Туған жердің тау-тасы тұнған тарих

1 269

Қасиетті қорымда кімдер жатыр?

Шолақтың тауының бөктерінде орын тепкен Қотырбұлақ әулие бұлағы туралы білетіндер бұл күнде кемде-кем. Әулие бұлақтың басында атақты адамдардың жерленуі талай сырды бүгіп тұрғандай әсер қалдырады. Қаратаулық кәсіпкердің демеушілігімен бұлақ басына қойылған белгітасқа: «Қотырбұлақ әулие бұлағы: Мысыр ата, Ықылас ата, Жылқышы ата, Кәрім ата, Шахан ата, Шынжырлы ана, Жібек ана, Мизір ана, Мамық ана» деп жазылған. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда Қотырбұлақ әулие, әрине, оның есімі емес. Сол сияқты Мысыр ата да VІІІ-ІХ ғасырларда Мысыр елінен келген сахабалардың бірінің лақап есімі болуы мүмкін. Өзге ататектер сол дәуірлерде өмір сүрген қасиетті бабаларымыз бен аналарымыздың есімдері шығар. Аталған кісілердің зираттары Қотырбұлақ әулие бұлағының жоғарғы жағындағы Шолақтың тауының етегінде. Мыңдаған жылдар бойы қасиетті кісілердің есімдерінің елдің есінде сақталуына қарағанда, бұл өңірдің тарихының аңызға толы екендігі таңғалдырады.
Тағы бір қызығы, Шолақтың тауымен жалғасып Кебекқашқан тауы жатыр. Кезінде белгілі ғалым Кеңесбек Түменбайұлынан ол жайлы аңыз-әңгіме естіген едім. Қалмақтардың бір түменінің әскербасысы Кебек пен қазақ қосындарының әскербасылары Қойгелді және Хангелді батырлардың сарбаздарымен болған қанды шайқаста қалмақтар ойсырай жеңіліп, жан сауғалап қашқан көрінеді. Содан бастап ол жер Кебекқашқан сайы деп аталады дегенді айтқан еді көкірек көзі ашық, құймақұлақ ағайымыз. Кебекқашқан тауының бөктерінде бүйрекке ұқсас төбешіктен, яғни, Бүйрекбас таудан тас дәуірінің құралдары табылыпты.
Сонымен қатар, Арбатастың да өзіндік тарихы бар. 1757 жылы қазақтар мен қытайлар жоңғарлар ордасының шаңырағын ортасына түсірген соң Қолбасшы Қойгелді батыр қандыкөйлек досы Хангелдіні бауыр тұтып, өзеннің тұла бойын мекені етуге пәрмен берген. Міне, содан бері үш ғасыр өтті. Орта жүздің уақ тайпасының бір бұтағы осы төңіректі жайлап отыр. Білгенге бұл да үлкен ғибратты өнеге деп ойлаймыз. Және де Жуалы ауданының Шақпақ ата, Қошқар ата деп аталатын жерлерінде жоңғар шапқыншылығынан кейін Орта жүздің абақ керейінің бір бұтағы да мекендеп қалды деп естіп едім. Осы туыстыққа қарап, қазақтың текті халық екендігін мойындасақ керек.

Ата-бабадан қалған алтын-күмістер қайда?

Аңыз-әңгімелерді жиыстыру барысында Жуалы ауданындағы Билікөл ауылының тұрғыны Нұрманбек Рыспаев ақсақалмен әңгімелесудің реті келді. Жетпіс алты жастағы қарияның айтуына қарағанда, ғұмыр бойы мал баққан. Берікқара өңіріне қатысты деректерден де құралақан емес. Сол кісіден Берікқара шатқалының жоғарғы жағындағы Кіші қалмақ қора, Үлкен қалмақ қора сайлары туралы білдік. Сол маңайда Шегір қамалы болғанға ұқсайды. Қазір оның орнында үлкен қорым бар. ХVІІІ ғасырда Шегір тайпасының жұртын жоңғар қалмақтары түгін қалдырмай қырып салыпты. Кеңес өкіметі орнаған соң ұжымдастыру кезінде қорымды белсенділер бұзып, егістікке айналдырған. Сол жерде Белі бұлақ деген су көзі бар. «Онда қорымды қоритын айдаһар болыпты-мыс» деп естідім дейді ол кісі. Ақсақалдың айтуынша, колхозшылардың еккен егіні шықпаған. Кейіннен алма бағын жасаған, ол да өнім беріп оңдырмапты. Сонда менің әкем: «Бұл жер қасиетті жер, сондықтан абайлап жүріңдер» деп отыратын дегенді айтты ол.
– 11-12 жасар кезімде Жұрындысайда қыстадық. Сол жағымызда Шымырбай датқа сайы, оң жағымызда Берікқара сайы орналасқан. Малды таудың етегіне қарай жаятынбыз. Бірде сол жердегі қорымдардың маңайынан төбешіктің үстіне отырып, тасты аршығаным бар. Аршитын себебім, Мәскеуден, Ленинградтан ғалымдар келіп, Берікқара обаларын қазып, одан бағалы заттар тауыпты деп еститінмін. Балалық әуестікпен мен де қазына іздеуге кірістім. Қазып отырғанда қолыма киіздің ұшы түсті. Жайлап тартсам, киізбен қоса өңделген тастар шықты. Әлгілерге қызыққаным соншалықты «Қарындастарым ойнайды» деп алты данасын күпәйкемнің қалтасына салып алдым. Тағы да қызығушылығым оянып, әлгі жерді тереңдете қаздым. Көп уақыт өтпей, тағы да киізге оралған ауыр затты аршып алдым. Баламын ғой, әлгілердің күміс екенін білмеппін. Ауылға әкелгенімде: «Мынаны қайдан тауып алдың? Таза күміс қой» деп ауыл адамдары мені ортаға алды. Білгенімді айттым. Мені алдарына салып, әлгі жерге қайта барып, көп күміс алып қайттық. Үлкендер бұл жерде алтын болуы мүмкін деп жүрді. Көп кешікпей тағы бір жерді шұқылап қазып жүріп, құндаққа салынған, ұзындығы 2 метрлік затты тауып алып, үйге әкелдім. Атам оны көріп: «Шырағым-ай, бұл сұпы ғой» деді. Сұпыны біліппін бе? Атам әлгі затты ақ матаның үстіне қойды да тізерлеп отыра қалып, құран бағыштады. Оқып болысымен құндақтан бір нәрсені суырып алды. Қарасақ, жүзі жалт-жұлт еткен алдаспан қылыш болып шықты. Атам: «Бісміллә» деп әлгі қылышты қынына қайта салды. Көп кешікпей өзі атына мініп, сұпыны алып, таудың ішіне кіріп кетті. Содан үйге қас қарая оралып: «Қарақтарым, әлгіні сендер де көрген жоқсыңдар, мен де көрген жоқпын» деп әңгімені қысқа қайырды. Сірә, ол кісі қасиетті қаруды бір жерге жасырып, қайтадан көміп кеткен болуы керек. Кейін атам өмірден өткен соң, ауылдастары болып қанша іздесек те сұпыны таппадық, – дейді Н.Рыспаев.
Ақсақалдың әңгімесін естіп, біз де таңғалдық. Осы төңіректі геологтар жиі аралайтын көрінеді. Олардың айтуынша, Шымырбай сайында қорғасынның мол кені бар. Арбатастың бойында алтын болған деп те айтып жүреді. «Таудың біз білмейтін құпиясы қанша. Ел арасында Берікқараның байлығы деген аңыз бар. Ол аңыз тегін айтылмаса керек-ті», дейді Нұрманбек ақсақал.
Тағы да ол кісіден Берікқара шатқалына қазына іздеушілердің жыл құрғатпай келіп-кететінін де естідік. Ал, өткен ғасырдың 40-50 жылдары Мәскеудің ғалымдары Берікқара обаларын қазып әкеткен асыл бұйымдар сол жақтағы музейлерде сақтаулы тұр дейді білетіндер.

Сәулембай Әбсадықұлы,
ҚР үздік өлкетанушысы,
Талас ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.