті құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету бөлімінің бас маманы Манас Қожамжаров тәптіштеп түсіндірді. Бұдан бөлек, мамандар ҚР заңнамаларындағы өзгерістер жайында толық ақпарат беріп, жазасын өтеушілердің сауалдарына жауап берді.