«Тұзды тегін берме», «Өрмекшінің торын бұзба»: қазақ ырым-тыйымдарының түсініктемесі

139

Ырым-тыйым – халықтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбие құралдарының бірі. Көбінесе бұл, негізінен, балаларды жаман әдеттен, жат пиғыл, ерсі қылық, әдепсіз істерден сақтандыруда маңызды қызмет атқарады. Кейде үлкен кісілерден «олай істеме, жаман болады» деп айтқанын естіп жатамыз. Халық арасында осындай кең таралған тыйым сөздердің діни-философиялық астарын іздеп көрдік.

Төгілген шайды ішпе

Дастарқан басында кеседегі шай немесе су қандайда да бір себеппен төгіліп кетсе, түбінде қалған қалдығын ішпейді. Ондай кезде шайды жаңалап, қайта құяды. Себебі, шайтан адамның несібесін қызғанады екен. Ол дастарқан басында адамдардың әрбір іс-қимылын аңдып отырады. Адам аңдамай қалған сәтте қолындағы ыдысты қағып жібереді. Төгілген шай шайтанның несібесі деп саналады. Сондықтан шай, сусын қолдан төгіліп қалған кезде оны жаңартып, қайтадан құйып ішу керек екен.

Тырнақ пен шашты далаға тастама

Діни кітаптарда Ыдырыс пайғамбарға 30 парақтан тұратын кітап түскен делінеді. Бұқара халық соның арқасында кітап оқып, арам мен адалды айыруды үйреніпті. Ғұсыл алып таза жүру, шаш-тырнақты күтіп ұстау парыз болып бекиді. Осыдан бастап «шашы өскеннің елі кәпір, тырнағы өскеннің өзі кәпір» деген сөз қалыпты.

Тырнақ пен шаш алғанда оны жерге көму қажет. Себебі, тырнақ пен шаш жын-перінің сүйікті азығы саналады. Шаш пен тырнағын жынға алдырған адамның басы ауырады екен.

Мүжілген сүйекті үйде қалдырма

Самадун деген жын Сүлейман пайғамбарға:

– Пайғамбар, адамдардың барлығының Құдай бұйыртқан нығметі бар. Мен және менің ұрпақтарыма, қауымыма азық-тағамды Тәңірден сұрап, алып бер, – дейді. Сүлейман:

– Адамдардың асынан кейін қалған астың ұнтағы, қоқымы, сүйек-саяқ сенің және ұрпақтарыңның азығы болсын, – депті.

Содан бастап жын-перілер астан кейін қалған ұнтақ пен сүйек-саяқты азық етеді екен. Әсіресе, желінген сүйекті түнде үйде қалдыруға болмайды. Өйткені, оны жеуге бір қауым жын-перілер келіп, үйді жайлап алады. Осыған орай, халық арасында «Сүйек-саяқты үйде сақтамай, итке таста» деген тыйым шығыпты.

Өрмекшінің торын бұзба

Қазақ ұғымында өрмекші уытсыз, өрмек тоқитын, ұсақ жыбырлақ жәндіктер қатарына жатады. Қазақтар өрмекшіде қасиет бар деп санайды. Егер үйде отырғанда төбесіне өрмекші түссе, басыма бақ қонады, жолым ашылады деп сенеді. Мұхамбет пайғамбарға қатысты бір діни аңызда өрмекшінің қасиеті туралы былай делінген: Пайғамбарымызды ислам дінін уағыздадың деп қаскүнемдер өлтірмекші болып қуғанда ол таyғa барып, бір үңгірге тығылады. Алла елшісіне жақтасқан өрмекші сол заматта өрмек тоқып үлгереді. Ізкесушілер де үңгірдің аузына жетіп келеді. Қараса, өрмекшінің торы бұзылмаған. Залымдар іште ешкім жоқ деп ұйғарып, кетіп қалады. Кішкентай жәндіктің себебінен асыл пайғамбар аман қалады. Содан бастап өрмекшінің торын бұзуға тыйым салыныпты.

Тұзды тегін берме

Ертеде парсы жерінде Наушаруан деген әділ патша болыпты. Патша бір күні аңға шығады. Аңда жүріп, киік атып алады. Оның етін асып жемекші болып, қасындағы уәзіріне:

– Жақын маңдағы бір ауылдан тұз алып кел, – деп жұмсайды. Уәзірі:

–  Құп, тақсыр, – деп атына міне бергенде, патша:

– Сен тұзды тегін алма. Кім болса да, ақысын төле, – дейді. Уәзір таңғалып:

– Уа, патшам! Шымшым тұз бір тиынға да татымайды. Оны тегін-ақ алсам болады ғой. Әрі сіздей әділ әміршіге бір шымшым тұзды жұрт қуана-қуана береді, – дейді. Сол кезде Наушаруан:

– Ей, уәзірім, мынаны жақсылап тыңда, жадыңнан шығарма. Егер мен елдің жалғыз жұмыртқасын ақысыз алсам, сендер қиянатпен тауығын сойып жейсіңдер. Бір алманы тегін жесем, сендер алма ағашын түп-тамырымен тартып аласыңдар. Есінде болсын, басшының істегенін қосшы өзіне үлгі қылады. Ұсақ-түйек заттың да ақысын төлеңдер. Қиянат қылдай істен басталады дейді.

Наушаруанның «әділ» атағы халыққа таралып, байдан теңдік көрмегендер соған баратын болған. «Тұз да болса, тегін алма» деген тыйым Наушаруан кезінен басталды. Қазақтағы «көршіден ақысыз тұз алсаң, араларын бұзылады» деген ырымнын шығу төркіні осында деседі.

Санжар Керімбайдың «Салт-дәстүрлер сөйлейді» кітабынан алынды.

https://turkystan.kz/article/218214-tuzdy-tegin-berme-ormekshinin-toryn-buzba-kazak-yrym-tyyymdarynyn-tusiniktemesi/

Leave A Reply

Your email address will not be published.