Тұңғыш Президент кітапханасында халықаралық форум өтті

100

Бүгін Тұңғыш Президент кітапханасында Бірінші Дүниежүзі қазақтары құрылтайының 30 жылдығына арналған «Қазақ елі: өсіп-өркендеудің тұжырымдамалық негіздері және жаһанданған әлемге бейімделу» халықаралық форум өтті.

Бұл іс-шараның өткізілуі қазіргі қазақстандық қоғам өмірінің барлық саласындағы өзгерістердің динамизмімен, Қазақ елін одан әрі дамытудың тұжырымдамалық мәселелеріне және жаһандық әлемге отандастардың бейімделу мәселелеріне қызығушылықтың артуына байланысты.

«Осыдан 30 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы әлемнің шар тарабына тарыдай шашылып кеткен миллиондаған қазақ бауырлармыздың жүрегінде үміт отын жақты. Бастапқы ұлы көшке ілесіп, тарихи отанымен қауышқан кездегі қандастарымыздың көзіндегі жасты көргенде егілмеген жан қалмаған шығар. Қазақ халқы тағдырдың талай тауқыметін мойымай көтеріп, бастан кешті. 30 жылдың ішінде ғасырлық маңызы бар қаншама игілікті істер атқарылды. Еліміздің өсіп-өркендеуіне, әлемге танылуына атажұртына оралған қандастарымыз да өз үлесін қосып, хал-қадерінше атсалысуда. Алыста жүрген ағайынның да елге деген сүйіспеншілігі, ұлтына деген құрметі күннен күнге артпаса, кеміген жоқ. Алайда бүгінгі әлемдегі жаһандық саяси оқиғалар мен экономикалық ахуал – халқымыздың алдында тұрған үлкен сынақ. Биыл қасиетті Ұлытау басында өткен Ұлттық құрылтайдың барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жаңа Қазақстан стратегиясы елімізге бұл жаһандық қауіп-қатерлерге сүрінбей өтіп, бірлігіміз бен даналығымыздан айырылмай, табысты және тұрақты дамуының ұзақ мерзімді перспективаларына жетуге мүмкіндік береді», – деді ашылу сөзінде ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Тұңғыш Президент кітапханасында халықаралық форум өтті

Форум барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтау сөзі оқылды.

«Баршаңызды Дүниежүзі қазақтары құрылтайынының 30 жылдығына арналған форумның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қаншама қиын-қыстау заманды басынан кешкен қазақ халқының тәуелсіздікке қол жеткізе салысымен қолға алған игі істерінің бірі – туған мекенінен жырақ кеткен қандастарын тарихи отанына қайтаруы еді.  Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы – атажұртты аңсаған қаншама жанның жүрегінде шемен боп қатқан шерді тарқатты, ұлттың рухын көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді», – деп атап өткен болатын.

Тұңғыш Президент кітапханасында халықаралық форум өтті

Сондай-ақ Президентіміз соңғы уақытта бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, жандандыруға шақырды. Бұл іс-шара әлемдік үдерістердің аласапыранында қазақ ұлтының жасампаздығы жолындағы алдағы мақсат-міндеттерді айқындауда айрықша маңызға ие.

«Алыста жүрсек те атажұртта болып жатқан барлық оқиғаларға көңіліміз алып, құлағымыз ілініп тұрады. Бүгінгі таңда Қазақстанда жүргізіліп жатқан саясатты толықтай қолдаймыз. Осы игі бастамалар еліміздің одан әрі қарқынды дамуына септігін тигізетініне кәміл сенемін. Қазақстанның шетелде тұратын отандастарына көрсеткен қолдауы үшін алғысымызды білдіреміз. Өскелең ұрпаққа этникалық тамырларын ұмытпауға көмектесіп, бірлігімізді нығайту жолында еңбек етуге әрдайым дайынбыз», – деп Париж қаласындағы қазақ диаспорасының (Франция) өкілі Абдулсамет Алтай өз пікірмен бөлісті.

«Бүгінгі халықаралық форумды ұйымдастыруға ат салысқан тұлғаларға және барлық келген қатысушыларға Еуропада тұратын қазақтарынан алғысымызды білдіреміз. Дүниежүзі қазақтары құрылтайы өткен ғасырдың 90-жылдары алғаш рет өткізілді. Онда шетелде өмір сүріп жатса да, тарихи Отанына жан ашып жүрен азаматтардың басы қосылып, біраз мәселе талқыға салынды.Бүгінде де біздің ұсыныстарымыз аз емес. Бастысы, ұлт өкілдері, әсіресе жастарымыз тамырынан ажырамас үшін ана тілінен алыстап қалмау керек. «Тілді сақтау – ұлтты сақтау», сондықтан тіл мәдениетін үйрететін іс-шараларды көбірек ұйымдастыру маңызды.  Бұндай бастамалар ең алдымен мемлекет тарапынан қолдау табу қажет», – деді Еуропа қазақтары қауымдастығының және Кельндегі қазақ мәдени орталығының (Германия) төрайымы Садие Сүрер Кушчу.

Тұңғыш Президент кітапханасында халықаралық форум өтті

«Қазақстан қандастарын өз Отанына қайтару саясатын дәйекті түрде жүргізіп келе жатқан әлемдегі алғашқы он елдің қатарына кіреді. Тәуелсіздік таңында басталған дүние жүзіндегі қазақтарды топтастыру жұмысы өз жалғасын тапқанына өте қуаныштымын. Бүгінгі іс-шара соның айқын дәлелі. Пандемиядан кейінгі кезеңде өтіп жатқан халықаралық мәртебеге ие бұл Форум әлемнің түрлі жерлерінде тұратын қазақ ұлты өкілдерінің бірлігін нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», – «Қазақ елі» журналының редакторы, КАТЕАD қазақ қауымдастығы ұйымының (Түркия) жетекшісі Ертолқын Гайнетуллах атап өтті.

Тұңғыш Президент кітапханасында халықаралық форум өтті

Іс-шара барысында қатысушылар I Дүниежүзі қазақтары құрылтайының алғышарттарын, ұйымдастыру мен өткізу тарихын, оның маңызы мен нәтижелерін, сондай-ақ қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және қазіргі сын-тегеурін мен қауіп-қатер жағдайында ұлтты ұйыстырудың одан арғы перспективаларын талқылады.

Тұңғыш Президент кітапханасында халықаралық форум өтті

Сонымен қатар форумда Еуропа қазақтары қауымдастығының негізін қалаушы (Франция) Әбділқайым Кесіжі, Монғолия-Қазақстан достығы қауымдастығының (Моңғолия) төрағасы Бакей Ағыпарұлы, Сібір қазақ мәдени орталығының (Ресей) төрайымы Алтынай Жүнісова, Халықаралық «Қазақ тілі» орталығының (Ресей) жетекшісі Сауле Тайкешова, «Омбы қазақтары» Омбы аймақтық қоғамдық ұйымының (Ресей) негізін қалаушы Торғын Ашенова, «Омбы қазақтары» Омбы аймақтық қоғамдық ұйымының (Ресей) басқарма төрағасы Қуаныш Елеутаев, Магас қаласындағы Қазақ диаспорасының (Ингушетия, Ресей)  жетекшісі Клара Костоева, Нерюнгри қаласындағы қазақтар қауымдастығы (Саха Республикасы, Ресей) төрағасының орынбасары Әлия Петрова, Шыршық қаласындағы қазақ мәдени орталығын (Өзбекстан) құрушы Жаксылық Жорықбаев, Қырғыз Республикасы Қазақ ассоциациясының (Қырғызстан) төрайымы Гүлшат Асылбаева, Дания қазақтарының мәдени орталығын (Дания) ұйымдастырушы Хаджи Аюби, Монғолия қазақтарының тілі мен мәдениетін қолдау одағының (Моңғолия) төрағасы Нұрболат Өнерханұлының, сондай-ақ отандық және шетел ғалымдар мен мәдени қайраткерлерінің баяндамалары тындалды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.